Жастар • Бүгін, 08:28

Жауапты ұрпақтың жасампаз қадамы

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Жаңа Ата заң – еліміздің, әсіресе жас­тардың темірқазығы». Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың референдум­да дауыс бергеннен кейінгі брифингте айт­қан бұл сөзі өскелең ұрпақтың мемле­кет бо­лашағындағы орнын айқындай түсе­ді. Ен­деше, жастар конституциялық құнды­лық­тарды нығайтуға қалай үлес қоса алады?

Жауапты ұрпақтың жасампаз қадамы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Конституция – мемлекеттің құқықтық іргетасы ғана емес, қоғам мен билік арасындағы басты келісім. Оның жаһан­дық үрдіске сай жаңаруы не толықтырылып отыруы елдің саяси-құқықтық даму деңгейін көрсетеді. Осы бағытты ұстанған бас құжат шілденің бірінен бас­тап толық күшіне енеді. Ал оған дейін Парламент депутаттары бірқатар заң қабылдап үлгеруге тиіс.

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев бұл ретте жастарға да ай­рық­ша міндет жүктеліп отыр­ғанын айтады.

– Мемлекет жастарды қол­дап қана қоймай, оларды шешім қабылдау үдерісіне кеңінен жұмы­лдыруға басымдық береді. Мәселен, бүгінде мемлекеттік басқару ісіне тарту бағытында оң өзгерістер бар: мәслихаттар мен Парламентте арнайы квоталар енгізілген, мемлекеттік қызметте жас кадрлар артып келеді. Алайда бұл үдеріс әлі де жүйелі сипатқа толық ие болған жоқ. Осыған байланысты жастарды билікке тарту мазмұнды болуға тиіс. Референдум кезінде осы санаттағы азаматтар ерекше белсенділік танытты. Бұл ескеріліп, алдағы Құрылтай құра­мында олардың үлесін арттыру керек. Бірақ жас буында өз кезегінде нақты ықпал ететін, шешім қабылдайтын деңгейге көтерілуі қажет, – дей келе мәжілісмен жастар пікірінің ескерілуін қамтамасыз ететін нақты тетіктер қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.

Ата заң жастардың білім алуына, ойын еркін айтып, өзін дамытуға толық жағдай жасайды. Маңызды құжат жас ұрпаққа бағыт-бағдар сілтейді. Бұл туралы Мемлекет басшысы да бірнеше мәрте атап өтті. Яғни қазіргі жаһандық тұрақсыздық пен технологиялық өзгеріс тұсында ұрпақ болашағына кепілдік береді.

Д.Мұқаев бүгінгі жастар ертеңгі шешім қабылдаушылар, сондықтан мемлекет пен қоғам үшін тиімді модель тәжірибелі буын мен жас ұрпақтың үйлесімі екенін айтады. Тек осындай сабақтастық болған жағдайда реформалар тұрақты нәтижелі болады.

ап

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

– Біріншіден, жастар – рефор­малардың негізгі қозғаушы күші. Конституцияда айқындалған әділет, заң үстемдігі және адам құқықтарын қорғау сияқты құндылықтар дәл осы буын арқылы қоғамға терең сіңеді. Екіншіден, жастар – жаңа ойлау жүйесінің иелері. Олар ашықтықты, әділдікті, меритократияны талап етеді. Бұл талаптар конституциялық нормалардың өмірде нақты жүзеге асуына ықпал етеді. Үшіншіден, жастардың белсенді азаматтық ұстанымы – реформалардың табысты болуының басты кепілі, – дейді депутат.

Жаңа Конституцияда жастарды қолдауға бағытталған бірқатар маңызды норма қамтылған. Атап айтқанда, білім мен ғылымды дамытуға, инновациялық  бастамаларды жүзеге асыруға, волонтерлік қызмет пен жас мамандардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына жағдай жасау көзделген. Сарапшылардың айтуынша, бұл іргелі бастамалар жас ұрпақтың ел болашағына деген жауапкершілігін арттырып, өз әлеуетін туған жерде жүзеге асыруына жол ашады.

Осы орайда саяси сарапшы Ғазиз Әбішев жаңа Конституция ұзақмерзімді жоба, оны жүйелі жүзеге асыру міндеті неліктен жастардың еншісінде екенін былайша түсіндірді.

