Білім • 24 Мамыр, 2021

Жаңа белес: Еуразия ұлттық университетіне – 25 жыл

785 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ел егемендігін алған жылдары, тіпті тәуелсіз Қазақстанның астанасы Ақмолаға көшірілмей тұрғанда Есілдің бойына үлкен білім ордасының іргетасы қаланды. Бұл – елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Биыл бас қаладағы іргелі ұйымның құрылғанына ширек ғасыр толып отыр. Бүгінде еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының біріне айналған университет – бейбітшілік байрағы желбіреген мемлекеттің білім-ғылымға бет бұрған бағытының белгісіндей.

Жаңа белес: Еуразия ұлттық университетіне – 25 жыл

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жыл­дығына арналған Ғылыми кеңестің салтанатты отырысы өтті. Санитарлық талап сақталған жиынды ЕҰУ ректоры, ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов ашты.

«Елбасы Н.Назарбаевтың Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия уни­верситетін құру туралы­ Жар­лығы отандық білім-ғылым саласының жаңа парағын аш­ты. Атап айтсақ, біріншіден, Елбасы Еуразия университетін құру арқылы 1994 жылы 29 нау­рызда Мәскеу мемлекеттік университеті мінберінен жария еткен Еуразиялық экономикалық одақ идеясына серпін берді. Екіншіден, Қазақстанның жаңа астанасының интеллектуалдық іргетасын қалады. Үшіншіден, отандық жоғары мектептің драйвері ретінде Еуразия уни­верситетіне зор мүмкіндік ту­ғызды. Ал оқу орнына түр­кітанушы, тарихшы, географ Лев Гумилевтің атын беру арқылы жас буынға ел тарихының тереңдігін, көне түркі құндылықтарының маңыздылығын меңзеді. Бұдан да маңызды қадам – Қазақстан жолының, Қазақстан дамуының, Лев Гумилев айтқандай, пас­сионарлық жаңғыруын айқын­дады», деді ректор.

Осыдан соң ЕҰУ басшысы аталған университетте ең­бек еткен ірі тұлғалар мен олардың жемісті жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, Амангелді Құсайынов, Мырзатай Жол­дасбеков, Сәрсенғали Әбді­манапов, Бақытжан Әбдірайым – экс-ректорлар емес, тарихта аты қалған ректорлар. Ал Жа­­бай­хан Әбділдин, Болат Көме­ков, Сейіт Қасқабасов, Рахмет­қажы Берсімбай, Мұх­тарбай Өтелбаев, Ғарифолла Есім, Рысқұл Ойнарұлы, Қар­жаубай Сартқожаұлы, Қойшы­ғара Салғараұлы, Сайлау Батыр­шаұлы, Еңлік Нұрғалиева, Шәкір Ибраев, Намазалы Омашұлы, Ғаділбек Шалахметов, Серік Негимов, т.б. академиктер­ мен әйгілі профессорлар ұлттық университеттің ғылыми мектеп­терін қалыптастырды. Сондай-ақ ширек ғасырда білім ордасының қабырғасында еңбек етіп, бү­гінде  бақиға аттанған Рымғали Нұрғали, Мырзатай Серғалиев, Ақселеу Сейдімбек, Мырзагелді Кемел, Нәубат Қалиев сынды ғалымдардың аты ұмытылмайды.  

Салтанатты жиында сөз алған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқыды. Онда университет алғаш құрылған күннен бастап тәуелсіздікпен бірге жасасып келе жатқаны және еліміздің бетке ұстар білім ұясына айналғаны айтылған. Құрылғанына 50 жыл толмаған әлемдік университет арасында ЕҰУ-дың көш бастағанын жеткізіп, алдағы уақытта білім мен ғылымның көшбасшысы болып, ұлттық университеттің беделін арттыра беретініне және университет тү­лек­тері еліміздің барлық саласында жемісті еңбек ететініне сенім білдірген. Отандық жоғары оқу орындарының арасында алды екені аталып, ЕҰУ алдағы уақытта да жоғары білікті мамандарды даярлауда маңызды ғылыми-білім беру орталығы ретінде қала бе­ретініне үміт артқан.

