Қоғам • 05 Қаңтар, 2021

Денсаулыққа бейжай қарамайық

335 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деп дана халқымыз тектен-текке айтпаса керек. Адам – өз денсаулығының сақшысы. Кейде жалқаулығымыздың кесірінен денсаулығымызға немқұрайлы қарап, соңынан бармақ тістеп, өкініп жататынымыз да бар.

Денсаулыққа бейжай қарамайық

Сондықтан денсаулықты күту – ең әуелгі міндетіміз. Елімізде 18 млн-нан астам адам бар. Орташа өмір сүру жасы ерлерде – 57 жыл, әйелдерде – 72 жыл. Мұның бас­­ты себептері жүрек-қан тамырлары аурулары, онкологиялық өкпе ауруы, наркомандар, күйзеліске ұшырағандар, салауатты өмір салтының ережелерін сақтамағандар, суицид болып отыр.

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы елі­міз­дегі эпидемиялық жағдайға бай­ланыс­ты өз оқырмандарымен онлайн режімінде байланысын үзген емес. Оқырман қауымға қажетті мәліметтерін, керекті деректерін онлайн шаралар арқылы жүйелі түрде өткізіп отырады. Жуырда кітапханада «Жарақаттың алдын алу шаралары» атты ақпараттық сағат ұйымдастырылды. Іс-шара­ны өткізудегі мақсат – жас­өс­пірім­дерді жарақат алған кезде көр­се­тілетін алғашқы көмектің негізгі әдіс-тәсілдерімен таныстыру, адам­гер­шілік қасиет қалыптастыру, жара­қат­тануды болдырмау, алғашқы кө­мек көрсете білуге үйрету, еңбекке баулу, ең бастысы, денсаулыққа бей-жай қарамауға шақыру.

Іс-шара тақырыбына сай ден­сау­лыққа және абайсызда болатын жарақатқа байланысты көптеген мәлімет берілді. Жарақаттану тек балалар мен жасөспірімдерге ғана емес, барлық жастағы адамдарға тән. Жыл сайын әлемде әртүрлі жарақаттардың салдарынан 5 млн адам көз жұмады. Бұл шамамен жалпы өлім санының 9 пайызын құрайды екен. Әсіресе жарақат жаз, қыс айларында көптеп кездеседі. Іс-шара барысында тікелей эфирден тамашалап отырған оқыр­мандар жарақаттанудың бар­лық түрлерінің алдын алу шаралары туралы ақпараттандырылды. Со­ны­мен қатар жарақаттанудың күйік, үсік, сынық, улану, қан кету сияқ­ты түрлеріне тоқталып, жарақат алған жағдайда зардап шегушіге ал­ғашқы көмек көрсету жолдарымен танысты. Тақырыпқа сай кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге библиографиялық шолу жасалды. Кітапхана қорындағы денсаулық, жарақаттың алдын алу, алғашқы көмек туралы кітаптар мен бейнесюжет көрсетілді.

 

Шырайлым ҚҰДАСОВА,

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкері

 

АҚТӨБЕ