Босағаға ілінетін таға, ер-тұрман, қажет десеңіз, жылқышының құрығына дейін айықпас дертті де емдеді. Жан ауруы мен тән ауруынан айықтырып, жамандықтың қара мысығынан сақтандыру да ұлт тәрбиесінің жемісі еді. Ондайда Аллаға сыйынып, о, әруақ деп қайраттанады, ұлылыққа табынады, әруақ ақ жолға бастайтындай сезінеді. Тіршіліктің бұрқыраған қара дауылына да төтеп беруді туған жердің қасиетінен үйреніп, бүкіл ұлттың мақтаны болуды армандады. Әлия қазақи қасиетті бойына сіңірді, бірақ сол асыл мақсатты сұрапыл соғыс, фашистердің дүниені дүрліктірген қанды қырғыны бұзды.
Бүгінгі елордадағы Әлияның биік тұғырдағы ескерткіш мүсініне қарап, ерлік даңқы әлемдік тарихта алтын әріппен жазылғанына ұрпақ, тірілер мақтанады.
Ақырет сотының фашистерді қалай жазалағанын әулие болсаң да білмессің, бірақ туған жер, туған ел, бүгінгі болашақты қорғаудағы ерлердің деректерін Берлинге барған сапарымда көзбен көріп, Әлияның елге жазған соңғы хатын оқығанда, «Мұны оқыса, қаскөй жаудың да жүрегі тебіренер еді» деп ойладым. «Ертең шабуылға шығам. Бірақ тірі оралмаймын. Мен қазақстандықпын, қазақ қызымын! Алтын ұям, байтақ қазақ даласына, халқыма дұғай сәлем! Қасық қаны қалғанша елін, жерін қорғаған батыр халықтың перзентімін. Тумақ бар, өлмек бар. Өкінішім 19 жыл-ақ ғұмыр сүрдім. Жастығымды аяймын. Елім ұлттық намысымды сақтағанымды ұқса жетеді... Қысқа ғұмырымды Отаныма арнадым, талай жауды сеспей қатырдым», деген мағынадағы хатты оқып, жанымдағы жолсапар жетекшісі Эммаға:
– Гитлер не үшін соғыс ашты, халық соғыстың ажал, бүлік, жаугершілік, зұлымдық екенін біле тұра, неге оның соңынан ерді? – дедім. Ол кінәлі жандай тосылып тұрды да:
– Соғысқа дейін Германияда неше түрлі ауру, індет, жоқтық, жұмыссыздық жайлап, еңсе көтертпеді. Тұрмыс тым ауырлады, өлім көп болды. Гитлер соғыс өндірісіне бүкіл қаржыны төгіп, халықты жұмыспен қамтыды. Саясаты жұмақ орнату, өзге елдің байлығын халқын қырып, жойып тартып алу болды. Науқас қоғамның науқас адамдарына екі дүние бірдей көрінді. Саясаттың бетін қайтарып, тиімді ақыл беретін топ тым аз еді, – деді.
Тосын зұлмат күш... Саясат... Бізде де еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін: «Біз тойлаймыз, тойлаймыз, фашистердің қолынан Тельманды алмай қоймаймыз! Жеңіске жетіп тойлаймыз» деп әндетуші едік. Соғыстың мейірімсіз, қырғын екенін ұқтық. Майдандағы ерлердің жеңімпаз хабарын естісек, асқа тойғандай жүзіміз жадыраушы еді. Әлия, Мәншүктердің батырлық атағын естігенде, төбеміз көкке жеткендей болатын-ды. Елдегі аналар дүниеге келген жас нәрестелері қыз болса, Әлия, Мәншүк атандырып, Шығыстың қос жұлдызы, қос қарашығымыз десетін-ді.
Әлия жұлдызы күн сөнгенше сөнбейді. Торғайлық майдангер қарт Ақан Ыбыраев: «Мен Әлияны бір-ақ рет көрдім, жанымыздан өтіп бара жатып, қазақ екенімді танып, амандасты да: «Жеңіспен елге оралғанша сау бол, батыр халықтың перзентін абыройдан жазбасын!» деген жалынды үні, бауырмалдығы, қалың көптің ішіндегі бір қазақты көргеніне қуанышы есімнен кетпейді», – дегені жадымда жарық күндей өшпей қалды. Соңынан Әлия оққа ұшты дегенді естігенде, қабырға қайыса қайғырдық. Соғыс өрті кімді жалмамады, өкініші қалың ғой. Болашақ туралы асыл ойды үзді, сұлулықты, нәзіктікті аямады, үміт, сенімді де шайқады. Соғыста аяу, қайырым, мейірім бола ма?! – деп өкінген еді. Сосын ауыр күрсініп: «Қазақтың Әлиясы ғой?» деп күбірледі.
Бұл пікір Әлияны білетін талай майдангердің батырлықты ғасырдан ғасырға жеткізетін, соған шүкіршілік ететін ықыласты үні еді.
Қазақ елінің барлық елді мекенінде қаламгерлік жолсапарда жүріп, майдангерлермен тілдесуде алдымен «Бауыржан, Талғат, Рахымжан, Әлия, Мәншүктермен кездестің бе?» деп сұрайтын едім. Сол әдетіме басып, Одессадағы екі дүркін Кеңес Одағының Батыры атанған А. Алексеенкомен кездесіп, Талғат Бигелдиновтің жауынгерлік досының соғыстың басынан аяғына дейін бірге болғанда, бастан кешкен оқиғаларын айтқанын тыңдап отырып:
– Әлия Молдағұлова атты батыр қыздан хабарыңыз бар ма? – дедім.
– Майдандық газеттерден ерлігін оқыдық, – деді де: «Мына кішкентай қызыңның аты кім?» деп мейірлі, жылы жүзбен қарады.
– Әлия.
– Бақытты болсын. Талғат досым майдан газетінен қазақтардың ерлігі жайлы оқыса, аса қуанып, міне, біздің жігіттер мен қыздардың батырлығы дейтін-ді, – деді.
Майдангерлер сыры осылай.
Бүгінде қазақ елінде мыңдаған Әлия есімі бар. Күніне миллиондаған Әлия деген сөз айтылады. О дүниеліктің есімін ауызға алған үлкен сауап десек, қазақтың батыр қызы Әлия өлшеусіз сауапқа кенеледі деңіз.
Майданның қап-қара түнінде ағып түскен жұлдыз жарығы қазақ еліне өнеге шуағын шашады. Айналамыздағы думан-дүние қызығын сол жұлдыздар болмаса көрер ме едік. Тыныштық аспанының қайғысын аға ұрпақ тартып, қуанышы бүгінгілерге бұйырғанына шүкіршілік!
Табыл ҚҰЛИЯС