Тарих • 12 Ақпан, 2021

Ақынның кең тараған суреті

425 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Аспантаудың ақиығы, поэзия патшасы Мұқағали Мақатаев туралы естеліктерге құлағымыз түрік жүретіні анық. Ақынның дара жолына, балалық шағына, өлеңді өміріне кез келген адам елең етіп, қы­зыға қарайды. Сондай Мұқаңмен дәм­дес-тұздас, сырлас-мұңдас болған адамдардың қаншалық қатары сиресе, ақын туралы естеліктер де соншалық сарқыла бермек. Сол себепті жылт еткен естелікті елемей өте алмаймыз. Мұ­қаңның әруағын асырып, аспандатып жіберген, поэзиялық портреттің авторы ауылдас ағамыз екенін елден естігенде қуанғаннан құрақ ұштық.

Ақынның кең тараған суреті

Суреттерде:  Мұқаңның өмі­рі­нің соңғы жылдарында Нарын­қол­ға­ кел­ген сәті; фотограф Асқарбек Керім­баев

Әмбені аралап кеткен фото­суретті фотограф Асқарбек Керім­баев аға­мыз түсірген. Мұ­қаңның иегін қо­лымен сүйеп отырған тарихи кескін жайлы Асқарбек аға бы­лай дейді.

 – 1972-1974 жылдары аудандық «Советтік шекара» газетінде фото­тілші болып жұмыс істедім. Сол кез­дегі газет редакторы Әлнұр Мейір­беков, редактордың орынбасары Мұхамбек Естенов, газет тілшілері Әбітай Әденов, Еркін Ібітанов, Алдаберген Жандаралов, Айтақын Әбдіқалов, Әбілбек Айтақынов, Мінуар Әкімхановтармен әріптес болдым. Кейін 1974 жылы комби­натқа фотограф болып ауыстым. Сол кезде ақиық ақын келіп суретке түс­ті, – дейді Асқарбек аға.

Сурет авторы ескірмейтін есте­лікті сағына еске алып, сөзін әрі қа­рай сабақтады. «Мен ол кісінің Мұқа­ғали Мақатаев екенін білген жоқ­пын. Күнделікті жұмыс кезі болатын. Есіктен бойы ұзын, денелі, ба­сына қоңыр шляпа, үстіне ұзын қо­ңырқай макинтош плащ киген бір кісі кіріп келді. Кірді де қолын со­зып амандасты. Сырт киімі мен шля­пасын шешіп, киім ілгішке ілді. Жағасын түзеді де, ұзын шаштарын тарап, сілкіп-сілкіп жіберді де айнаға бір қарап, «...мені суретке түсір», деді. Қара шалбар, қара костюм, қара туфли, ақ жейде киген, оған жа­рас­тыра галстук таққан, желкесі шы­ғыңқы кісі екен. Мен келген кісі­ге қарап,
«...қалай түсірейін, сурет құжатқа ма?», дедім. «Жо-оқ...», деп орын­дықты теріс айналдырып жі­беріп арқалығын алдына қаратып, мініп алды да қолымен иегін таянып, «...осылай түсір!», деп бұйырды. Екін­шісінде орындықты оңдап қойып, қырынан отырды да қолын қусырып «тарт!», деді. Үшінші мәрте тік қарап отырып түсті. «Үш үштен тоғыз сурет шығарып қой, ре­дак­циядан жігіттер келіп алады немесе апарып бере сал!», деді.

Ақын суреттердің ақшасын төлеп, түбіртегін алады да шығып кетеді. Ол кезде суретке жұрт бір рет қана түседі. Ал мына еңсегей бойлы, кең иықты кісі бірнеше мәр­те қайталап түседі. Асқарбек аға ақын­ның өзі айтқандай үш үштен 9Х12 мөл­шерде тоғыз сурет әзірлейді. Бірақ суреттерді ешкім алмайды. Он бес күндей сұраусыз жатады.

«Бір күні жұмыста сізді телефонға ша­қырып жатыр деді. Трубканы кө­терсем, редакциядағы бұрынғы әріп­­тесім Айтақын Әбдіқалов деген жур­на­лист екен. «Ей, сен неге Мұ­қаң­ның суретін әкеліп бермейсің, жоқ біз­ден кеткен соң бізді адам де­­ме­­дің бе» деп айғайлай жөнелді. «Өй, Мұқаң деген кім?» – дедім мен. «Ей, Мұ­қағалиды танымайсың ба?», деп Асқарбек ағаны әбігерге сала­ды.

Фотограф кейіндеп басына қоңыр шляпа, үстіне ұзын қоңырқай макинтош плаш киген кісі Мұқағали екенін біліп өкінеді. Айтекеңе ақынды таны­майтынын айтып, «суретті өзің кел де тауып ал», дейді.

Бір кезде Асқарбек ағаға бүгінде үлкен ақын Айтақын Әбдіқалов келеді. Келеді де «...Мұқағалиды танымай­тын қандай адамсың сен», деп жақ­сылап тұрып сыбап тас­тайды.

Ол кезде Мұқаңның атағы онша шықпаған кезі екен. Радиодан дауысын естігені болмаса фотограф жыға танымапты. Асқарбек аға өмірде сол кезде ғана ақиық ақынмен бірінші әрі соңғы рет кездеседі.

– Бірінші рет сол кезде көрдім. Ішім­нен қап, Мұқағали екенін біл­генде бірге суретке түсіп алар едім дедім де қойдым. Кейін газеттің бір бетіне өлеңдер топтамасын берді. Сол беттің бір бұрышына осы сурет са­­лын­ды. Тірі кезінде ақынның өзіне де ұнаған осы сурет болу керек. Ал­дың­ғы жылы Жұмаш Өтеев деген кісі хабарласты. «Сен Мұқағалиды су­рет­ке түсірген екенсің. Ақынның су­рет­терінің авторларын іздеп жа­тыр­мыз. Бірнеше суреттерінің автор­ларын таптық. Көп суреттерінің авторлары табылмады. Сен қандай суреттер түсірдің?», деді. Бірден түп­нұсқаны іздедім. Негативтерді қарасам шынымен осы суреттің не­гативі бар екен. Өкініштісі, оларды шатырдың астына сақтап қойғам, бәрі қурап кетіпті. Ештеңеге жарамай қалды, – деп Асқарбек аға шынайы өкінішін білдіреді.

Фотографтың ақынды сурет­ке тарт­қан кезі бір бұл емес. Жай­лау­­да мал­шылардың тойы бол­ған­да Мұқа­ғали көрермендердің ішін­де КСРО халық әртісі Роза Бағ­ланова­ның қа­сында отырады. Сон­дай-ақ ақын бір топ қонақтың ішін­де тұ­рып та су­рет­ке түседі.

Осы бір тарихи сәтті де тәжірибе­лі фотограф Асқарбек аға қалт жібер­мепті. Оны да кейін марқұм журналист Рысбек Сүгірбековпен бірге сол тойдағы бір атақты малшының су­ре­­тін іздегенде ескі негативтерден кез болады. Оны журналист Рысбек Сүгір­­беков өзіне архивке сақтау үшін Асқар­бек ағадан аттай қалап, қиып алыпты.

Тірі кезінде ақынмен тағы бір тілдесіп қалмағанына Асқарбек аға әлі қайран қалады. «Ең өкініштісі қа­сында жүріп қадірін білмеу екен. Сол кезде танысам ең болмаса бірге су­ретке түсер едім», деп әсерлі әңгі­месін аяқтады.

 

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ,

журналист

 

Алматы облысы,

Райымбек ауданы