Білім • 13 Шілде, 2021

Пандемиядан соң білім саласын өзгерту қажет

405 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

ЛОНДОН. Көптеген ел сыныптарды мұқият түрде қайта ашқандықтан, мектептер Covid-19 дағдарысын тоқтатуда қаншалықты алға жылжығанымыздың маңызды барометрі болып қала береді. Балалардың білім алу құқығын сақтай отырып, олардың денсаулығын да естен шығармауымыз керек. Бірақ пандемия осал топтардағы балаларға ауыр тиіп, білім алу саласындағы теңсіздікті одан әрі нашарлата түсті. Ендігі жерде осы қиындықтан сабақ алып, білім беру жүйесін әділетті, тиімді және төзімді етіп, оқушыларға қолайлы түрде өзгертуіміз керек.

Пандемиядан соң білім саласын өзгерту қажет

Мектептердің жабылуы – осы уақытқа дейін 3,4 миллион адамның өмірін қиған вирусқа тосқауыл жасау мақсатында қабылданған көптеген шараның бірі. Індет шарықтау шегіне жеткенде 1,6 миллиардтан астам бала білім алу мүмкін­дігінен айырылды. Олардың жартысы – табысы орташа және төмен елдерге тиесілі.

Мектептердің жабылуының, миллиондаған баланың әлі күнге дейін сабақ оқи алмауының ұзақ мерзімді зиянын анықтай алмасақ та, оның ең әлсіз топтардағы балаларға, әсіресе, қыздарға теріс әсер ететіні анық. Шамамен 20 миллион қыз енді қайта сыныпқа аяқ баспауы мүмкін. Өйткені олар отбасын асырауға көмек­тесу үшін жұмыс істеуіне тура келеді. 13 миллионға жуығы ерте тұрмысқа шығуға мәжбүр бо­луы мүмкін. Осылайша олар білім алу мүмкіндігінен мүлдем айы­рылады. Миллиондаған адам үшін мектептердің жабылуы жасөспірімдердің ерте жүк­тілігіне әкеледі немесе от­басылық зорлық-зомбылық құр­баны болу қаупін арттырады.

Осы ауыр шындықты ескергенде әрбір мектептің ашылуы – балалардың өмірін түбегейлі жақсы жаққа өзгертетін жеңіс. Оқытудың дағдарысқа дейінгі тә­сіл­деріне оралудың орнына, білім беру жүйесін толығымен өзгертуіміз керек. Ширек миллиард бала мектеп табалдырығын аттамаған, табысы төмен елдер­дегі он жасар балалардың жартысынан көбі қарапайым оқу дағдыларын меңгермеген, мүмкіндіктері тең емес, нашар оқыту жүйесіне қайта орала алмаймыз.

Бәріміз қай жерде өмір сүре­тініне, отбасыларының қан­ша­лықты бақуатты немесе кедей еке­ніне, сондай-ақ олардың кім еке­ніне қарамастан, бар­лық балаға сапалы білім бере­тін оқу жүйесінің негізіне құ­рыл­ған жаһандық қал­пына кел­тіруді жүзеге асыруға тиіс­піз. Мә­селені желдету жүйесі са­лынған, санитарлық талапқа сай дәретханасы және басқа да қарапайым жағдайлары бар мектептерге балалардың қауіпсіз түр­де оралуын қамтамасыз етуден бас­тау керек.

Сондай-ақ елдер қашық­тық­тан оқыту құралдарын сы­нып­­тан тыс уа­қытта балаларға білім беруде пайдалана алады. Осылайша бұрын оқудан қол үзіп қалғандарға білім алудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашы­­лады. Covid-19 салдарынан мек­тептердің жабылуы әр ба­ланың оқуды жалғастыруына қа­жетті балама әдістердің қажет­тілігін күшейтті.

Пандемияға дейін де Білім берудегі жаһандық серіктестік (GPE) секілді ұйымдар дәстүрлі сабақ оқудан өзгеше білім алу­ға көмек қолын созып келген. Мысалы, Ауғанстанда озық оқу орталықтары мен қоғамға не­гізделген, қолжетімді және тең дәрежелі білім беру жобасы сәт­ті жүзеге асты. Бұл нұсқалар шал­ғай аудандардағы балаларға, әсіресе, оқудан қалған қыздарға білім алуға мүмкіндік береді.

