Экономика • Бүгін, 12:02

Қант зауытының «жыры» немесе шаруалар биыл да шырылдап қалмай ма?

10 мин
оқу үшін

Қант қызылшасы өндірісінде Жамбыл облысы еліміздегі көшбасшы өңір санатына жатады. Мұнымен, әрине, мақтануға болады. Алайда кейінгі жылдардағы шаруалардың дабыл қағуы, өнім қабылдауға келгенде қант зауытының әлеуеті жетпей қалуы секілді мәселелер кімді де болса толғандырмай қоймаса керек.

Қант зауытының «жыры» немесе шаруалар биыл да шырылдап қалмай ма?

Жамбыл облысында су жаңа қант зауыты салынады деген ақжолтай хабарды естігенде елмен бірге біз де қуанғанбыз. Ендігәрі аптап ыстыққа бір күйіп, қайбір жылы өнімі далада шіріп шырылдап қалған шаруалардың мәсе­лесі оңынан шешіледі деп топшыладық. Көпті толғандырған мәселе мәжіліс депутаттарының да назарынан тыс қалған жоқ. Ай бұрын «Ауыл» партиясы фрак­циясының депутаттары осы бір өзекті мәселені көтеріп, Үкімет басшысы Олжас Бектеновке сауал жолдаған еді.

«Жамбыл облысы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамта­масыз ететін стратегиялық маңызы бар өңірлердің бірі. Бүгінде облыс республикадағы қант қызыл­шасының шамамен 50%-ын өн­діреді. Алайда кейінгі жылдары бұл салада бірқатар проблема туындап отыр.

Мәселен, 2024 жылы Жамбыл облы­сында қант қызылшасының рекордтық өнімі жиналды, ол шамамен 600–640 мың тонна. Алайда өңдеу қуатының жеткіліксіздігі салдарынан өнімнің едәуір бөлігі уақытында қабылданбады. Меркі қант зауытының жобалық қуаты 450 мың тонна болғанымен, за­уыттың физикалық және мораль­дық тұрғыдан ескіруіне байланыс­ты мұндай көлемді іс жүзінде толық игеру мүмкін емес. Осы себептен қант қызылшасы бірнеше апта бойы алқаптарда сақталып, 20–30%-ға дейін салмақ жоғалтты.

Артық өнім басқа өңірлерге, көр­­шілес Қырғызстанға тасымалданды. Соның салдарынан 2025 жылы қант қы­­зыл­­шасының егіс алқаптары екі есеге қыс­қарып, шамамен 6 мың гектарды құрады. Күтілетін өнім көлемі 250 мың тоннаға дейін төмендеді. 2026 жылы егіс көлемін 8,5 мың гектарға дейін ұлғайтып, шамамен 450 мың тонна өнім жинау жос­парланып отыр.

Бұл ретте Жамбыл облысына Тараз қаласындағы «Доминант» қант зауытының құрылысы аса маңызды. Аталған зауыттың құры­лысы биыл аяқталуға тиіс еді. Алай­да құрылыстың жоспарланған мерзімде аяқталуын қатаң бақылау мен жұмысты үйлестіру жағы жеткіліксіз. Бұл жоба кешіктірілсе, өңірдегі қант қызылшасын өңдеу мәселесі одан әрі күрделене түседі деген қауіп бар.

Сонымен қатар қытайлық инвес­торлардың Жамбыл облысында жаңа қант зауытының құрылысын салуы жоспарда болатын. Бұл жұмыс биыл басталуға тиіс еді. Алайда инвестициялық келісімдерге қарамастан, ішкі ұйымдастыру мәсе­лелеріне байланысты нақты құрылыс жұмысы әлі басталған жоқ. Бұл да өңір­дегі қант өнеркәсібін дамыту қарқынын тежеп отыр», деген Ерболат Сау­рықов бастаған депутаттардың сауалы шынында да толғандырмай қоймайды.

Мәжіліс депутаттарының са­уалына толыққанды жауап берген Үкімет басшысы өңірде атқарылып жатқан жұмысты тілге тиек етіп, қант зауыттарының технологиялық жабдықтарының тозуы сала жұмысына айтарлықтай кері әсер етіп отырғанын да жасырған жоқ.

«Жамбыл облысында биыл қант қызыл­шасының егіс алқабын 8,5 мың гектар­ға дейін ұлғайтып, 450 мың тоннаға дейін өнім жиналуға тиіс. Аталған өнімдер Меркі және биыл іске қосу жоспарланған Тараз қант зауытында өңделетін болады. Қазір Тараз қант зауыты қуаты тәулігіне 3 мың тонна қант қызылшасын өңдейтін құрал-жабдықтарды жеткізу мен орнату жұмысын жүргізіп жатыр.

Биыл қазан айында қант қызылшасын өңдеуді бастауға зауыт облыстың 6 ауданындағы 90-ға жуық шаруашылықпен шикізат қабылдауға келісіп, 25 шаруашы­лықты тұқыммен қамтамасыз етті. Сонымен қатар өңірдегі Байзақ ауданында «Zhongkai Kazakhstan» компаниясы қуаты 130 мың тонна қант өндіретін жаңа зауыт салу жобасын іске асырып отыр. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу, инвестициялық келісім, жер учаскесін ресімдеу және қаржыландыру мәселелері пысық­талып жатыр. Облыс әкімдігінің жоспарына сәйкес 2028 жылға қарай өңірде қант қызылшасы өндірісін 1,5 млн тоннаға, қант өндірісін жылына 180 мың тоннаға жеткізу көзделген.

