Соңғы қоңырау салтанаты 45 минуттан аспауы тиіс
Сөз басында соңғы қоңырауға қатысты маңызды ақпаратқа тоқталайық. Денсаулық сақтау министрлігі мектептердегі соңғы қоңырау жиынын ұйымдастыру талаптары жөнінде «9, 11, (12)-сынып түлектері үшін мектеппен қоштасу салтанаты (соңғы қоңырау, аттестаттарды тапсыру) тек ашық алаңда (таза ауада) өткізіледі. Бұдан басқа ешқандай іс-шара өткізілуіне рұқсат берілмейді. Салтанатты жиынға мектеп түлектерінен бөлек олардың ата-аналары немесе қамқоршысы (олардың саны бір адамнан аспауы керек), мұғалімдерден тек 6 адам ғана қатыса алады», деп хабарлама таратты. Министрліктің мәлімдеуінше, карантиндегі адамдарға (коронавирус жұқтырғандар немесе науқаспен байланыста болғандар) бұл іс-шараға қатысуға тыйым салынады. Мектеп аумағында адамдардың, қонақтардың (ата-аналар, жақын туыстар, қамқоршылар және тағы басқа) жиналуына жол берілмейді. Салтанатты жиын кезең-кезеңімен өткізіледі. Алдымен іс-шара мектеп аумағында тек бір сынып түлектері үшін ұйымдастырылады. Оның ұзақтығы 45 минуттан аспауы тиіс. Әр сынып үшін өткізілетін салтанатты жиынның аралығы 30 минуттан кем болмауы шарт.
Санитарлық талаптарға сәйкес, салтанатты жиын кезінде қол алысуға тыйым салынады. Іс-шараға қатысушылар бетперде тағып, 2 метр арақашықтықты сақтауға тиіс. Іс-шараға қатысатын мұғалімдер, оқушылар жеке антисептиктерді пайдалануы керек. Соңғы қоңырау, аттестаттарды тапсыру салтанаты аяқталған соң көшеде, қоғамдық тамақтану орындарына баруға (мейрамхана, дәмхана және тағы басқа), бұқаралық іс-шараларды өткізуге болмайды.
Мұғалімдер берген біліміне қанағаттана ма?
Міне, бүгін оқу жылы секілді соңғы қоңырау да аралас форматта соғылмақ. Оқушылардың өзі, ата-аналар онсыз да оқу жылындағы нәтижеге сенер-сенбесін білмей қорытындылап отыр. Әр оқушы, әр ата-ана, әрбір мұғалім мен мектеп өздерінің ішкі нәтижесіне ашық талдау жасай жатар. Біз оған дейін соңғы қоңырау күні пандемиядан қандай сабақ алғанымызды бағамдай берейік.
Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова:
– 3 млн 400 мыңнан аса оқушы осы оқу жылын әртүрлі форматта оқып бітірді. Олардың 264 мың 800-ден аса оқушы 9-сыныпты, 154 мың 400-ден аса түлек 11-сыныпты бітіріп жатыр. Соның ішінде бала саны 300-ден көп емес шағын жинақты мектептердегі 120 мыңнан аса оқушы дәстүрлі форматта білім алды. Ал өзге оқу ошақтарындағы 1-5 сынып оқушыларына әлі қашықтан оқыту дағдылары қалыптаспағандықтан кезекші сыныптар ашылды. Ата-аналар мен балалар өз таңдауы бойынша кезекші сыныптарда дәстүрлі форматта оқи алды. Сонымен қатар ІІІ тоқсаннан бастап бітіруші сыныптардың (9 және 11, 12-сынып) оқушылары қорытынды аттестация тапсыратын болғандықтан дәстүрлі форматта оқуға мүмкіндік алды. Бұдан бөлек интернеті нашар немесе мүлдем ұстамайтын шалғай ауылдардағы балалар үшін таңертеңгі сағат 9-дан кешкі сағат 18.00-ге дейін екі телеарнадан («Балапан» арнасы мен «Еларна») телесабақтар көрсетіліп отырды, – деді.
Мүмкіндіктер аясы мүмкіндігінше кеңейтілген шығар-ау, бірақ «Онлайн оқу – оқу емес» деген ашық пікірлерді қайда қоямыз? Мұғалімдердің өзі берген біліміне қанағаттана ма?
«Үздік педагог» байқауының жеңімпазы, Ақтөбе қаласындағы №23 мектеп-лицейінің мұғалімі Тамара Албаева биылғы білім беру процесі былтырғыдан жеңілдеу жүргенін жеткізді. Мұның себебі мұғалімдер мен оқушылар, тіпті ата-аналар да оқытудың жаңа форматына бой үйреткен.
– Жаңа форматта оқыту, әрине, оңай емес. Алғаш 2020 жылдың наурыз айында қашықтан оқу басталғанда қиындық туғызды. Бірақ биылғы оқу жылында әбден үйренісіп кеттік. Classroom, «Дарын онлайн», Bilimland сияқты білім беру платформаларымен жұмыс істеп, төселіп алдық. Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша оқушыларды 4 дағдыға (оқылым, тыңдалым, айтылым, жазылым) үйретеміз ғой. Соның ішінде тыңдалымға келгенде «Zoom» платформасымен білім бердік. Өзіміздің сабақ бойынша қойылған мақсаттарды игеріп алдық. Қашықтан оқу арқылы балалардың компьютерлік білім-білік дағдысы жақсара түсті. Дегенмен үлгерімі төмен балалардың сабағына кері әсерін тигізген жағдайы да бар. Кейде балалар сабаққа кірмей, қапаланып қаламыз. Кедергілер де болды. Біз жаңа форматтағы оқытуда материалдық, әдістемелік жағынан көп қиындық көрмедік. Себебі аз ғана уақыттың ішінде жыл бойына жететін видео сабақтармен қамтамасыз етілдік. Кез келген тақырыпты платформалардан алуға мүмкіндік бар. Тіпті «Балапан» телеарнасының Үоutube арнасында да сақталып тұр. Бірақ бәрібір көзбе-көз оқытқанға жетпейді екен, – дейді мұғалім Т.Албаева.
