Коронавирус • 24 Мамыр, 2021

Пандемиядан қандай сабақ алдық?

351 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Әне-міне дегенше жаз жақындап, мектеп оқушылары мен мұғалімдер үшін оқу-тоқуға арналған тағы бір тоғыз ай тәмамдалды. Бұл оқу жылы – бұрынғыдан өзгерек. Өйткені жер-жаһанды жайлаған пандемияның кесірінен еліміздегі білім алушылар аралас форматта оқыды. Соңғы қоңырау да өңірлер мен мектептердегі эпидемиялық жағдайға, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің шешіміне байланысты онлайн және офлайн режімде соғылды.

Пандемиядан қандай сабақ алдық?

Соңғы қоңырау салтанаты 45 минуттан аспауы тиіс

Сөз басында соңғы қоңырауға қатысты маңызды ақпаратқа тоқталайық. Денсаулық сақтау министрлігі мектептердегі соңғы қоңырау жиынын ұйымдастыру талаптары жөнінде «9, 11, (12)-сынып түлектері үшін мектеппен қоштасу салтанаты (соңғы қоңырау, аттестаттарды тапсыру) тек ашық алаңда (таза ауада) өткізіледі. Бұдан бас­қа ешқандай іс-шара өткізілуіне рұқсат беріл­мейді. Салтанатты жиынға мектеп түлектерінен бөлек олардың ата-аналары немесе қамқоршысы (олардың саны бір адамнан аспауы керек), мұғалімдерден тек 6 адам ғана қатыса алады», деп хабарлама таратты. Министрліктің мәлімдеуінше, карантиндегі адамдарға (коронавирус жұқтырғандар немесе науқаспен байланыста болғандар) бұл іс-шараға қатысуға тыйым салынады. Мектеп аумағында адамдардың, қонақтардың (ата-аналар, жақын туыстар, қамқоршылар және тағы басқа) жиналуына жол берілмейді. Салтанатты жиын кезең-кезеңімен өткізіледі. Алдымен іс-шара мектеп аумағында тек бір сынып түлектері үшін ұйымдастырылады. Оның ұзақтығы 45 минуттан аспауы тиіс. Әр сынып үшін өткізілетін салтанатты жиынның аралығы 30 минуттан кем болмауы шарт.

Санитарлық талаптарға сәйкес, салтанатты жиын кезінде қол алысуға тыйым салынады. Іс-шараға қатысушылар бетперде тағып, 2 метр арақашықтықты сақтауға тиіс. Іс-шараға қатысатын мұғалімдер, оқушылар жеке антисептиктерді пайдалануы керек. Соңғы қоңырау, аттестаттарды тапсыру салтанаты аяқталған соң көшеде, қоғамдық тамақтану орындарына баруға (мейрамхана, дәмхана және тағы басқа), бұқаралық іс-шараларды өткізуге болмайды.

Мұғалімдер берген біліміне қанағаттана ма?

Міне, бүгін оқу жылы секілді соңғы қоңырау да аралас форматта соғылмақ. Оқушылардың өзі, ата-аналар онсыз да оқу жылындағы нәтижеге сенер-сенбесін білмей қорытындылап отыр. Әр оқушы, әр ата-ана, әрбір мұғалім мен мектеп өздерінің ішкі нәтижесіне ашық талдау жасай жатар. Біз оған дейін соңғы қоңы­рау күні пандемия­дан қандай сабақ алғанымызды бағамдай берейік.

Білім және ғылым министрлігі Мек­теп­ке дейінгі және орта білім комитеті­нің төрайымы Майра Мелдебекова:

– 3 млн 400 мыңнан аса оқушы осы оқу жылын әртүрлі форматта оқып б­ітір­ді. Олардың 264 мың 800-ден аса оқу­шы 9-сыныпты, 154 мың 400-ден аса түлек 11-сыныпты бітіріп жатыр. Со­ның ішінде бала саны 300-ден көп емес ша­ғын жинақты мектептердегі 120 мың­нан аса оқушы дәстүрлі форматта білім алды. Ал өзге оқу ошақтарындағы 1-5 сынып оқу­шыларына әлі қашықтан оқыту дағ­дылары қалыптаспағандықтан кезекші сыныптар ашылды. Ата-аналар мен балалар өз таңдауы бойынша кезек­ші сыныптарда дәстүрлі форматта оқи ал­ды. Сонымен қатар ІІІ тоқсаннан бастап бітіруші сыныптардың (9 және 11, 12-сынып) оқушылары қорытынды аттестация тапсыратын болғандықтан дәстүрлі форматта оқуға мүмкіндік алды. Бұдан бөлек интернеті нашар немесе мүлдем ұстамайтын шалғай ауылдардағы балалар үшін таңертеңгі сағат 9-дан кешкі сағат 18.00-ге дейін екі телеарнадан («Балапан» арна­сы мен «Еларна») телесабақтар көрсеті­ліп отырды, – деді.

