Іс-шарада сөз алған А.Аймағамбетов: «Дүниежүзінде болып жатқан індетке қарамастан білім шыңын бағындырып, еліміздің намысын қорғап жүрген жастарды мақтан тұтамын. Бұл – үлкен жетістік. Осы орайда оқушыларды интеллектуалдық сайысқа дайындап, білімін шыңдауға көмектескен педагогтерге, осындай дарынды балаларды тәрбиелеп, мұғалімдермен бірдей баптап жүрген ата-аналарға алғыс айтамын. Олардың еңбегі өте зор. Біз осы олимпиаданы ұйымдастыру кезінде де ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуді жалғастырдық. Олимпиаданың соңғы кезеңі компьютерлік форматта өтті. Адалдық қағидаларын алдағы олимпиадалардың барлық кезеңінде сақтауды қолға аламыз», деді.
Елордадағы №17 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Сара Окенова республикалық олимпиадада француз тілі бойынша қола медаль иеленді.
«Көп қатарластарым ағылшын тілін таңдайды. Сондықтан пәндік олимпиадада оған бәсекелестік жоғары. Алайда мен француз тілін мектебімнің талабына байланысты оқыдым. 3 жылдай бұрын Алматыдан ауысып келгенімде, жаңа оқу ордамда француз тілін оқытатынын білдім. Әуелде көп қиналдым, қосымша сабаққа бардым. Бастапқыда ең болмаса үлгерімімді жақсартып, сыныптастарыма ілесу, бағдарламадан қалып қоймауды көздеген едім», дейді қола медаль иегері.
С.Окенованың ойынша, жаңа дағдыны үйренуге көп уақыттың қажеті жоқ, ынта болса болғаны. Мәселен, ол осы жетістікке 2,5 жылда жетіп отыр. Ал болашақта француз тілін жетік меңгеріп, жоғары білімді Франциядан алмақ.
Айта кетейік, республикалық олимпиада биылғы оқу жылында төрт кезеңде өтті. Мектеп кезеңіне 1 млн-ға жуық бала қатысса, қорытынды кезеңде 1 582 оқушы бақ сынады. Олимпиада қорытындысы бойынша 685 қатысушы жеңімпаз және жүлдегер атанды. 122 қатысушы алтын медальға, 214-і күміс және 349 қатысушы қола медальға ие болды. Оқушылар олимпиадаға және министрдің марапаттау рәсіміне өз өңірлерінде отырып қатысты.