Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
1165 жылы қазіргі Испания жеріндегі Мүрсия шаһарында дүниеге келген Ибн Араби ислам пәлсапасын жаңа биікке көтерген хакім еді. Ол ғылымға «болмыс тұтастығы» және «кәміл адам» тұжырымдамасымен келді. Сондықтан оны «атақты шайқы» деп әспеттеген. Философиялық трактаттарының тереңдігіне бола шәкірттері оны Ибн Афлатун, яғни «Платонның баласы» деп атап кеткен. Қазақ халқына да бұл есім таңсық емес. Бұқар жыраудың даналығын толық түсінуге «Аплатонның ақылы керек» деп Мәшһүр Жүсіп тегін айтпаса керек.
Хош, сонымен кітаптың алғашқы тарауы адамның неліктен Құдайдың орынбасары атанғаны туралы. Адамның топырақтан жаралып, оған қасиетті рух үрленгені хақында бәріміз білеміз. Бірақ Ибн Араби осы қиссадағы маңызды бір детальға назар аударады. Жаратушы «өзімнің орынбасарым ретінде Адамды сайлаймын» деген кезде періштелер «Жер бетіне бұзақылық жасайтын, қан төгетін біреуді қоясың ба?» дейді. Ибн Араби осы арада періштелердің нені ескермей отырғанын түсідіреді.
«Құдайдың сипаттары қамтылған барлық есім адам болмысына енгізілді. Сол себепті (кәміл) адам ақиқатты түгел қамтып, жинақтай алатын дәрежеге көтерілді. Бұл Құдайдың періштелерге келтірген уәжі болды», дейді хакім. Бұдан біз нені ұғамыз? Иә, періштелер болмысының межесін абсолют деп ойлап қалған. Олар осы жерден мүлт кетті. Әрине, періштелердің бұл әрекетін қателік немесе күнә деуге келмейді. Ибн Араби де олай айтпайды. Бірақ олардың адам болмысын толық танымауы – оларға белгілі бір деңгейде ғана білім берілгендігін айғақтайды. Құдай оларға бір-ақ ауыз сөзбен жауап береді: «Мен сендердің білмегендеріңді жақсы білемін» (Құран, 2:30). Сонда Ибн Араби трактатынан мынадай маңызды тұжырым шығады: өзің жеткен ақиқатты әсте түпкілікті ақиқат деп ойлап қалмау керек.
Қазір қоғамда да мәселеге біржақты қарап, оның мәніне терең бойламай, оған өзі қалаған сыңаржақ пікірді таңа салу үрдісі бар. Бұл қоғамдағы әділеттің іргесін сетінететін жағдай. Иә, періштелер өтірік айтқан жоқ. Адам баласы, расында да, жер бетін қасапханаға айналдыра жаздады. Бірақ оның бойында періштелер де бойлай алмаған қасиеттер болды. Сондықтан әр нәрсеге байыпты көзқарас қажет-ақ. Кез келген құбылыстың астарына үңілмей тұрып үкім айту – танымға да, әділетке де қайшы. Танымдық әділет орнаған кезде ғана қоғамда татулық, махаббат секілді асыл қасиеттер біржолата бекиді.