Мүмкіндіктер аясы мүмкіндігінше кеңейтілген шығар-ау, бірақ «Онлайн оқу – оқу емес» деген ашық пікірлерді қайда қоямыз? Мұғалімдердің өзі берген біліміне қанағаттана ма?

«Үздік педагог» байқауының жеңім­пазы, Ақтөбе қаласындағы №23 мектеп-ли­цейі­нің мұғалімі Тамара Албаева биылғы білім беру процесі былтырғыдан жеңіл­деу жүргенін жеткізді. Мұның себебі мұға­лімдер мен оқушылар, тіпті ата-аналар да оқытудың жаңа форматына бой үйреткен.

– Жаңа форматта оқыту, әрине, оңай емес. Алғаш 2020 жылдың наурыз айында қашықтан оқу басталғанда қиындық туғыз­ды. Бірақ биылғы оқу жылында әбден үйренісіп кеттік. Classroom, «Дарын онлайн», Bilimland сияқты білім беру платформаларымен жұмыс іс­теп, төселіп алдық. Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша оқу­шыларды 4 дағдыға (оқылым, тыңдалым, айтылым, жазылым) үйретеміз ғой. Соның ішінде тыңдалымға келгенде «Zoom» платформасымен білім бердік. Өзі­міздің сабақ бойынша қойылған мақ­саттарды игеріп алдық. Қашықтан оқу арқылы балалардың компьютерлік білім-білік дағдысы жақсара түсті. Де­генмен үлгерімі төмен балалардың са­бағына кері әсерін тигізген жағдайы да бар. Кейде балалар сабаққа кірмей, қапаланып қаламыз. Кедергілер де бол­ды. Біз жаңа форматтағы оқытуда материалдық, әдістемелік жағынан көп қиындық көрмедік. Себебі аз ғана уақыт­тың ішінде жыл бойына жететін видео сабақтармен қамтамасыз етілдік. Кез кел­ген тақырыпты платформалардан алу­ға мүмкіндік бар. Тіпті «Балапан» телеар­насының Үоutube арнасында да сақ­талып тұр. Бірақ бәрібір көзбе-көз оқыт­қанға жетпейді екен, – дейді мұғалім Т.Албаева.

Ертең жазғы мектептер ашылады

Педагогтің пікірімен министрліктің өкілі де келіседі.

– Қашықтан оқытуды дәстүрлі оқыту­мен салыстыруға келмейді. Мұғалімнің бала­ға сабақты бетпе-бет отырып түсін­діруі бөлек болады. Ал қашықтан оқы­тудың әдіс-тәсілдері мүлдем басқа. Онда білім беру платформалары, онлайн режімде сабақ өту әдістері, кері бай­ланыс орнатуға жаңа технологиялар қол­данылады, – дейді М.Мелдебекова.

Жарайды, жауапты ведомство да мәсе­ленің бар екенін көріп-біліп отыр делік. Алайда мұнымен мәселе шешіле ме? Бос қалған кеңістіктің орны толтырылуы керек қой. Қашықтан оқытуда түрлі себеппен (біресе интернет, біресе планшеттен проблема болып) меңгерілмеген тақырыптарды балалар қашан оқиды?

