Талдауға сәйкес шаруашылық қызметке климаттық факторлардың өзгеруін енгізу нәтижесінде шартты-табиғи кезеңмен салыстырғанда Жем өзеніндегі ағынның орташа жылдық көлемі 201 млн текше метр (58%-ға), Ойыл өзені бойынша 233 млн текше метрге (25%-ға) дейін төмендеді.
Генезисі бойынша Қазақстанның жазық өзендері қармен қоректенетін өзендерге жатады. Сондықтан қысқы кезеңдегі жауын-шашын мөлшерінің ұзақ мерзімді динамикасы талданып, оған сәйкес соңғы 20 жылда жауын-шашынның азаюы байқалғаны анықталды. Бұл ретте өзендердің екі бассейнінде де ауаның орташа жылдық температурасының жоғарылауы байқалады. Бұл өз кезегінде су тасқыны басталатын уақыттың неғұрлым ерте мерзімге ығысуына әкеледі, осылайша аталған кезеңнің ұзақтығын арттырады.
Бүгінде шағын өзендер ағынының азаю себептерін анықтауды ары қарай зерттеу және оның экожүйесін сақтау үшін ұсыныстар әзірлеу маңызды міндеттердің бірі. Бұл үшін Қазгидромет Жем және Ойыл өзендері бассейндерінің қазіргі жағдайын зерттеу мен ағынның өзгеру себептерін анықтау бойынша экспедициялық іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр.
Жем мен Ойыл өзендерінің бассейндерінде гидрометриялық бақылаулар 1935 жылдан бері жүргізіліп келеді. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасында Жем өзені ағынының орташа жылдық көлемі 474 млн текше метр, Ойыл өзенінде 310 млн текше метрді құраған. Жайылма суару мен шағын гидротехникалық құрылыстар үшін бөгеттер жүйелерінің пайда болуынан ағынның орташа жылдық көлемі 18%-ға қысқарды және Жем өзені бойынша 388 млн текше метрді, Ойылда 253 млн текше метрді құрады.
Осындай өзгерістер еліміздің басқа өңірлерінде де орын алуда. Өз кезегінде ірі су объектілерінің салаларын қоректендіретін шағын өзендердің осы іспетті мәселелерін зерделеу тек Қазгидромет мамандары үшін емес, сонымен бірге су қауіпсіздігі саласындағы бүкіл ғылыми қоғамдастық үшін бірінші кезектегі маңызды міндет болып саналады.