Сырдағы күріш жүйелеріндегі ауыспалы егіс негізінен сегіз танапты. Дария суы мол кезде күріштен мейлінше көп өнім жинау мақсатында ауыспалы егістің басым бөлігіне күріш егілді. Бұл топырақ құнарының төмендеп, егістік алқаптардың тұздануына әкеліп соқтырды. Әрине, жылдар бойы аймақтағы басты өнім саналып келген күріш – елдің ортақ несібесі. Бірақ кейінгі кездегі су тапшылығы өңірдің брендіне айналған өнімнің болашағын бұлыңғырлап тұр. Осыған байланысты ғалымдар ауыспалы егістегі күріш үлесін 25-37,5 пайызға дейін төмендетіп, босаған танаптарға әртараптандыру дақылдарын орналастыруды ұсынып жүр.
«Біздің пайымдауымызша, әртараптандырудағы басты талап – өнімділігі жоғары болып, әр гектардан алынатын таза пайда күріштен кем түспеуге тиіс. Қазіргі құрғақшылыққа төзімді, топырақ тұздылығын төмендетіп, оның агрохимиялық және агрофизикалық қасиеттерін жақсартатын дақыл болуы керек. Аймақтың табиғи-климаттық жағдайына бейімделген ауылшаруашылық дақылдары ауыспалы егісте жақсы өскенмен, жоғары экономикалық көрсеткіштерді қамтамасыз етпегендіктен кең таралмай отыр. Өңірдің тұзды топырағын қалыпқа келтіріп, дәнді дақылдар өндірісі мен мал шаруашылығын өркендетуде шығыны аз, шығымы көп құмай дақылының орны бөлек», дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің зерттеуші-профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Ибадулла Таутенов.
Суды аз тұтынатын дақылдарға жататын құмай топырақтың мелиоративтік жағдайын жақсартудан бөлек, шөлейтті өңірде тамақ өнеркәсібін дамытуға дем береді. Жергілікті ғалымдар оны өсірудің экономикалық жағынан өте тиімді екендігін дәлелдеп, «Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтына» да ұсыныс берген. Қызылорда нан зауытында құмай дәні ұнын бидай ұнына қосып, өнім шығару жоспарда бар. Құмай ұнын қосқанда кәдімгі бидай ұнынан иленген қамырдың қолға жабыспайтыны байқалған. Мұндай нан әсіресе егде кісілердің ағзасы үшін пайдалы. Жергілікті шаруа қожалықтары арасында құмай өсіруге құлықты кәсіпкерлер де аз емес. Егер өндірістік жағдайда дақыл өнімділігі мен өнім сапасы ойдан шығып жатса, оны терең өңдеу, дәнін, өңделген өнімдерін экспортқа шығаруға мүмкіндік бар, себебі әлемде құмай өнімдеріне сұраныс жоғары.
Тамақ өнеркәсібі, биоэнергетика және жемшөп өндірісінде орны бөлек дақыл дәнінің құрамында 75 пайызға дейін крахмал, 12-13 пайыз протеин мен 3,5 пайыз май бар екені анықталған. 2012–2014 жылдары зерттелген орта азиялық қант құмайының сорттары мен сорт үлгілері арасынан далалық шығымы және жасыл масса өнімділігі жоғарылары іріктелді. Осылайша, жергілікті жағдайда жүргізілген экологиялық сорт сынау нәтижесінде жеке сұрыптау арқылы қант құмайының жаңа «Кешен» сорты шығарылды. Өсіп-өну мерзімі бойынша кеш пісетін сорттарға жататын одан екі орымда гектарынан 60 тонна жиналып, дән өнімділігі 5,2 тонна болды.
Университет ғалымдары жүргізіп жатқан экологиялық сорт сынауға Индияның Хайдарабад өңірінде орналасқан ИКРИСАТ халықаралық ұйымы, Ресейдің «Россорго», Краснодар өлкесінің «Агроплазма», Мажарстанның Аlfaseed фирмалары, Өзбекстан ғылыми-зерттеу ұйымдары, сондай-ақ «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы» ҒЗИ, А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы, Өсімдіктер генетикалық қорының Н.Вавилов атындағы Арал өңірі тәжірибе стансасы коллекцияларынан дәндік құмайдың 40-тан астам сорты алынды.
Танаптық тәжірибе жағдайында Мажарстанның «Скарлет», «Премиум», «Россорго» мекемесінің «Кахалонг», «Тамараж», «Агроплазма» компаниясының «Самурай», «Самбур», «Сократ» сорттарынан гектарына орта есеппен 4-5 тонна аралығында дән мен 6,5-7 тонна шөп жиналып, аймақтың ерекше табиғи-климаттық жағдайына бейімін көрсетті. Құмайдың күн қатты ысып, топырақ кеберсіген кезде жапырағын жиып, анабиозға түсіп, ылғал жеткен сәттен тіршілігін қайта жалғастырып кете беретін де қасиеті бар.
Бүгінде ғалымдар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Инженерлік бейіндегі талдау зертханасымен бірлесіп, құмай дәнінен биоэтанол алу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Дәндік құмайдың өсіру технологиясын терең зерттеп, тұқым шаруашылығын дұрыс ұйымдастырған жағдайда, бұл дақыл күріш ауыспалы егісінде топырақ тұздылығын төмендетіп, азық-түлік, мал азығын өндіру үшін өсіруге қолайлы әртараптандыру дақылы болатынына сенім мол.
«Аграрлық технологиялар» білім беру бағдарламаларының меңгерушісі, PhD Серік Бекжановтың айтуынша, құмай дақылын егіп, жинау барысында кәдімгі күріш өндірісіне пайдаланатын техника жарайды. Жылдан жылға дария деңгейі төмендеп, ауа ылғалдығы азайып келе жатқан аймақта суды аз «ішетіне» қарай жер жүзінде «өсімдік әлемінің түйесі» атанып кеткен құмай алқаптарын көбейткеннен ұтылмайтынымыз анық.
Қазір Үкімет ғылыми жетістіктер көрсеткішін аймақтарды дамыту жоспарларына енгізуді көтеріп отыр. Осыған байланысты жергілікті ғалымдар тиісті орындарға ұсыныс берген. Олар бастама қолдау тауып, әртараптандыру бағытында өңірде тағы бір қадам жасаларынан үмітті.
Қызылорда