Фермерлер мен өңдеу кәсіп­орындары арасында ұзақмерзімді келісімшарт жүйесін енгізу мәсе­лесіне қатысты Жамбыл облысында Меркі қант зауыты қант қызылшасын өндіруші фермерлермен тығыз жұмыс жүргізіп келеді. Зауыт жыл сайын фермерлермен кездесу өткізіп, шарт негізінде тұқыммен қамтамасыз ету және өнім қабылдау жұмысын ұйымдастырады. Мысалы, осындай шарт негізінде 2025 жылы Меркі қант зауыты фермерлерден 221 мың тонна қант қызылшасын қабылдады.

Сонымен қатар қант зауыт­тарының технологиялық жабдық­тарының тозуы, әлемдік нарықтағы бағаның құбылма­лылығы мен ішкі нарықтағы импорттық арзан қант үлесі отандық қант саласына кері әсерін тигізіп отыр. Осыған байланысты мемлекет тарапынан салаға жүйелі қолдау көрсетіліп келеді. Жалпы, жоғарыда айтылған мәселелер Үкіметтің және Жамбыл облысы әкімдігінің бақылауында, оларды шешуге бағытталған жұмыс жалғасады», деген Үкімет басшысы салада атқарылып жат­қан жұмысты да, кемшілікті де назардан тыс қалдырмады.

Жаңа зауыт қашан іске қосылады?

Бірер күн бұрын Ауыл шаруа­шылығы вице-министрі Азат Сұлтанов өңірдегі ірі инвести­циялық жоба саналатын қант зауытының құрылысы тоқтап тұрғанын мәлімдеді. Айтуынша, қаржылық мәселе туындаған көрінеді. Ол аталған мәселені оңынан шешу мақсатында жұмыс жүргізіліп жатқ­анын тілге тиек еткен болатын. Жағ­дай­дың қалай өрбіп жатқанын білу мақсатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының маманымен сөйлестік.
«Осы жылы 8,5 мың гектар ал­қапқа қант қызылшасы дақылын орналастыру жоспарланған. Қазір бұл жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл 450 мың тонна қант қызылшасы жиналады деп отырмыз. Өнім өңірдегі екі қант зауытында өңделеді.

Біріншісі, 2020 жылдан бас­тап қант құрағын өндіріп келген Тараздағы зауыт екенін айта кеткен жөн. Биыл бұл зауытта қант өндіру жұмысы да іске аспақ. Екінші өндірістік база – Меркі ауданындағы Меркі қант қызылшасы зауыты. Жоспарға сай Тараздағы зауыттың биылғы қуаттылығы 200 мың тонна болса, Меркідегі зауыт 250 мың тоннаны құрайды», дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Нұрғиса Қанқожаев.
2024 жылы рекордтық көрсет­кіште қант қызылшасын жинаған шаруалардың мәселесі ушығып, диқандар дабыл қаққа­ны баршаға мәлім. Сол жылмен салыстыр­ғанда биыл диқандар қанша гектар егіс алқабын қысқартқанын да сұрап білдік.

«Ол жылы шаруалар 11,2 мың гектарға қант қызылшасы дақылын орналастырған еді. Осы жылы қант зауыттарының қуат­тылығын ескере отырып, жалпы көлемі 8,5 мың гектарға орналастырып отырмыз», дейді маман.
Н.Қанқожаев келтірген мәлі­метке қарап-ақ алқаптан алынатын қант қызыл­шасы дақылы екі жыл бұрынғы көрсет­кішпен салыстырғанда 150 мың тоннаға азаятынын аңғару қиын емес. Осыдан-ақ жергілікті билік 2024 жылы айтарлықтай қателікке бой алдырғанын мойындап отыр­ғандай көрінеді.

Бұдан бөлек, вице-министрден зауыт құрылысы қашан жалғасатынын сұрадық.

«Байзақ ауданында қытайлық инвес­торлардың 200 гектар алқапқа жаңа қант зауытын салуы жөнінде жұмыс жүргізіліп жа­тыр. Қазір оларға керекті жер те­лімі берілген. Бұл жерде құры­лыстың ар­­найы капсуласы салынған. Қазір қара­жат­ты аудару жұмысы істі кідіртіп тұрған шығар. Соған байланысты жұмыс тоқтап тұр деген болар. Жоспар бо­йынша бұл зауыт­­тың құрылысы биыл бас­та­лып, келесі жылы іске қосылуға тиіс», дейді ол.

Қалай десек те қант қызыл­шасын өсіруге дағдыланған шаруалар екі жыл бұрын кәдімгідей секем алып қалғаны жадымызда. Шүмектеп төккен тердің өтеуін күтіп жүргенде таудай мәселемен тап болған олардың жағдайын түсінуге болады. Алған өнімің жарамсыз бола бастаса, күйінбей қайтесің? Ал өңірдегі зауыттардың қуаттылығы артса, шаруалар еш­теңеден бас тартпақ емес.

Сонымен зауыттың келер жылы қай айда іске қосылатыны әлі де белгісіз, салаға жауапты мамандар да нақты айта алмады. Соған қарағанда мұндағы жұмыс расында да қаңтарылып тұрған секілді. Бәлкім, тиісті қаражат тым кеш рәсімделсе, мұндағы жұмыс келесі жылы да аяқталмай қала ма деген іште бір күдік қылаң берді.
Байзақтағы зауыт келесі жылы іске қосы­латынына басқарма өкіл­дері де сен­ді­ріп бақты. Іс жүзінде қалай болатынын алдағы уақытта байқап көрерміз. Тек өнім жиналған кезде атқамінерлер шаруа­­лардың жүйкесіне ши жүгіртпесе болғаны.

Жамбыл облысы

Соңғы жаңалықтар