Оқиға • 04 Ақпан, 2021

Жем мен Ойыл өзендерінің ағыны азайды

780 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Қазгидромет» РМК шаруашылық қызмет пен климаттың өзгеруі жағдайында Жем мен Ойыл өзендері ағынының өзгеруіне талдау жүргізді.

Жем мен Ойыл өзендерінің ағыны азайды

Талдауға сәйкес шаруа­шы­лық қызметке климаттық факторлардың өзгеруін енгізу нәтижесінде шартты-табиғи кезеңмен салыстырғанда Жем өзеніндегі ағынның орташа жылдық көлемі 201 млн текше метр (58%-ға), Ойыл өзені бойын­ша 233 млн текше метрге (25%-ға) дейін төмендеді.

Генезисі бойынша Қазақ­станның жазық өзендері қармен қоректенетін өзендерге жатады. Сондықтан қысқы кезеңдегі жауын-шашын мөлшерінің ұзақ мерзімді динамикасы талданып, оған сәйкес соңғы 20 жылда жауын-шашынның азаюы байқалғаны анықталды. Бұл ретте өзендердің екі бас­сейнінде де ауаның орташа жыл­дық температурасының жоғарылауы байқалады. Бұл өз кезегінде су тасқыны басталатын уақыттың неғұрлым ерте мерзімге ығысуына әкеледі, осылайша аталған кезеңнің ұзақтығын арттырады.

Бүгінде шағын өзендер ағы­нының азаю себептерін анық­тауды ары қарай зерттеу және оның экожүйесін сақтау үшін ұсыныстар әзірлеу маңызды міндеттердің бірі. Бұл үшін Қазгидромет Жем және Ойыл өзендері бассейндерінің қазіргі жағдайын зерттеу мен ағынның өзгеру себептерін анықтау бо­йынша экспедициялық іс-ша­ралар өткізуді жоспарлап отыр.

Жем мен Ойыл өзендерінің бассейндерінде гидрометриялық бақылаулар 1935 жылдан бері жүргізіліп келеді. Өткен ға­сырдың елуінші жылдарының ортасында Жем өзені ағынының орташа жылдық көлемі 474 млн текше метр, Ойыл өзенінде 310 млн текше метрді құраған. Жайылма суару мен шағын гидротехникалық құрылыстар үшін бөгеттер жүйелерінің пайда болуынан ағынның орташа жылдық көлемі 18%-ға қысқарды және Жем өзені бойынша 388 млн текше метрді, Ойылда 253 млн текше метрді құрады.

Осындай өзгерістер еліміз­дің басқа өңірлерінде де орын алуда. Өз кезегінде ірі су объек­тілерінің салаларын қорек­тендіретін шағын өзендердің осы іспетті мәселелерін зерделеу тек Қазгидромет мамандары үшін емес, сонымен бірге су қауіпсіздігі саласындағы бү­кіл ғылыми қоғамдастық үшін бірінші кезектегі маңызды мін­дет болып саналады.