Руханият • 29 Қаңтар, 2021

Қазақтың Әлиясы

151 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қап-қараңғы аспаннан бір жұлдыз ағып түсті, бірақ сөнбейтін жарқыраған жарығы қалды. Әлия Молдағұлова қазақ бесігінде тер­бе­­ліп, қара домбыраның күйін қанына сіңіріп, елдің өткен-кет­кен тарихымен сусындаған, өл­мей­тін қазына қайнарын томаша­дай жүрегіне шырағдандай жа­ғып еді. Жиембет жыраудың ержүрек жары Есенқыздың ер­лі­гін ұқты ма? Дала дауылпазы Махамбеттің көтерілісіне он бес жасынан қатысып, құралайды көзінен ататын мерген әрі ақын Алмажанның батырлық қасиетін кеудесіне ұялатып, берік тұтты ма? Тарих қойнауындағы қанды қырғындарда қазақ қыздары ерлермен бірге туған жерін қорғай білді. Олардың есімдері қап-қа­раң­ғы түндерде де жұлдыз болып жанып, ерлік пен елдіктің киесін ұқтырды.

Қазақтың Әлиясы

Босағаға ілінетін таға, ер-тұр­ман, қажет десеңіз, жылқы­шы­ның құрығына дейін айықпас дерт­ті де емдеді. Жан ауруы мен тән ауруы­нан айықтырып, жаман­дықтың қара мысығынан сақтандыру да ұлт тәрбиесінің жемісі еді. Он­дай­да Аллаға сыйынып, о, әруақ деп қай­рат­танады, ұлы­лық­қа табынады, әруақ ақ жолға бас­тайтындай сезінеді. Тір­ші­лік­тің бұрқыраған қара дауылына да төтеп беруді туған жердің қасиетінен үйреніп, бү­кіл ұлттың мақтаны болуды армандады. Әлия қазақи қасиет­ті бойына сіңірді, бірақ сол асыл мақсатты сұрапыл соғыс, фашис­тер­дің дүниені дүрліктірген қанды қырғыны бұзды.

Бүгінгі елордадағы Әлияның биік тұғырдағы ескерткіш мү­сі­ні­не қарап, ерлік даңқы әлем­дік тарих­та алтын әріппен жазыл­ға­ны­на ұр­пақ, тірілер мақтанады.

Ақырет сотының фашистерді қалай жазалағанын әулие болсаң да білмессің, бірақ туған жер, туған ел, бүгінгі болашақты қор­ғау­­дағы ерлердің деректерін Бер­­линге барған сапарымда көзбен көріп, Әлияның елге жаз­ған соң­ғы хатын оқығанда, «Мұ­ны оқы­са, қаскөй жаудың да жү­ре­гі тебі­ренер еді» деп ойладым. «Ер­тең шабуылға шығам. Бірақ тірі орал­маймын. Мен қазақс­тан­дық­­пын, қазақ қызымын! Алтын ұям, байтақ қазақ даласына, халқыма дұғай сәлем! Қасық қаны қалғанша елін, жерін қорғаған батыр халықтың перзентімін. Тумақ бар, өлмек бар. Өкінішім 19 жыл-ақ ғұмыр сүрдім. Жастығымды аяймын. Елім ұлттық намысымды сақтағанымды ұқса жетеді... Қысқа ғұмырымды Отаныма арнадым, талай жауды сеспей қатырдым», деген мағынадағы хатты оқып, жа­ным­дағы жолсапар жетекшісі Эммаға:

– Гитлер не үшін соғыс ашты, ха­лық соғыстың ажал, бүлік, жау­гер­шілік, зұлымдық екенін біле тұра, неге оның соңынан ерді? – дедім. Ол кінәлі жандай тосылып тұрды да:

– Соғысқа дейін Германияда неше түрлі ауру, індет, жоқтық, жұ­мыс­сыздық жайлап, еңсе көтер­т­­педі. Тұрмыс тым ауырлады, өлім көп болды. Гитлер соғыс өнді­рісіне бүкіл қаржыны төгіп, ха­лықты жұмыспен қамтыды. Сая­саты жұмақ орнату, өзге елдің байлығын халқын қырып, жойып тартып алу болды. Науқас қоғамның науқас адамдарына екі дүние бірдей көрінді. Саясаттың бетін қайтарып, тиімді ақыл бере­тін топ тым аз еді, – деді.

