11 Мамыр, 2021

Азаттық әнұраны

235 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл әнді сонау басқыншылық жылдары жан аямай соғыс­қан италиялық партизандар сүйіп айтқан деседі. Екінші дү­ниежүзілік соғыс аяқталған соң ән антифашистік әнұранға айналды. Композицияның авторы белгісіз болғандықтан, халық жыры делінеді. Бұл күндері де ұмытылмаған Bella Ciao (Қош бол, сүйіктім) әнінің шығу тарихына қатысты көптеген нұсқа бар.

Азаттық әнұраны

Ең әйгілісі – соғыс жылдары Модена тауларындағы қарсыласу қозғалысы мүшелері орындайтын нұсқа. Бізге белгілісі әнді сондағы партизандардың бірі жазған. Әуені «Ұйқы дәрісі» ат­ты балалар әніне ұқсас келеді. Ал жыр мәтіні әр жолы түрліше орындалып жүргенімен, бір-бірі­нен көп ерекшеленбейді. Ән­нің әлемге танылуына 1947 жылы Прагада өткен алғашқы Ха­лық­аралық жастар мен студенттер фестивалі ықпал еткені даусыз. Айбынды әннің ырғағы мен екпінді қайырмасы тіпті ита­льян тілін түсінбейтіндердің өзін баурап алды және әп-сәтте бүкіл Еуропаға таралды. Әсіресе италиялық әнші Милва (1965) мен франциялық Ив Монтана (1970) шырқаған нұсқалары ха­лық көңілінде айна-қатесіз жатталып жатты. Ал Кеңес Одағы тыңдармандарын алғаш әнмен қауыштырған белгілі аңыз әнші Мүслім Могамаев болатын. Ол 1972 жылы Болгарияда құрметті қонақ болғанында «Алтын Орфей» эстрадалық әндер байқауында тұрып, «Мен Италияда біздің пар­тизан дос­тарымыз тарту еткен әнді орын­дағым келеді. Италияда тағы­­лымдамадан өтіп жүргенімде ерекше достасып кеттік. Бұл ән Италияда айтылған кезде, зал­да отырған италиялықтар «Белла, чао, чао, чао...» деп жан-тәні­мен қосыла шырқайды. Бізге де шу шығаруға болады», деген әнші ұяңдау келген кеңестік тың­­дармандарды жігерлендіре түсе­тін. Әншінің естеліктерінде («Жи­вут во мне воспоминания») айтыл­ғандай КСРО-ның болашақ бас хатшысы Леонид Брежнев те ерекше сүйіп тыңдаған деседі.

«... Берлинде шағын концерт да­йындалып жатқан болатын. Кейбір әртістер арнайы Мәс­кеуден келіпті, біздің топтан біреу­лерді ерте келіпті... Мен сол кезде нақты не айтқаным есімде жоқ, бірақ бір әнді міндетті түрде орындауым керек еді, бұл – партизандар әні «Bella Ciao» болатын. Бұл ән Брежневке өте ұнады. Ол алғаш рет оны Кремльдің Съездер сарайында КСРО Жоғарғы Кеңе­сінің депутаттығына кандидат ретінде ұсынылуына орай ұйым­дастырылған концертте де естіді. Мен ән айттым, ал бүкіл аудитория маған қошемет көрсетіп, шапалақ ұра бастады. Арасында Леонид Ильичтің өзі қосылды. Содан кейін бұл оған әдетке айналды», деп жазды әнші.

Ал әннің сазына қатысты да сан-саққа жүгірген болжам толас­таған емес, кейде өзге халық шы­ғар­маларының музыкасына да ұқсас­тырады. Сыншылар сонымен қатар Dus Zekele Koilen («Көмірдің кішкентай қабы») деп аталатын әнмен айқын ұқсас­ты­ғын атап көрсетеді. Бұл әнді атақ­ты сыған аккордеонисі Машка Зиганофф 1919 жылы күзде Нью-Йоркте жазған еді.

Кез келген ән сол дәуірдің, оқиғаның, қозғалыстың символына айналғанын былай қойғанда, түрлі жанрдағы музыкалық тәжі­рибелердің негізгі нысанасы. Bella Ciao әні де жапон джаз интерпретацияларында кең қолданыс тауып, небір рок-группалардың қайырмасына айналды. Пост­модернизм дәуірінде бірнеше рет жаңа түсінік берілген осынау көркем шығарма азаттықтың әнұраны әрі әлемдік манифест, әрі революция ұраны болып шыр­қалды емес пе. Белла, чао! Қа­лай болғанда да, әсіресе хормен қосыла шырқағанда кеудеңіздегі жүрек қағысын тездетіп, қарсы­лығын күшейте бастайтыны анық. Қарапайым әуеннің ішіне кө­міл­ген бір құпиясы бары анық. Бәл­кім, осынау сыршыл әннің әсері сонау күндердегі туған таби­ғатынан бастау алатын болар?!