Суреттерді түсірген – Азамат ҚҰСАЙЫНОВ
Алқалы жиынды ашқан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов өткен жыл әдебиетіміз үшін толайым табысқа, жаңа туындылар мен жарқын есімдерге толы болғанын атап өтті. Жазушылар одағының 2025 жылы атқарған ауқымды жұмыстары туралы арнайы әзірленген бейнематериал көпшілік назарына ұсынылды. Онда бір жыл ішінде жүзеге асқан әдеби бастамалар мен мәдени жобалар кеңінен қамтылған.
Мінберге көтерілген қаламгерлер ел әдебиетінің өзекті бағыттарына тоқталды. Нұрдәулет Ақыш Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Жазушылар одағы арасындағы серіктестік аясында жүзеге асып келе жатқан үш бірдей жобаның маңызын тарқатса, Жүсіпбек Қорғасбек «Түркі әлемінің әдебиеті» жобасының әдеби кеңістікті кеңейтудегі орнын айрықша атап өтті. Ал Жанар Әбдішова одақ жұмысына жалпылама шолу жасап, кейінгі жылдары атқарылған ілкімді іс пен тың бастамаға тоқталды.
Сөз алған қаламгерлер кітаптардың жарық көруі мен қаламақы мәселесінің біртіндеп оң шешім таба бастағанын атады. Дегенмен олар қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге шығаруға шетелдік аудиторияға ұсынылатын шығармалардың аударма сапасына ерекше мән беру қажеттігін де ашық қозғады. Бұл уақыт талабы, руханият алдындағы жауапкершілік екені баса айтылды.
Жиынның ғылыми-танымдық бөлігінде мазмұнды баяндамалар оқылып, әдеби үдерістің жаңа бағыттары сөз болды.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова «Қазақ тілінің ұлттық корпусы және оның жазушылар ішкорпусы – ұлттың эстетикалық санасын қалыптастыру құралы» атты тақырыпта ой қозғап, тіл мен әдебиеттің цифрлық кеңістіктегі рөлін саралады. Ал «Кітап елшілері» бастамасының негізін қалаушы Бекнұр Кисықов оқырман мәдениетін қалыптастырудағы жаңа тетіктерге тоқталып, кітап оқуды насихаттаудың заманауи үлгілерін ұсынды. Өз кезегінде Айнұр Ахметова әдеби шығармашылық пен сын саласында жасанды интеллектіні қолдану мәселесін көтеріп, оның мүмкіндіктері мен қатерлерін саралады. Бұл тақырып жиынға қатысушылар арасында ерекше қызығушылық тудырып, қызу пікір алмасуға ұласты.
Әдебиет кеңестері аясындағы баяндамалар бүгінгі сөз өнерінің тынысын таразылап, бағыт-бағдарын айқындаған салмақты ой алаңына айналды. Мәселен, проза кеңесі бойынша сөз алған Серік Елікбай «Бүгінгі қазақ прозасы туралы сөз» атты баяндамасында қазіргі қаламгерлердің көркемдік ізденісі мен тақырыптық аясын саралап, прозадағы жаңа бағыттарға тоқталды. Ал поэзия кеңесінде Болат Шарахымбай 2025 жылғы қазақ поэзиясының табысы мен кемшін тұсын таразылап, өлеңдегі мазмұн мен форма мәселесін тереңнен қозғады.
Балалар әдебиеті кеңесінде Асылан Тілеген жас оқырманға арналған шығармалардың көркемдік деңгейі мен тәрбиелік мәнін сөз етсе, сын кеңесінде Алмасбек Мәуленов әдеби сынның бүгінгі ахуалы мен оның қоғамдағы рөлін айқындап берді.
Аударма кеңесінде Дәулетбек Байтұрсынұлы әдеби аударманың әлемдік мәдени байланыстарды нығайтатын алтын көпір екенін атап өтсе, шетелдегі қазақ әдебиеті бойынша Сламқат Сейітқамза сырттағы қандас қаламгерлердің жетістіктерін тілге тиек етті.
Сатира жанрының бүгінгі тынысын Олжас Қасым саралап, жаңа дәуір талаптарына сай өзгерістерге тоқталды. Ал деректі прозаның маңызы туралы Абай Мауқараұлы «болашақ тарихтың негізі» ретінде бағамдап, бұл жанрдың жауапкершілігін айрықша атап өтті. Баяндамада Қайсар Әлімнің «Міржақып Дулатұлы» және «Атылуын күткен алты күн» кітаптары жақсы бағаланып, басқа да бірқатар еңбегі танымдық қырынан аталды.
