Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдығына арналған Ғылыми кеңестің салтанатты отырысы өтті. Санитарлық талап сақталған жиынды ЕҰУ ректоры, ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов ашты.
«Елбасы Н.Назарбаевтың Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетін құру туралы Жарлығы отандық білім-ғылым саласының жаңа парағын ашты. Атап айтсақ, біріншіден, Елбасы Еуразия университетін құру арқылы 1994 жылы 29 наурызда Мәскеу мемлекеттік университеті мінберінен жария еткен Еуразиялық экономикалық одақ идеясына серпін берді. Екіншіден, Қазақстанның жаңа астанасының интеллектуалдық іргетасын қалады. Үшіншіден, отандық жоғары мектептің драйвері ретінде Еуразия университетіне зор мүмкіндік туғызды. Ал оқу орнына түркітанушы, тарихшы, географ Лев Гумилевтің атын беру арқылы жас буынға ел тарихының тереңдігін, көне түркі құндылықтарының маңыздылығын меңзеді. Бұдан да маңызды қадам – Қазақстан жолының, Қазақстан дамуының, Лев Гумилев айтқандай, пассионарлық жаңғыруын айқындады», деді ректор.
Осыдан соң ЕҰУ басшысы аталған университетте еңбек еткен ірі тұлғалар мен олардың жемісті жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, Амангелді Құсайынов, Мырзатай Жолдасбеков, Сәрсенғали Әбдіманапов, Бақытжан Әбдірайым – экс-ректорлар емес, тарихта аты қалған ректорлар. Ал Жабайхан Әбділдин, Болат Көмеков, Сейіт Қасқабасов, Рахметқажы Берсімбай, Мұхтарбай Өтелбаев, Ғарифолла Есім, Рысқұл Ойнарұлы, Қаржаубай Сартқожаұлы, Қойшығара Салғараұлы, Сайлау Батыршаұлы, Еңлік Нұрғалиева, Шәкір Ибраев, Намазалы Омашұлы, Ғаділбек Шалахметов, Серік Негимов, т.б. академиктер мен әйгілі профессорлар ұлттық университеттің ғылыми мектептерін қалыптастырды. Сондай-ақ ширек ғасырда білім ордасының қабырғасында еңбек етіп, бүгінде бақиға аттанған Рымғали Нұрғали, Мырзатай Серғалиев, Ақселеу Сейдімбек, Мырзагелді Кемел, Нәубат Қалиев сынды ғалымдардың аты ұмытылмайды.
Салтанатты жиында сөз алған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқыды. Онда университет алғаш құрылған күннен бастап тәуелсіздікпен бірге жасасып келе жатқаны және еліміздің бетке ұстар білім ұясына айналғаны айтылған. Құрылғанына 50 жыл толмаған әлемдік университет арасында ЕҰУ-дың көш бастағанын жеткізіп, алдағы уақытта білім мен ғылымның көшбасшысы болып, ұлттық университеттің беделін арттыра беретініне және университет түлектері еліміздің барлық саласында жемісті еңбек ететініне сенім білдірген. Отандық жоғары оқу орындарының арасында алды екені аталып, ЕҰУ алдағы уақытта да жоғары білікті мамандарды даярлауда маңызды ғылыми-білім беру орталығы ретінде қала беретініне үміт артқан.
Сонымен қатар министр А.Аймағамбетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да құттықтауын жеткізді. Президенттің құттықтауында: «Сіздерді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Осыдан 25 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылып, ЕҰУ Еуропа, Азия, АҚШ, тағы басқа шетелдік жоғары оқу орындарымен, түрлі ғылыми-зерттеу орталықтарымен, шетел мемлекеттерінің елшіліктерімен, халықаралық білім беру ұйымдарымен қарым-қатынас жасайтын еуразиялық идеясын іске асыратын жетекші университетке айналды», делінген.
Президент құттықтауын оқып бергеннен кейін ведомство басшысы А.Аймағамбетов:
«Бұл университет Қазақстан төңірегінде ғана емес, халықаралық деңгейде қабілетті болып, әлемдегі үздік университеттердің қатарына енуі керек. Қазір дәл осындай міндетті Мемлекет басшысы біздің алдымызға қойып отыр. Әрине, бұл үшін барлық мүмкіндік бар деп айтуға болады. Жуырда университеттің директорлар кеңесінде ЕҰУ-ны зерттеуші университет ретінде қайта қалыптастыру бойынша шешім қабылдадық. Енді осы шешімді Үкіметтің қарауына шығарып, тиісті қаулы қабылданса, ЕҰУ зерттеуші университет болып, жаңа белестерге көтеріледі деп сенемін», деді.
Министр ЕҰУ-ның бір топ қызметкерін мерекелік медальмен марапаттады. Олардың ішінде Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы, академик Рахметқажы Берсімбай, филолог-ғалым Серік Негимов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Перизат Сейітқазы «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталса, ғалымдар Нұржан Боқаев, Нұрсәуле Боранбаева ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін төсбелгісін кеуделеріне тақты.
Оқу орнының мерейтойын атап өтуде той тойлауға емес, игі іске де көбірек мән берілгендей. Соның бір көрінісі болар, ЕҰУ-ның 25 жылдығына орай «University sports centre» спорттық-сауықтыру кешені ашылды. Жалпы ауданы 7 074 шаршы метр және әр ауысымда 216 адам қабылдай алатын жаңа спорт кешені волейбол, баскетбол, шағын футбол, гандбол, күрес, би сияқты спорттың ойын түрлері бойынша сабақтар өткізуге, сондай-ақ жарыстар мен арнайы спорт секцияларының жаттығу сабақтарын өткізуге арналған. Кешен ғимараты төрт қабаттан тұрады: бірінші қабатта екі футбол, бір баскетбол және төрт волейбол алаңы, екінші қабатта ерлер мен әйелдердің киім шешетін бөлмелері, үшінші қабатта ерлер мен әйелдердің жаттығу залы, бокс залы, шахмат ойнауға арналған спорт кабинеттері, сондай-ақ тоғызқұмалақ, асық ату және бес тас сияқты ұлттық спорт түрлері, төртінші қабатта теннис ойнауға арналған зал, шейпинг пен биге арналған спортзал орналасқан.
Жақын уақытта скалодром ашу жоспарланып отыр. Еске сала кетейік, соңғы 8 жылда ЕҰУ корпусына қарасты оқу-зертханалық ғимарат, стартап аймағы, 2 Студенттер үйі, оқытушылар құрамы мен қызметкерлер үшін 2 тұрғын үй салынды.