Аймақтар • 12 Ақпан, 2021

«Қызыл аймақ» қаупі сейілмей тұр

171 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодар өңірінде індет жұқтырып, жансақтау бөлімінде жатқан 26 адамның жағдайы ауыр. Өткен аптада облыста 8 науқас көз жұмған. Бұл жайында эпидемиологиялық ахуал туралы өткен онлайн-баспасөз жиынында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Ерғалы Асылбек мәлім етті.

«Қызыл аймақ» қаупі сейілмей тұр

– Қазір облысымыздың әр ауданынан күн сайын індет жұқтырғандар анықталуда. Ал соңғы тәулікте Павлодар, Шарбақты, Успен аудандарында ғана анықталмады. Осы күндері арасында 4 жүкті әйел, 15 бала бар, 612 науқас стационарда емделуде, 10 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Инфекциялық стационарлардың жүктемесі 35 пайызды құрайды, – деді Е.Асылбек.

Бүгінге дейін облыста 15 787 адамнан індет анықталса, 14 450 науқас жазылып шыққан, 107 адам көз жұмды. Биылғы жыл басынан бері 6 656 адам індет жұқтырған. Олардың 2500-ден астамы үйлерінде ем қабылдауда. Ресеймен шекаралас Железин, Шарбақты, Успен, Ертіс аудандарында бекеттерден өткендерге арналған стационарлар жұмыс істейді. Бекеттерде де 6 науқас емделуде. Жыл басынан бері Железин ауданының 293 тұрғыны ауырған.

– Қайтыс болғандар – диспансерлік есепте тұрған қарт адамдар. Жыл басынан бері 20 өлім тіркелді. Олардың арасында ең жасы – 51-де, 2700-ден астам адам КВИ белгісі бар пневмонияға шалдыққан. Қазіргі уақыта 88 адам ем қабылдауда, – деді Е.Асылбек.

Оның айтуынша, облыста індет жұқ­ты­ру­дың көбею себебіне келсек, күз кезінде індет таралу жағдайы тұрақты болды. Жұқ­тырушылар саны да азайды. Бірақ Ресеймен шекара ашық болды. Екіншіден, жаңа жылдық мереке кезінде сауда үйлері жұмыс істеді. Індет анықталған адам кемінде 2-3 адаммен араласады. Яғни ауру тарау мүмкіндігі жоғары. Сондықтан күзгі және жаңа жылдық кезеңдердің салдары әлі жалғасуда.

Жалпы, өңірде 810 адам коронавирусқа қарсы вакцина қабылдаған. Екпе егудің бірінші кезеңі 19 ақпанда аяқталады.

 

Павлодар облысы