Елорда • 17 Наурыз, 2021

Елордалық дәрігерлер салмағы 960 грамм сәбиге күтім көрсетіп жатыр

536 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

№2 қалалық көпбейінді ауруханада шала туған сәбидің «қырқынан шығару» салты өткізілді. Бұл оқиға Анар Әшімованың отбасында болып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордалық дәрігерлер салмағы 960 грамм сәбиге күтім көрсетіп жатыр

№2 ГМБ акушерлік блогына орта есеппен 370-ке жуық шала туған бала түседі.

«Бала 5 ақпан күні дүниеге келді, салмағы - 960 грамм, бойы - 42 см. Өте кішкентай болғанмен денсаулығы жақсы болды», дейді неонатолог-реаниматолог Шолпан Нұрашбекова.

Балаға Батыр есімі берілді. Ол 27-аптада кесарь тілігі арқылы дүниеге келді, өйткені анасының суы аз, яғни хориоамнионит болды. Қазіргі уақытта жаңа туған нәрестенің салмағы - 1 345 грамм. Бала туған сәттен бастап дәрігерлердің бақылауында.

Дәрігерлер қазақ халқының дәстүрін сақтап, аурухана қабырғасында «қырқынан шығару» рәсімін өткізді. Бүгінде сәби 40 күн бойы жаңа туған нәрестелердің реанимация бөлімшесінде жатыр. Гемодинамикасы тұрақты.

«Бұл менің үшінші балам. Мен де, отбасым да №2 ГМБ акушерлік блогындағы медицина қызметкерлерінің бәріне, жаңа туған нәрестелерді реанимациялау бөліміне жауапкершілігі, еңбекқорлығы мен мейірімділігіне өте ризамыз. Мұнда ең мықты деген кәсіби медициналық команда жасақталған. Отбасыларыңызға денсаулық, бақыт, амандық, барлық игілік және тілектеріңіздің орындалуын тілеймін. Атқарған жұмыстарыңызға тағзым етеміз», деп Батырдың анасы дәрігерлерге алғыс айтты.

Айта кетейік, «қырқынан шығару» - (балаға қырық күн) бала өміріндегі ең қасиетті салт болып саналады. 40 күнге дейін нәресте үшін бұл әлем қауіпті деп есептеледі. Сол себепті жұрт көзінен алшақта болып, ешкімге көрсетілмейді.