Суреттерде: Мұқаңның өмірінің соңғы жылдарында Нарынқолға келген сәті; фотограф Асқарбек Керімбаев
Әмбені аралап кеткен фотосуретті фотограф Асқарбек Керімбаев ағамыз түсірген. Мұқаңның иегін қолымен сүйеп отырған тарихи кескін жайлы Асқарбек аға былай дейді.
– 1972-1974 жылдары аудандық «Советтік шекара» газетінде фототілші болып жұмыс істедім. Сол кездегі газет редакторы Әлнұр Мейірбеков, редактордың орынбасары Мұхамбек Естенов, газет тілшілері Әбітай Әденов, Еркін Ібітанов, Алдаберген Жандаралов, Айтақын Әбдіқалов, Әбілбек Айтақынов, Мінуар Әкімхановтармен әріптес болдым. Кейін 1974 жылы комбинатқа фотограф болып ауыстым. Сол кезде ақиық ақын келіп суретке түсті, – дейді Асқарбек аға.
Сурет авторы ескірмейтін естелікті сағына еске алып, сөзін әрі қарай сабақтады. «Мен ол кісінің Мұқағали Мақатаев екенін білген жоқпын. Күнделікті жұмыс кезі болатын. Есіктен бойы ұзын, денелі, басына қоңыр шляпа, үстіне ұзын қоңырқай макинтош плащ киген бір кісі кіріп келді. Кірді де қолын созып амандасты. Сырт киімі мен шляпасын шешіп, киім ілгішке ілді. Жағасын түзеді де, ұзын шаштарын тарап, сілкіп-сілкіп жіберді де айнаға бір қарап, «...мені суретке түсір», деді. Қара шалбар, қара костюм, қара туфли, ақ жейде киген, оған жарастыра галстук таққан, желкесі шығыңқы кісі екен. Мен келген кісіге қарап,
«...қалай түсірейін, сурет құжатқа ма?», дедім. «Жо-оқ...», деп орындықты теріс айналдырып жіберіп арқалығын алдына қаратып, мініп алды да қолымен иегін таянып, «...осылай түсір!», деп бұйырды. Екіншісінде орындықты оңдап қойып, қырынан отырды да қолын қусырып «тарт!», деді. Үшінші мәрте тік қарап отырып түсті. «Үш үштен тоғыз сурет шығарып қой, редакциядан жігіттер келіп алады немесе апарып бере сал!», деді.
Ақын суреттердің ақшасын төлеп, түбіртегін алады да шығып кетеді. Ол кезде суретке жұрт бір рет қана түседі. Ал мына еңсегей бойлы, кең иықты кісі бірнеше мәрте қайталап түседі. Асқарбек аға ақынның өзі айтқандай үш үштен 9Х12 мөлшерде тоғыз сурет әзірлейді. Бірақ суреттерді ешкім алмайды. Он бес күндей сұраусыз жатады.
«Бір күні жұмыста сізді телефонға шақырып жатыр деді. Трубканы көтерсем, редакциядағы бұрынғы әріптесім Айтақын Әбдіқалов деген журналист екен. «Ей, сен неге Мұқаңның суретін әкеліп бермейсің, жоқ бізден кеткен соң бізді адам демедің бе» деп айғайлай жөнелді. «Өй, Мұқаң деген кім?» – дедім мен. «Ей, Мұқағалиды танымайсың ба?», деп Асқарбек ағаны әбігерге салады.
Фотограф кейіндеп басына қоңыр шляпа, үстіне ұзын қоңырқай макинтош плаш киген кісі Мұқағали екенін біліп өкінеді. Айтекеңе ақынды танымайтынын айтып, «суретті өзің кел де тауып ал», дейді.
Бір кезде Асқарбек ағаға бүгінде үлкен ақын Айтақын Әбдіқалов келеді. Келеді де «...Мұқағалиды танымайтын қандай адамсың сен», деп жақсылап тұрып сыбап тастайды.
Ол кезде Мұқаңның атағы онша шықпаған кезі екен. Радиодан дауысын естігені болмаса фотограф жыға танымапты. Асқарбек аға өмірде сол кезде ғана ақиық ақынмен бірінші әрі соңғы рет кездеседі.
– Бірінші рет сол кезде көрдім. Ішімнен қап, Мұқағали екенін білгенде бірге суретке түсіп алар едім дедім де қойдым. Кейін газеттің бір бетіне өлеңдер топтамасын берді. Сол беттің бір бұрышына осы сурет салынды. Тірі кезінде ақынның өзіне де ұнаған осы сурет болу керек. Алдыңғы жылы Жұмаш Өтеев деген кісі хабарласты. «Сен Мұқағалиды суретке түсірген екенсің. Ақынның суреттерінің авторларын іздеп жатырмыз. Бірнеше суреттерінің авторларын таптық. Көп суреттерінің авторлары табылмады. Сен қандай суреттер түсірдің?», деді. Бірден түпнұсқаны іздедім. Негативтерді қарасам шынымен осы суреттің негативі бар екен. Өкініштісі, оларды шатырдың астына сақтап қойғам, бәрі қурап кетіпті. Ештеңеге жарамай қалды, – деп Асқарбек аға шынайы өкінішін білдіреді.
Фотографтың ақынды суретке тартқан кезі бір бұл емес. Жайлауда малшылардың тойы болғанда Мұқағали көрермендердің ішінде КСРО халық әртісі Роза Бағланованың қасында отырады. Сондай-ақ ақын бір топ қонақтың ішінде тұрып та суретке түседі.
Осы бір тарихи сәтті де тәжірибелі фотограф Асқарбек аға қалт жібермепті. Оны да кейін марқұм журналист Рысбек Сүгірбековпен бірге сол тойдағы бір атақты малшының суретін іздегенде ескі негативтерден кез болады. Оны журналист Рысбек Сүгірбеков өзіне архивке сақтау үшін Асқарбек ағадан аттай қалап, қиып алыпты.
Тірі кезінде ақынмен тағы бір тілдесіп қалмағанына Асқарбек аға әлі қайран қалады. «Ең өкініштісі қасында жүріп қадірін білмеу екен. Сол кезде танысам ең болмаса бірге суретке түсер едім», деп әсерлі әңгімесін аяқтады.
Дастан ҚАСЕНҰЛЫ,
журналист
Алматы облысы,
Райымбек ауданы