Білім • 20 Мамыр, 2021

Олимпиададағы озат оқушылар

256 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов республикалық олимпиадада оза шапқан озат оқушылармен кездесті. Жүздесуге жиналған жеңімпаздар мен жүлдегерлер ведомство басшысының қолынан марапат алып, медаль тақты. Салтанатты жиынның бейресми бөлімінде дарынды балалар министрге өз ойындағы сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты.

Олимпиададағы озат оқушылар

Іс-шарада сөз алған А.Ай­мағамбетов: «Дүниежүзінде болып жатқан індетке қарамастан білім шыңын бағындырып, еліміздің намысын қорғап жүр­ген жастарды мақтан тұтамын. Бұл – үлкен жетістік. Осы орайда оқушыларды интеллектуалдық сайысқа дайындап, білімін шыңдауға көмектескен педагогтерге, осындай дарын­ды балаларды тәрбиелеп, мұ­ғалімдермен бірдей баптап жүрген ата-аналарға алғыс айтамын. Олар­дың еңбегі өте зор. Біз осы олим­пиаданы ұйымдастыру кезінде де ашықтық пен әділдікті қам­тамасыз етуді жалғастырдық. Олимпиаданың соңғы кезеңі компьютерлік форматта өтті. Адал­дық қағидаларын алдағы олим­пиадалардың барлық кезе­ңінде сақтауды қолға аламыз», деді.

Елордадағы №17 мектеп-гим­назиясының 10-сынып оқушысы Сара Окенова республикалық олимпиадада француз тілі бо­йын­ша қола медаль иеленді.

«Көп қатарластарым ағыл­шын тілін таңдайды. Сондықтан пәндік олимпиадада оған бәсе­келестік жоғары. Алайда мен француз тілін мектебімнің талабына байланысты оқыдым. 3 жылдай бұрын Алматыдан ауысып келгенімде, жаңа оқу ордамда француз тілін оқы­та­тынын білдім. Әуелде көп қи­налдым, қосымша сабаққа бар­дым. Бастапқыда ең болмаса үлгерімімді жақсартып, сыныптастарыма ілесу, бағдарламадан қалып қоймауды көздеген едім», дейді қола медаль иегері.

С.Окенованың ойынша, жаңа дағдыны үйренуге көп уақыттың қажеті жоқ, ынта болса болғаны. Мәселен, ол осы жетістікке 2,5 жылда жетіп отыр. Ал болашақта француз тілін жетік меңгеріп, жоғары білімді Франциядан алмақ.

Айта кетейік, республикалық олимпиада биылғы оқу жылында төрт кезеңде өтті. Мектеп кезе­ңіне 1 млн-ға жуық бала қатысса, қорытынды кезеңде 1 582 оқушы бақ сынады. Олимпиада қо­ры­тындысы бойынша 685 қа­тысушы жеңімпаз және жүл­дегер атанды. 122 қатысушы алтын медальға, 214-і күміс және 349 қатысушы қола медальға ие болды. Оқушылар олимпиадаға және министрдің марапаттау рәсіміне өз өңірлерінде отырып қатысты.