Сонымен қатар министр А.Аймағамбетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да құттықтауын жеткізді. Пре­зиденттің құттықтауында: «Сіздерді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Осыдан 25 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылып, ЕҰУ Еуропа, Азия, АҚШ, тағы басқа шетелдік жоғары оқу орындарымен, түрлі ғылыми-зерттеу орталықтарымен, шетел мем­лекеттерінің елшіліктерімен, халықаралық білім беру ұйым­дарымен  қарым-қатынас жасайтын еуразиялық идеясын іске асы­ратын жетекші  университетке айналды», делінген.

Президент құттықтауын оқып бергеннен кейін ведомство басшысы А.Аймағамбетов:

«Бұл университет Қазақ­с­тан төңірегінде ғана емес, халық­ара­лық деңгейде қабі­летті болып, әлем­дегі үздік уни­верситеттердің қатарына енуі керек. Қазір дәл осындай міндетті Мем­лекет басшысы біздің алды­мызға қойып отыр. Әрине, бұл үшін барлық мүмкіндік бар деп айтуға болады. Жуырда уни­верситеттің директорлар кеңе­сінде ЕҰУ-ны зерттеуші уни­верситет ре­тінде қайта қалып­тастыру бо­йынша шешім қа­был­дадық. Ен­ді осы шешімді Үкі­меттің қарауына шығарып, тиісті қаулы қабылданса, ЕҰУ зерттеуші университет болып, жаңа белес­терге көтеріледі деп сенемін», деді.

Министр ЕҰУ-ның бір топ қызметкерін мерекелік медальмен марапаттады. Олар­дың іші­нде Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы, академик Рахмет­қажы Берсімбай, филолог-ға­лым Серік Негимов, педагогика ғылымдарының док­­торы, профессор Перизат Сейітқазы «Ыбырай Алтын­са­рин» төсбелгісімен марапатталса, ғалымдар Нұржан Боқаев, Нұр­сәуле Боранбаева ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін  төс­белгісін кеуделеріне тақты.

Оқу орнының мерейтойын­ атап өтуде той тойлауға емес, игі іске де көбірек мән беріл­ген­дей. Соның бір көрінісі болар, ЕҰУ-ның 25 жылдығына орай «University sports centre» спорт­тық-сауық­тыру кешені ашылды. Жалпы ауданы 7 074 шаршы метр және әр ауысымда 216 адам қабыл­дай алатын жаңа спорт кешені волейбол, баскетбол, шағын футбол, гандбол, күрес, би сияқ­ты спорттың ойын түрлері бойынша сабақтар өткізуге, сон­дай-ақ жарыстар мен арнайы спорт секцияларының жаттығу сабақтарын өткізуге арналған. Кешен ғимараты төрт қабаттан тұрады: бірінші қабатта екі футбол, бір баскетбол және төрт волейбол алаңы, екінші қабатта ерлер мен әйелдердің киім шешетін бөлмелері, үшінші қабатта ерлер мен әйелдердің жаттығу залы, бокс залы, шахмат ойнауға ар­налған спорт кабинеттері, сондай-ақ тоғызқұмалақ, асық ату және бес тас сияқты ұлттық спорт түрлері, төртінші қабатта теннис ойнауға арналған зал, шейпинг пен биге арналған спортзал орналасқан.

Жақын уақытта скалодром ашу жоспарланып отыр. Еске сала кетейік, соңғы 8 жылда ЕҰУ корпусына қарасты оқу-зерт­ханалық ғимарат, стартап аймағы, 2 Студенттер үйі, оқытушылар құрамы мен қызметкерлер үшін 2 тұрғын үй салынды.