Ертең жазғы мектептер ашылады
Педагогтің пікірімен министрліктің өкілі де келіседі.
– Қашықтан оқытуды дәстүрлі оқытумен салыстыруға келмейді. Мұғалімнің балаға сабақты бетпе-бет отырып түсіндіруі бөлек болады. Ал қашықтан оқытудың әдіс-тәсілдері мүлдем басқа. Онда білім беру платформалары, онлайн режімде сабақ өту әдістері, кері байланыс орнатуға жаңа технологиялар қолданылады, – дейді М.Мелдебекова.
Жарайды, жауапты ведомство да мәселенің бар екенін көріп-біліп отыр делік. Алайда мұнымен мәселе шешіле ме? Бос қалған кеңістіктің орны толтырылуы керек қой. Қашықтан оқытуда түрлі себеппен (біресе интернет, біресе планшеттен проблема болып) меңгерілмеген тақырыптарды балалар қашан оқиды?
– Мүмкіндіктер жан-жақты қарастырылғанымен, қашықтан оқытуда мәселелер бар. Осыған орай біз жазғы мектептерді іске қостық. 26 мамырдан жұмысын бастайтын жазғы мектептер оқушыларға қиындық туғызған тақырыптарды қайталап, бекітіп, түсіндіре білім беруге бағытталған. Ата-аналар мен оқушылар жазғы мектептерге өз еркімен жазылады. Оның форматы өңірлердегі эпидемиялық ахуалға байланысты болады. Сонымен қатар топтық немесе жеке сабақтар болуы да мүмкін. Педагог оны сол сыныптағы оқушының үлгеріміне қарай анықтайды. Жазғы мектептерге қабылдау 26 мамырға дейін жүргізіледі, демалыстағы оқу 19 маусымда аяқталады. Қашықтан оқыту кезінде кеткен қателіктерді түзетуге, олқылықтардың орнын толтыруға жазғы мектептердің ғана жұмысы жеткіліксіз. Сондықтан біз жергілікті атқарушы органдарымен, сондай-ақ педагогикалық колледждер мен жоғары оқу орындарының үздік студенттерімен бірлесіп жүйелі жұмыс жүргізуді жоспарлап отырмыз. Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы демалыс уақытындағы мектептердің оқу бағдарламасын әзірлейді, сондай-ақ күрделі тақырыптарды іріктейді. Академияның салалық мамандары қазіргі таңда әрбір пәннің қиынға соғатын тақырыптарына талдау жасап жатыр. Біз осы жазғы мектептердегі оқытуға қатысты арнайы әдістемелік нұсқаулықты дайындап, ұсынып отырмыз, – дейді Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы М.Мелдебекова.
Қашықтан оқытуда жүйелі жұмыс жүргізілуі керек
Пандемия мұғалімдер мен министрлікке ғана емес, білім беру платформаларына да біраз маңызды жайттың бетін ашып бергендей. BilimLand компаниясының директоры Рауан Кенжеханұлы қашықтан оқытуда екіжақты жүйелі жұмыс жүргізілуі керек екенін айтады.
– Биылғы оқу жылы жалпы білім беру тарихында бұрын-соңды болмаған ерекше жағдайда өтті. Жыл бойы өте қауырт жұмыс істедік, күрделі істі дөңгелетіп әкетуге білім саласы мамандары айрықша көмектесті. Былтыр біз осы уақытта 2020-2021 оқу жылының қалай болатынын, білім беру платформасының қандай мазмұнмен әзірленетінін Білім және ғылым министрлігімен, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп қызу талқылап жатқанбыз. Міне, қазір сол қадамдарымыздың нәтижесіне көз жеткізіп отырмыз. Яғни бізге пандемия қашықтан оқытуды мазмұндық қана емес, материалдық, нақтырақ айтқанда техникалық жағынан теңдей қарастыру керегін түсіндік. Бірақ іс мұнымен бітпейді. Әлемдік тәжірибе де үлкен сабақ бола алады. Оған осы оқу жылындағы білім беруге қатысты жобаларды жүзеге асыру барысында анық көз жеткіздік. Біз шетелдегі әріптестерімізбен тығыз байланыста болдық. Әлемдегі миллиардтаған оқушы қашықтан білім алды. Оларды оқытып отырған білім беру платформалары бар. Соның ішінде Pearson компаниясы өз тәжірибелерін айтты, – дейді Р.Кенжеханұлы.
BilimLand компаниясы іске қосқан OnlineMektep платформасында осы оқу жылы бойында 315 млн онлайн сабақ өткен екен. 101 627 825 үй жұмысы беріліп, тексеріліп, 2 504 166 189 тапсырма мен жаттығу орындалыпты.
Аталған компания өкілінің мәлімдеуінше, пандемия әсіресе ұстаздар қауымына салмақ салды. Технологиялармен байланысты жаңа дағдыларды тез игеруге тура келді. Оқушылар мен ата-аналар да тосын жағдайға шұғыл бейімделуге мәжбүр болды. Қысылтаяң жағдайда ұстаздарды қолдап, оларға әдістемелік көмек көрсету үшін платформа негізінде мұғалімдердің ауқымды кәсіби қауымдастығы құрылды, ұстаздарды қолдау қызметінің YouTube арнасына 370 мыңнан аса мұғалім жазылған.