– Мүмкіндіктер жан-жақты қарас­тырыл­ғанымен, қашықтан оқытуда мә­се­лелер бар. Осыған орай біз жазғы мек­тептерді іске қос­тық. 26 мамырдан жұмысын бастайтын жазғы мектептер оқушыларға қиындық туғыз­ған тақы­рыптарды қайталап, бекітіп, түсін­діре білім беруге бағытталған. Ата-аналар мен оқушылар жазғы мектептерге өз ер­кімен жазылады. Оның форматы өңір­лердегі эпидемиялық ахуалға байланысты болады. Сонымен қатар топтық немесе жеке сабақтар болуы да мүмкін. Педа­гог оны сол сыныптағы оқушының үл­геріміне қарай анықтайды. Жазғы мектептерге қабылдау 26 мамырға дейін жүргізіледі, демалыстағы оқу 19 маусымда аяқталады. Қашықтан оқы­ту кезінде кеткен қателіктерді түзетуге, ол­қы­лықтардың орнын толтыруға жаз­ғы мектептердің ғана жұмысы жет­кіліксіз. Сон­дықтан біз жергілікті ат­қарушы органдарымен, сондай-ақ педа­гогикалық колледждер мен жоғары оқу орын­дарының үздік студенттерімен бір­лесіп жүйелі жұмыс жүргізуді жос­пар­лап отырмыз. Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы демалыс уақытындағы мектептердің оқу бағдарламасын әзірлейді, сондай-ақ күр­делі тақырыптарды іріктейді. Ака­демияның салалық мамандары қазір­гі таңда әрбір пәннің қиынға соға­тын тақы­рыптарына талдау жасап жатыр. Біз осы жазғы мектептердегі оқы­туға қатысты арнайы әдістемелік нұсқау­лықты дайындап, ұсынып отырмыз, – дейді Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы М.Мелдебекова.

Қашықтан оқытуда жүйелі жұмыс жүргізілуі керек

Пандемия мұғалімдер мен министр­лікке ғана емес, білім беру платформа­ларына да біраз маңызды жайттың бетін ашып бергендей. BilimLand ком­паниясының директоры Рауан Кенже­ханұлы қашықтан оқытуда екіжақ­ты жүйе­лі жұмыс жүргізілуі керек екенін айтады.

– Биылғы оқу жылы жалпы білім беру тарихында бұрын-соңды болмаған ерекше жағдайда өтті. Жыл бойы өте қауырт жұмыс істедік, күрделі істі дөңгелетіп әкетуге білім саласы мамандары айрықша көмектесті. Был­тыр біз осы уақытта 2020-2021 оқу жы­лы­ның қалай болатынын, білім беру плат­формасының қандай маз­мұнмен әзір­ленетінін Білім және ғылым министр­лігімен, Цифрлық даму және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігімен бір­лесіп қызу талқылап жатқанбыз. Міне, қазір сол қадамдарымыздың нәтижесіне көз жет­кізіп отырмыз. Яғни бізге пандемия қашықтан оқытуды мазмұндық қана емес, материалдық, нақтырақ айт­қан­да техникалық жағынан теңдей қарас­тыру керегін түсіндік. Бірақ іс мұны­мен бітпейді. Әлемдік тәжірибе де үлкен сабақ бола алады. Оған осы оқу жы­лындағы білім беруге қатысты жобаларды жүзеге асыру барысында анық көз жеткіздік. Біз шетелдегі әріп­тестерімізбен тығыз байланыста бол­дық. Әлемдегі миллиардтаған оқушы қашық­тан білім алды. Оларды оқытып отыр­ған білім беру платформалары бар. Соның ішінде Pearson компания­сы өз тәжірибелерін айтты, – дейді Р.Кенжеханұлы.

BilimLand компаниясы іске қосқан OnlineMektep платформасында осы оқу жылы бойында 315 млн онлайн сабақ өткен екен. 101 627 825 үй жұмысы бе­ріліп, тексеріліп, 2 504 166 189 тапсырма мен жаттығу орындалыпты.

Аталған компания өкілінің мәлім­деуінше, пандемия әсіресе ұстаз­дар қауымына салмақ салды. Технология­лармен байланысты жаңа дағдыларды тез игеруге тура келді. Оқушылар мен ата-аналар да тосын жағдайға шұ­ғыл бейімделуге мәжбүр болды. Қысыл­таяң жағдайда ұстаздарды қолдап, олар­ға әдістемелік көмек көрсету үшін плат­форма негізінде мұғалімдердің ауқым­ды кәсіби қауымдастығы құрылды, ұстаз­дарды қолдау қызметінің YouTube арнасына 370 мыңнан аса мұғалім жазылған.