Пәкістанның Белужистан және Синд провинцияларын­да технологиялар, соның ішін­де WhatsApp секілді смартфон қосымшалары шалғай аймақ­тарда тұратын балаларға білім беруде мұғалімдерге қаншалықты тиімді болғанын көрдік. Сьерра-Леоненің 2014-2016 жылдардағы Эбола эпидемиясы кезіндегі тәжі­рибесіне сүйене отырып, қа­зіргі дағдарыс кезеңінде радио арқылы оқытуға ерекше кө­ңіл бөлінді. Мектептер жабық болғанына қарамастан, GPE қол­дауының арқасында балалардың оқу бағдарламасынан қалып қой­мауына мүмкіндік берілді.

Осындай бастамаларды бі­лім беру жүйелеріндегі бұған дейінгі тең­сіз­діктерді жоюға, қа­жетті шкала бойын­ша оқытуды қамтамасыз ете отырып, оларды инклюзивті етуге пайдалана аламыз. Бұл өз кезегінде Covid-19 пандемиясы ғана емес, сонымен қатар қақтығыстар, кедейлік, табиғи апаттар немесе климаттың өзгеруі салдарынан туындаған білім сала­сындағы олқылықтарды жоюға көмектеседі.

Серіктес елдердің үкімет­те­рінің ұлттық білім беру жүйе­ле­ріне қолдау көрсету арқылы GPE осы уақытқа дейін 160 миллионнан астам баланы мектепке қабылдауға көмектесті. Олардың жартысынан көбі – қыздар. Сонымен қатар GPE қор­лары ұлттық білім берудің ба­сымдықтарына сәйкес ұйым­ның қаржылық қолдауын көбейту үшін басқа да донорлық қаражат тартады.

Бұл тәсіл қажетті өзгерістерді жыл­дамдатуға және оны бүгінгі білім берудегі төтенше жағдайлар талап ететін ауқымда жүзеге асыруда маңызды. Бүгінге дейін GPE қаржылық қолдау көрсеткен бастамалардың 97 пайызы кірісі төмен елдердегі білімге қолы жет­пеген балаларға, әсіресе, қыз­­дар мен мүмкіндігі шектеулі ба­­лалардың оқуына жағдай жасайды.

Пандемиядан кейін көптеген мемлекет білім беру жүйелерін болашаққа бейімдеу үшін мол қаражат салуы керек. Яғни қа­шық­тықтан оқыту нұсқаларын әзірлеп, біріктіріп қана қоймай, сонымен қатар мектептерді тиіс­ті санитарлық-гигиеналық құрал­дармен қамтамасыз етіп, қа­рапайым гигиенаға үйретуіміз қажет. Мұғалімдер жаңа әдістерді пайдаланып оқытқаны жөн. Сондай-ақ күнделікті тамағының біреуін мектептен ішетін бала­лардың дағдарыс кезінде аш қалмауына алаңдауымыз керек.

Осының бәріне қол жеткізу үшін табысы төмен елдердің үк­іметтеріне білім беру бюд­жет­тері пандемияның эконо­ми­калық құлдырауынан туын­даған қиындыққа қарсы тұра бі­луіне көмектесуіміз керек. Ішкі ресурстар білім беруді қар­жыландырудың басым көп­шілігін құрайды, бірақ ха­лық­аралық қолдау қолданыстағы жүйені кеңейтуде үлкен рөл атқарады. Бұл табысы төмен елдердегі экономикалық ахуал тұрақталғанға дейін оқытуды жандандыруға мүмкіндік береді.

Биыл GPE әлем елдеріне сауын айтып, білім беруді өзгертуге кем дегенде 5 миллиард доллар бөлуге шақырып отыр. Бұл қа­ражат мектептер білім алу үшін ғана емес, сонымен бірге балалардың әл-ауқаты мен қа­уіпсіздігі үшін маңызды са­налатын 90 ел мен аумаққа жұм­салмақ. Қауіпсіз, инклюзивті және сапалы білім пандемиядан құтқарудың трамплині бола алады және келесі дағдарысқа қарсы тұруға жол ашады.

Джулия ГИЛЛАРД,

Аустралияның бұрынғы премьер-министрі, Білім беру жөніндегі жаһандық серіктестік директорлар кеңесінің төрағасы

Copyright: Project Syndicate, 2021. www.project-syndciate.org