Жастар прозасы бойынша Әлішер Рахат жас қаламгерлердің ізденісі мен қалыптасу жолын сөз етсе, поэзиядағы буын сабақтастығын Ерғали Бақаш «Поэзия жасқа қарай ма?» деген сауал төңірегінде өрбітті.
Орыс әдебиеті кеңесінде Светлана Ананьева әдебиеттің мәдениетаралық байланыстағы орнын талдап, көпұлтты кеңістіктегі рухани сабақтастыққа назар аударды. Драматургия саласындағы мәселелерді Жақсылық Мұратбек көтеріп, отандық драматургияның бүгінгі беталысы мен келешегіне ой жүгіртті.
Ал фантастика, детектив бойынша Темірболат Ахметов детектив жанрының қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы рөліне мән берсе, ұйғыр әдебиеті кеңесінде Шавкат Назаров ұлттық әдебиеттің өзіндік болмысын кеңінен әңгімеледі. Осылайша, жанр-жанрға бөлінген мазмұнды баяндамалар әдебиеттің сан қырлы табиғатын ашып, әр саладағы түйткілдер мен мүмкіндіктерді айқындап берді.
Әдеби басқосу барысында жыл бойы үздік шығармаларымен дараланған қаламгерлер марапатталып, руханиятқа сүбелі үлес қосқан авторларға құрмет көрсетілді. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының биылғы иегерлері қатарында әдебиетке үлес қосқан қаламгерлер, жаңа туындыларымен танылған жас авторлар, сондай-ақ әдебиетке жанашырлық танытып жүрген белгілі меценаттар бар.
Атап айтқанда, Жаңылхан Асылбекова, Қанағат Әбілқайыр, Баян Болатханова, Ерболат Баят, Сәбит Дүйсенбиев, Алтыншаш Жақиянова, Захардин Қыстаубаев, Жұмабай Қайранбай, Бижан Қалмағанбетов, Дархан Қыдырәлі, Батырбек Мырзабеков, Мәжит Әкбар, Нұрымжан Мауыт, Мақсат Мәлік, Серік Нұғыман, Сламқат Сейітқамза, Қанат Сәнік, Айнагүл Садықова, Айтбай Сәулебек, Бекет Тұрғараев, Дулат Тастекеев, Иминжан Тохтияров, Фархат Тамендаров, Бауыржан Халиолла, Гүлнәр Шәмшиева, Анар Шамшидинова, Ермахан Шайхыұлы, Ырысбек Дәбей, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Айзат Рақыш сынды азаматтар осынау мәртебелі сыйлыққа лайық деп танылды.
Сондай-ақ балалар әдебиеті мен жасөспірімдерге арналған шығармаларды қолдауға бағытталған Халықаралық «Ер Төстік» әдеби сыйлығы да өз иелерін тапты. Бұл марапатқа Ертай Айғалиұлы, Дәнеш Ахметов, Қайрат Бестібаев, Дағжан Белдеубай, Бауыржан Ғұбайдуллин, Болат Дәулетов, Сайлаухан Жоланов, Ғалымбек Жұматов, Шымкентбай Жылмағанбетов, Гүлбақыт Қасен, Авут Мәсимов, Сәли Садуақасұлы, Бүбішхан Тікебаевалар ие болды.
Бірқатар қаламгерге «Қазақстанның құрметті жазушысы» атағы беріліп, олардың ұзақ жылғы еңбегі мен әдебиетке қосқан үлесі жоғары бағаланды. Бұл марапатқа Абдылдажан Акматалиев, Талапбек Азанбайұлы, Илахун Жалилов, Сарманбай Исақов, Тынымбай Карин, Өмір Кәріпұлы, Мұхтар Қазыбек, Бекшүкір Қаршалов, Әлібек Қаңтарбаев, Михаил Юхма ие болды.
Әдеби жыл қорытындысына арналған ауқымды шара келесі күні Жазушылар одағы ғимаратында жалғасын тапты. Бұл күні жанрлық секциялар аясында нақты мәселелер талқыланып, өңірлік филиал директорлары мен өкілдердің есептері тыңдалып, алдағы жылға арналған жоспарлар сараланды.
АЛМАТЫ