Әрине, бұл жылдар бізге жеңіл тимеді. Әлеуметтік, экономикалық, ауылшаруашылық, құрылыс және басқа да бар саланың кірпішін қайта, жаңа бағытта қаладық. Соның ішінде отандық медицинаға да біршама өзгеріс енгіздік. 29 жыл ішінде мемлекетіміздің қалыптасып, әлемнің бетке ұстар дамыған елдерінің қатарынан көрінгені – мен үшін мақтаныш.
Осыдан бірнеше күн бұрын Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың бір топ ғалымдары көп жылдық еңбегі үшін жоғары дәрежелі марапатқа лайық болып танылды. «Инновациялық жасушалық технологияларды әзірлеу және клиникалық медицинаға енгізу» атты жұмысымыз әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бұл жасушалық технологияның пайда болып, дамуы, оның қолдануы, емінің әдістері мен нәтижелері көрсетілген үлкен еңбекті қамтиды.
Бүгінгі таңда қазақстандықтар Еуропа мен Азияның медицинасы деңгейінде ем ала алатынын айта аламыз. Осыдан үш онжылдық бұрын емханаларда ауруды емдеу, оның алдын алу және диагностикалауда қолданылмаған тың құрылғылар пайда болды. Біздің мамандар шетелдің үздік клиникаларында біліктілігін арттырып, оқып, тәжірибе алмасуға барып жүр. Осының арқасында отандастарымыз жүрекке, миға, жаңа туған нәрестеге жасалатын күрделі оталарды теңіз аспай, өз елімізде жасай алатын жағдайға жеттік.
Биыл әлем медицинасы үшін ауыр жыл болды. Cоvid-19 күтпеген жерден пайда болып, өз ізін қалдырды. Дегенмен біз оған тосқауыл бола алдық. Аз уақыттың ішінде орталықтың дәрігерлері мен медбикелері күнделікті жұмыстарынан ауып, шұғыл режімге қосылды. Үш ай бойы олар ауруханаға түскен әрбір науқасқа жоғары деңгейде медициналық көмек көрсете білді. Үйлеріне бармай, ата-анасын, жұбайлары мен жарларын, балаларын көрмей тынымсыз еңбек етті. Ұжымның топтық жұмысы арқасында жүздеген өмір құтқарылып, науқастар аман-есен үйлеріне оралды.
Пандемияға қарсы күресте мемлекеттің зор қолдауын сезіндік. Әр бастамамызды қолдап, жетіспеген медициналық құрылғыларды тез арада сатып алу, жеткізу сынды мәселелерде қол ұшын созды десек болады.
Абай БАЙГЕНЖИН,
Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың басқарма төрағасы,
Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері