Әлем • 12 Ақпан, 2021

Ақпараттық еркіндік қазақ және ағылшын баспасөзінде қандай деңгейде?

555 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

ХХІ ғасырдың үлкен жетістігі – ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуының арқасында адамзат өмір сүрудің біршама жеңілдетілген кезеңінде тіршілік етіп жатыр. 

Ақпараттық еркіндік қазақ және ағылшын баспасөзінде қандай деңгейде?

Соның бір нышаны – ақпараттық еркіндік. Толассыз ағылған жаңалықтар легінен өзіне қажет ақпаратты табу арқылы адам өз сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, өзгеге де әсерін тигізе отырып, әлемдік коммуникацияда өзіндік орнын тауып, атын қалдыра алатын дәрежеге жетті. Бұл орайда тұлға мен тұлғаны, мәдениет пен мәдениетті, тіпті бір тарихи кезеңмен екінші тарихи кезеңді өзара тілдестіре алатын бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі өте маңызды.

Media ұғымының өзі кең мағынада автор мен оқырман арасында, тіпті оқырман мен оқырман арасында идея тасымалдаушы, оларды өзара когнитивті байланыспен қамтамасыз етуші дәнекер дегенді білдіреді. Оның ұжымдық әрекеті мен жеке­леген авторлық сипаттағы праг­матикалық ниетін және қоғам өмірінде алар орнын жаңа қырынан таныту лингвис­тер үшін қызығушылығы күннен-күнге артып бара жатқан үлкен міндетке айналды. Зерттеу нәти­жесінде газет дискурсы біз ойлағаннан әлдеқайда терең мәнді ұғым екені анықталды.

Орта ғасырда кең серпіліспен әлемге таралған газет алғаш рет Италияда пайда болып, тек бір беттік жаңалықтар тізбегі ретінде халық арасын­да бір тиынға (gazetta) сатылған. Ол заманда көше бойлап жүгір­ген жалаң аяқ балалардың қол­дарынан соңғы жаңалықтар жазылған парақты кез келген жолаушы сатып ала бермей­тін. Оған себеп оқу-жазудың дамымаған шағы болса керек. Бірте-бірте қоғам дамуымен оқу-білімге құштарлық жас пен ұлт талғамастан кең таралып, газет оқырманы күннен-күнге арта түсті.

Кез келген елдің күнделікті қарапайым тіршілігімен таны­су­дың оңай жолы – оның бас­пасөзіне көз жүгірту. Сөз етілген әрбір тақырып – сол қоғамның оқырман қауымы үшін көкей­кесті мәселе болса керек. Демек, ел айнасына айналған газет бүгінде халық өмірінің тіке­лей көрсеткіші болып қана қоймай, өзекті мәселені шешуге алғашқы қадам жасаушы негізгі бітімгер ретінде үлкен рөл атқарады. Осы орайда Батыс және Шығыс мәдениетінің ерекшеліктерін айқын сипаттау­шы баспасөз саласын сараптай келе, ел арасында беделі, таралымы мен әлеуметтік рөлі жағынан бір-біріне сәйкес келер бірнеше газетті таңдадық. Оқырман саны мен әлеуметтік беделі жағынан зерттеу қазақтілді «Egemen Qazaqstan» газетінен басталып, оған сай келер ағылшын тілді The Independent (ағылш. егеменді) газетімен жалғасты. Әрбір нөмірден сұхбат жанрында жазылған мәтіндерді іріктей отырып, оларға персуазивті коммуникация тұрғысынан талдау жүргізу арқылы мәтін ав­торының негізгі идеясын, оны оқырман назарына оңтай­лы түрде ұсыну әдісін және шыққан нәтижесін анықтадық. Батыс және Шығыс қоғам өмір мен оқырман сұранысының әркелкі болуына байланыс­ты екі мәдениеттің ақпарат да­йындау тәсілдерінде және оны қа­былдаушы оқырманның тал­ғамында біршама өзгешелік бар екені байқалды. Оған мысал ретінде «Egemen Qazaqstan» газетінің әрбір нөмірінде жарық көретін мақалалар әлеуметтік өмірдің барлық саласын қам­туы және жиі жарияланатын са­раптамалар мен сұхбат мате­риалдарының қоғам өмірін­дегі әрбір тақырыпты нақты ай­қындау мақсаты дәлел бола алады. Сондай-ақ бұл газетте жарияланып жүрген тарихи-танымдық материалдардың оқыр­ман назарына жиі ұсы­ны­луы персуазивті коммуника­ция тұрғысынан терең талдау жүргізудің негізін қалады. Жур­­налистердің тіл байлығы, сөз ше­берлігі және заманауи тал­ға­мы қоғамның бүгінгі сұра­ны­сы­мен астасып жатыр және ақпа­рат­тық бәсекелестікте олар респуб­ликада алдыңғы қатардан көрінуде.

Әдетте Батыс баспасөз саласында ағылшын журналисі өзіндік мәтінін дәл қазақ авторындай егжей-тегжейлі емес, шағын көлемді ақпарат ретінде ұсынуды жөн көреді. Одан бөлек, батыстық тілші оқырман назарына ұсынар ақпаратты өзіндік тараптан сипаттай келе, қорытынды төрелігін оқыр­ман­ның өзіне қалдырады. Ал қазақтілді автор жазған әр­бір сөзін және оқырманға ұсы­нар әрбір идеясын өзіндік дәлелдерімен растауға асығады және көкейкесті мәселелерді сөз еткенде оқырманға астарлы ой тастайды.

