Алматы • Кеше

Ғылымды дамытудың жол картасы

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Алматыда Достық үйінде ғылымды дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізді.

Ғылымды дамытудың жол картасы

Дөңгелек үстел жұмысына Ұлттық ғылым академиясының басшылығында болған ғалымдар, дербес ғылым академияларының басшылары және ғалымдар қатысты.

Э.Серікқызы

Ел экономикасының дамуына, қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуге ғалымдарды жұмылдыра отырып, ҰҒА алдағы басымдықтарын анықтап, қазіргі кезде ғылыми және талдамалық зерттеулерді іске асырып келеді.

Бастауында академик Қаныш Сәтбаев тұрған ҰҒА жаңа технологиялар, инновациялық мүмкіндіктермен ұштастыра отырып тың жобаларды қолға алды. Қазіргі кезде пікірталас алаңдарында келелі мәселелерді талқылап, шешу жолдарын қарастырып жатыр.

Алқалы жиында Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Ақылбек Күрішбаев ауқымды баяндама жасап, ғылымның дамуы мен ғылыми ықпалдастық, жас ғалымдарды үйлестіру саласындағы маңызды істерге тоқталып, атқарылған жұмыстармен таныстырды.

«Қазіргі кезде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әлемдегі 20 жетекші академия тәжірибесін талдай отырып, өз бағдары мен алдағы 10 жылда даму стратегиясын нақты индикаторлармен айқындаған ҰҒА халықаралық тәжірибе негізінде академия жұмысының нақтылы моделін жасады. Қолда бар ресурстарды қолданып, тиімділігін арттыра отырып, қорытындысында қандай нәтижелерге қол жеткізуге болатынын зерттеп, шетел академияларының тәжірибесіне назар аударып отыр. Академия ғылым саласындағы орын алған барлық олқылықтарды анықтап, ғылымның басымдықтарына көңіл бөліп келеді», деп атап өтті А.Күрішбаев.

Баяндама барысында ҰҒА басшысы сонымен қатар алғаш рет ғылымды дамытуға негізделген форсайт-зерттеулер, отандық ғылымның нақты жай-күйін бағалайтын талдау орталығының жұмыс нәтижелері туралы айтып өтті. 2025-2027 жылдарға арналған ғылыми-техникалық тапсырыс барысына сараптама жасалды. Министрліктерге салалық ғылымды дамыту бойынша нақты кеңестер беріліп, түйткілді мәселелері бойынша академия президиумы көшпелі отырыстар өткізді. Мұндағы мақсат аймақтар бойынша жергілікті билік тарапынан да ғылымды қолдау ісінде жарқын бастамалардың болғаны маңызды. Осы жұмыстардың нәтижесінде аналитикалық жазбалар, жол картасы дайындалды.

Биыл тәуелсіздік жылдарында алғаш рет академия жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылғаны белгілі. Қазір кеңес құрамында 20-дан астам жетекші жас ғалым бар. Кеңес құрамындағы омбудсмен жас ғалымдардың мәселелеріне ұсыныстар беріп отыратын болады.

Жиында елімізге белгілі ғалымдар Серікбек Дәукеев, Әбдірасыл Жарменов, Кәрімбек Құрманәлиев, Асқарбек Құсайынов, Бақытжан Жұмағұлов, Рахман Алшанов, Вячеслав Локшин, Нұрлан Рыспанов, тағы да басқа ғалымдар академия президентінің баяндамасына қатысты ойларын білдіріп, академия міндеттеріне қатысты жан-жақты пікір білдірді. Жас ғалымдарды қолдау, оларға әлеуметтік жағдай жасау, зертханаларды заманауи жабдықтау, орта білімнің сапасын арттыру сияқты бір-бірінен бөле жарып қарауға болмайтын келелі мәселелерді аға ғалымдар нақты дәлелдер келтіре отырып алға тартты. Бұл бағытта халықаралық бірлескен жобалардың да маңызына иек артқан абзал.

Бүгінде  Қытай, Америка, Түркия, Ресей, ТМД елдерінің жетекші ғылым академияларымен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойған ҰҒА-да Германия, Оңтүстік Корея, Қытаймен  бірлескен 3 халықаралық орталық құрылды. Жетекші 8 академияның тәжірибесі негізінде ғылыми этика кодексі – ғылыми зерттеулерді жүргізу стандарты дайындалды. Фальсификацияны, плагиатты, мүдделер қақтығысын және жалған бірлескен авторлықты анықтаудың қағидаттары бекітілді.

Ендігі кезекте ғылыми бірлестіктер Ұлттық ғылым академиясымен бірлестікте жұмыс істеуге даяр. Жас ғалымдарға кеңес беріп, оларды ғылым көшінен қалмауда қолдау көрсететін болады. Ғалымдар ғылыми технологиялық дамуда қол қойылған меморандумдарға сәйкес жол картасы аясында жұмыстарды жалғастыратын болады.

АЛМАТЫ

Э.Серікқызы