Тосын зұлмат күш... Саясат... Бізде де еңбектеген баладан еңкей­ген кәріге дейін: «Біз тойлаймыз, тойлаймыз, фашистердің қо­лы­нан Тельманды алмай қоймай­мыз! Жеңіске жетіп тойлаймыз» деп әндетуші едік. Соғыстың мейі­рімсіз, қырғын екенін ұқтық. Май­дандағы ерлердің жеңімпаз хаба­рын естісек, асқа тойғандай жүзіміз жадыраушы еді. Әлия, Мәншүктердің батырлық атағын естігенде, төбеміз көкке жеткендей болатын-ды. Елдегі аналар дүниеге келген жас нәрестелері қыз болса, Әлия, Мәншүк атандырып, Шығыстың қос жұлдызы, қос қарашығымыз десетін-ді.

Әлия жұлдызы күн сөнгенше сөнбейді. Торғайлық майдангер қарт Ақан Ыбыраев: «Мен Әлияны бір-ақ рет көрдім, жанымыздан өтіп бара жатып, қазақ екенімді танып, амандасты да: «Жеңіспен елге оралғанша сау бол, батыр халықтың перзентін абыройдан жазбасын!» деген жалынды үні, бауырмалдығы, қалың көптің ішін­дегі бір қазақты көргеніне қуанышы есімнен кетпейді», – дегені жадымда жарық күндей өшпей қалды. Соңынан Әлия оққа ұшты дегенді естігенде, қабырға қайыса қайғырдық. Соғыс өрті кімді жалмамады, өкініші қалың ғой. Болашақ туралы асыл ойды үзді, сұлулықты, нәзіктікті аямады, үміт, сенімді де шайқады. Со­ғыс­та аяу, қайырым, мейірім бо­ла ма?! – деп өкінген еді. Сосын ауыр күр­сініп: «Қазақтың Әлиясы ғой?» деп күбірледі.

Бұл пікір Әлияны білетін талай майдангердің батырлықты ға­сыр­дан ғасырға жеткізетін, соған шү­кір­шілік ететін ықыласты үні еді.

Қазақ елінің барлық елді меке­нін­де қаламгерлік жолсапарда жү­ріп, майдангерлермен тілдесуде алды­мен «Бауыржан, Талғат, Рахым­жан, Әлия, Мәншүк­тер­мен кез­дес­тің бе?» деп сұрайтын едім. Сол әдетіме басып, Одес­са­да­ғы екі дүр­кін Кеңес Одағының Батыры атан­ған А. Алексеенкомен кездесіп, Талғат Бигелдиновтің жауынгерлік досының соғыстың басынан аяғы­на дейін бірге бол­ған­да, бастан кеш­кен оқи­ға­ла­рын айтқанын тың­дап отырып:

– Әлия Молдағұлова атты батыр қыздан хабарыңыз бар ма? – де­дім.

– Майдандық газеттерден ерлі­гін оқыдық, – деді де: «Мына кіш­кен­тай қызыңның аты кім?» деп мейірлі, жылы жүзбен қарады.

– Әлия.

– Бақытты болсын. Талғат досым майдан газетінен қазақтардың ер­лігі жайлы оқыса, аса қуанып, міне, біздің жігіттер мен қыздар­дың батырлығы дейтін-ді, – деді.

Майдангерлер сыры осылай.

Бүгінде қазақ елінде мың­даған Әлия есімі бар. Күніне миллион­да­ған Әлия деген сөз айтылады. О дүниеліктің есімін ауызға алған үл­кен сауап десек, қазақтың батыр қызы Әлия өлшеусіз сауапқа кене­ле­ді деңіз.

Майданның қап-қара түнінде ағып түскен жұлдыз жарығы қа­зақ елі­не өнеге шуағын шаша­ды. Айна­ламыздағы думан-дү­ние қызы­­ғын сол жұлдыздар болмаса көрер ме едік. Тыныштық аспанының қайғысын аға ұрпақ тартып, қуанышы бүгінгілерге бұйырғанына шүкіршілік!

 

Табыл ҚҰЛИЯС