Бір идеяның растығын мо­­йын­дау – оған нанудың алғышар­ты. Жаһандық мәселені жергілік­ті оқырман қауым көзқара­сы­­на сай өңдеп, әлеуметтік немесе мәдени кереғар ұғымдарды аудитория назарына ұтымды түрде ұсыну – әрбір журналиске қойылар негізгі талап. Қалам шебері өзінің кәсіби тәжі­рибесі мен қоғамдағы өмір дамуының бағыты, ерекшелігі және сұранысы туралы білі­мін ұштастыра отырып, оқыр­ман қауымын ортақ болар әмбе­бап мәтін әзірлеуге тырыса­ды. Даулы сауал, өзекті мәсе­ле­нің қай-қайсысын тілге тиек етсе де, әрбір тілшінің бас­ты прагматикалық ниеті – оқыр­манды әлемдік үрдіс жаңа­лықтарымен ақпарат­тандырып қана қоймай, оның тарапынан жауапты әрекет күту. Кәсіби ынтасы мен қаламгерлік шеберлігін біріктіре отырып, белгілі бір әлеуметтік мәселеге баға беру арқылы журналист мәтінінің түйінді ойын алдын ала құрады. Сұхбат жанрының талабына сай, қозғалған тақырып бойынша әлеуметтік өмір саласының беделді тұлғасымен немесе білгір маманымен болған әңгімені журналист оқырман қауымына паш ете отырып, өзекті мәселеге жаңа көзқарас пен кәсіби пікір білдіру арқылы соны шешім ұсынады. Басты назарда, әрине оқырман қауымның сұранысы мен талғамы болуы міндетті. Журналистің тынымсыз еңбегі мен ақпараттық ізденім­паз­дығы­ның нәтижесі жазған мәті­нінен көрініс табары анық. «Естімеген елде көп» тақырыптарды ғана қозғамастан, ел өміріндегі әрбір өзекті мәселеге терең де дәйекті жауап іздеу арқылы, оның ақ-қарасын оқырман назарына ақиқатынан ұсынуды кез келген қаламгер өзінің парызы деп біледі.

Батыстық және шығыстық көзқарас пен мәдени ерекшелік, өмірлік ұстаным мен әлеуметтік құндылықтың барлық сипаты газет мәтіндерінен айқын бай­қалады. Баршаға ортақ тіл­мен жазылған мәтінде оқыр­ман сөздердің номинативтік қа­сиетіне қарағанда эмотивтік қа­сиетін жиі тірек етеді. Оған себеп қозғалар тақырыптың қоғам үшін таныс немесе бейта­ныс­тығы болса керек. Ескі идеяға жаңа көзқарас қажет кезде және жаңа ұғымның оқырман үшін шынайы мәнін ашуда талай жолмен мәтін жазатын автор ендігіде мәселенің байыбы неден туындап, неліктен оқырман бұл сауалға басты назар аударуы керек екенін дәлелдеуге тырысады. Дегенмен, әр мәдениеттің өзіне сай құндылығы бар болса, сол құндылықты қастер­леу­­дің де өзіндік жолы бар. Әрбір журналистің естен шы­ғар­мас бір қағидасы – рухани құн­дылықтардан аттамау. Халық­тың тыныс-тіршілігінде, күнделікті өмірінде нендей мәселе дау туғызса, соның өзін­дік шешімін ұсынуды ағыл­шын авторы бір тараптан сипаттаса, қазақ авторы өзге тараптан сипаттайды. Ұқсастықтары лингвистикалық бірліктерін ұтымды қолдануында болса да, ерекшеліктері мәдени көзқарас пен тұлғалық болмыста екенін анықтадық.

Біздің ұлттық баспасөз саласы, оның көш басында тұрған «Egemen Qazaqstan» газеті қоғам­мен бірдей дамып келеді. Газет тілшілері ақпаратты жаңаша сипатта беруді жетік игерген және ағылшын газеттерінен бір мысқал да кем емес. Зерт­теуі­міздің нәтижесінде анықтал­ған ерекшеліктерге сай, отан­дық баспасөз саласында персуазив­тік коммуникацияның газет ақпа­ратын ұсынушы стратегиялық тәсілдері ағылшын газеттеріне қарағанда, ауқымы жөнінен артық екені дәлелденді. Соның ішінде «Egemen Qazaqstan» тілші­лерінің жиі қолданатын ақпараттық тактикасы ағыл­шын газетінде мүлдем кездес­пейтіндігі белгілі болды.

Медиакоммуникацияның әлеу­­меттік өзгерістерге ең икем­­ді са­ласы саналатын газет дис­курсы­ның персуазивтік қа­сиетін анықтауда жүргізген зерт­теуіміздің қорытындысы бо­йынша екі елдің тілшілері ақ­па­рат ұсынудағы кәсіби шебер­лігі жағынан бірдей екенін дәлелдеді.

 

Мауе Адырбекова,

Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ докторанты