– Бұрын конституциялық өзгерістер биліктің жоғары жүйесінде шешіліп, қа­был­данатын. Биыл ел азаматтары құ­жат­ты жан-жақты бірлесе талқылап, ұсыныс­тарын ашық жеткізіп, кейін сайлау учаскелеріне барып, таңдау жасады. Өзгерістерге әркім өзінше еркін пікір білдіріп, дауыс берді. Демек Ата заң – жоғарыдан түскен пәрмен арқылы жасалған директива емес, қоғамдық диалогтің нәтижесі. Енді жас ұрпақ Конституция айқындаған қағидаттар аясында өмір сүреді. Сондықтан аталған әр құн­дылықтың орнығуына алдымен өзі қажет ететін болашақ үшін атсалысуы қажет, – дейді ол.

Мойындау керек, бүгінгі буын қайы­рымды істе шет қалмай, экологиялық бастамаларға белсенді қатысады. Оған қоса түрлі әлеуметтік жобаларды жасап, қоғамда пікірін ашық білдіруге ұмтылады. Жастар жанашыры Тоқтар Болысов мұның бәрі жаңа Конституциядағы азаматтық ұстаным, пікір алуандығы, ортақ жауапкершілік қағидаларының нақты көрінісі екенін алға тартады. Яғни кез келген реформа санада, ортада, қоғамдық тәжірибемен орнығатынын еске салды.

– Жастар – жаңа қоғамдық мә­дениеттің негізгі тасымалдаушысы. Егер олар «маған мемлекет не береді?» деген сұрақпен шектелсе, конституциялық мәдениет қалыптаспайды. Керісінше, «мен қоғамға не бере аламын?», «қалай елімнің дамуы­на үлес қоса аламын?» деген деңгейге көте­рілгенде ғана толық орнығады. Мысалы, білім алу құқығы – жай ғана диплом алу мүмкіндігі емес. Бұл – адамның өз әлеуе­тін ашуға, қабілетін мемлекет игілігі­не айнал­дыруға берілген мүмкіндік. Ал құжатта аталған отбасы ұғымын тек жеке өмірі емес, ұлт болашағының тірегі ретінде түсін­гені дұрыс. Себебі адам әділеттілік, сый­ластық, жауапкершілік, тәртіп сынды сезім­ді алғашқы институт осы отбасыда қалып­тастырады. Ізінше заң үстемдігі де жас­тар үшін абстрактілі ұғым болмауға тиіс. «Бәрімізге ортақ тәртіп бар» деген сана­ға өту қажет. Қазіргі «Таза Қазақстан» акция­сы – тек көшені, ауланы, табиғатты таза ұс­тау емес, адамның ішкі мәдениеті, ар таза­лығы, ниет тазалығы, әрекет тазалығы. Егер адам заңды айналып өтуді емес, заңды құрметтеуді таңдаса, ол өз құқығымен бірге жауапкершілігін де сезінсе, міне, бұл – нағыз тазалық. Осыларды ескерсек, жастардың үлесі құқықтық сауатты күшейтуде, қоғамдық бастамаларға белсенді араласуда, заң мен тәртіп қағидатын алдымен өзінен, кейін ортасында қалыптастыру арқылы көрінеді, – дейді Т.Болысов.

Кейде реформа үлкен мінберден емес, қарапайым ортадан басталады: оқу орнындағы адалдық, қоғамдық жерлерде тәртіпті ұстану, пікірталастағы мәдениет, отбасындағы жауапкершілік – бұлардың бәрі реформа. Егер біз жаңарған Ата заңды шын мәнінде өмірлік құндылыққа айналдырғымыз келсе, жас­тарды тек тың­даушы емес, спикерлер атап өткендей, сол өзгерістің белсенді қатысушысы, тірегі етуіміз керек. Де­мек конституциялық құндылықтарды нығайтуда жас буынның ықпалы ауадай қажет.

Соңғы жаңалықтар

Жылқы көбейсе – ел ырысы

Шаруашылық • Бүгін, 09:15

Жазатайым оқиға азаймай тұр

Мәселе • Бүгін, 09:00

Айтыс саңлағы

Руханият • Бүгін, 08:53

Өндіріс дамуының өзегі

Өндіріс • Бүгін, 08:43

Шығыны аз, шығымы мол

Аймақтар • Бүгін, 08:40