Мектептердің жабылуы – осы уақытқа дейін 3,4 миллион адамның өмірін қиған вирусқа тосқауыл жасау мақсатында қабылданған көптеген шараның бірі. Індет шарықтау шегіне жеткенде 1,6 миллиардтан астам бала білім алу мүмкіндігінен айырылды. Олардың жартысы – табысы орташа және төмен елдерге тиесілі.
Мектептердің жабылуының, миллиондаған баланың әлі күнге дейін сабақ оқи алмауының ұзақ мерзімді зиянын анықтай алмасақ та, оның ең әлсіз топтардағы балаларға, әсіресе, қыздарға теріс әсер ететіні анық. Шамамен 20 миллион қыз енді қайта сыныпқа аяқ баспауы мүмкін. Өйткені олар отбасын асырауға көмектесу үшін жұмыс істеуіне тура келеді. 13 миллионға жуығы ерте тұрмысқа шығуға мәжбүр болуы мүмкін. Осылайша олар білім алу мүмкіндігінен мүлдем айырылады. Миллиондаған адам үшін мектептердің жабылуы жасөспірімдердің ерте жүктілігіне әкеледі немесе отбасылық зорлық-зомбылық құрбаны болу қаупін арттырады.
Осы ауыр шындықты ескергенде әрбір мектептің ашылуы – балалардың өмірін түбегейлі жақсы жаққа өзгертетін жеңіс. Оқытудың дағдарысқа дейінгі тәсілдеріне оралудың орнына, білім беру жүйесін толығымен өзгертуіміз керек. Ширек миллиард бала мектеп табалдырығын аттамаған, табысы төмен елдердегі он жасар балалардың жартысынан көбі қарапайым оқу дағдыларын меңгермеген, мүмкіндіктері тең емес, нашар оқыту жүйесіне қайта орала алмаймыз.
Бәріміз қай жерде өмір сүретініне, отбасыларының қаншалықты бақуатты немесе кедей екеніне, сондай-ақ олардың кім екеніне қарамастан, барлық балаға сапалы білім беретін оқу жүйесінің негізіне құрылған жаһандық қалпына келтіруді жүзеге асыруға тиіспіз. Мәселені желдету жүйесі салынған, санитарлық талапқа сай дәретханасы және басқа да қарапайым жағдайлары бар мектептерге балалардың қауіпсіз түрде оралуын қамтамасыз етуден бастау керек.
Сондай-ақ елдер қашықтықтан оқыту құралдарын сыныптан тыс уақытта балаларға білім беруде пайдалана алады. Осылайша бұрын оқудан қол үзіп қалғандарға білім алудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашылады. Covid-19 салдарынан мектептердің жабылуы әр баланың оқуды жалғастыруына қажетті балама әдістердің қажеттілігін күшейтті.
Пандемияға дейін де Білім берудегі жаһандық серіктестік (GPE) секілді ұйымдар дәстүрлі сабақ оқудан өзгеше білім алуға көмек қолын созып келген. Мысалы, Ауғанстанда озық оқу орталықтары мен қоғамға негізделген, қолжетімді және тең дәрежелі білім беру жобасы сәтті жүзеге асты. Бұл нұсқалар шалғай аудандардағы балаларға, әсіресе, оқудан қалған қыздарға білім алуға мүмкіндік береді.
Пәкістанның Белужистан және Синд провинцияларында технологиялар, соның ішінде WhatsApp секілді смартфон қосымшалары шалғай аймақтарда тұратын балаларға білім беруде мұғалімдерге қаншалықты тиімді болғанын көрдік. Сьерра-Леоненің 2014-2016 жылдардағы Эбола эпидемиясы кезіндегі тәжірибесіне сүйене отырып, қазіргі дағдарыс кезеңінде радио арқылы оқытуға ерекше көңіл бөлінді. Мектептер жабық болғанына қарамастан, GPE қолдауының арқасында балалардың оқу бағдарламасынан қалып қоймауына мүмкіндік берілді.
Осындай бастамаларды білім беру жүйелеріндегі бұған дейінгі теңсіздіктерді жоюға, қажетті шкала бойынша оқытуды қамтамасыз ете отырып, оларды инклюзивті етуге пайдалана аламыз. Бұл өз кезегінде Covid-19 пандемиясы ғана емес, сонымен қатар қақтығыстар, кедейлік, табиғи апаттар немесе климаттың өзгеруі салдарынан туындаған білім саласындағы олқылықтарды жоюға көмектеседі.
Серіктес елдердің үкіметтерінің ұлттық білім беру жүйелеріне қолдау көрсету арқылы GPE осы уақытқа дейін 160 миллионнан астам баланы мектепке қабылдауға көмектесті. Олардың жартысынан көбі – қыздар. Сонымен қатар GPE қорлары ұлттық білім берудің басымдықтарына сәйкес ұйымның қаржылық қолдауын көбейту үшін басқа да донорлық қаражат тартады.
Бұл тәсіл қажетті өзгерістерді жылдамдатуға және оны бүгінгі білім берудегі төтенше жағдайлар талап ететін ауқымда жүзеге асыруда маңызды. Бүгінге дейін GPE қаржылық қолдау көрсеткен бастамалардың 97 пайызы кірісі төмен елдердегі білімге қолы жетпеген балаларға, әсіресе, қыздар мен мүмкіндігі шектеулі балалардың оқуына жағдай жасайды.
Пандемиядан кейін көптеген мемлекет білім беру жүйелерін болашаққа бейімдеу үшін мол қаражат салуы керек. Яғни қашықтықтан оқыту нұсқаларын әзірлеп, біріктіріп қана қоймай, сонымен қатар мектептерді тиісті санитарлық-гигиеналық құралдармен қамтамасыз етіп, қарапайым гигиенаға үйретуіміз қажет. Мұғалімдер жаңа әдістерді пайдаланып оқытқаны жөн. Сондай-ақ күнделікті тамағының біреуін мектептен ішетін балалардың дағдарыс кезінде аш қалмауына алаңдауымыз керек.
Осының бәріне қол жеткізу үшін табысы төмен елдердің үкіметтеріне білім беру бюджеттері пандемияның экономикалық құлдырауынан туындаған қиындыққа қарсы тұра білуіне көмектесуіміз керек. Ішкі ресурстар білім беруді қаржыландырудың басым көпшілігін құрайды, бірақ халықаралық қолдау қолданыстағы жүйені кеңейтуде үлкен рөл атқарады. Бұл табысы төмен елдердегі экономикалық ахуал тұрақталғанға дейін оқытуды жандандыруға мүмкіндік береді.
Биыл GPE әлем елдеріне сауын айтып, білім беруді өзгертуге кем дегенде 5 миллиард доллар бөлуге шақырып отыр. Бұл қаражат мектептер білім алу үшін ғана емес, сонымен бірге балалардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігі үшін маңызды саналатын 90 ел мен аумаққа жұмсалмақ. Қауіпсіз, инклюзивті және сапалы білім пандемиядан құтқарудың трамплині бола алады және келесі дағдарысқа қарсы тұруға жол ашады.
Джулия ГИЛЛАРД,
Аустралияның бұрынғы премьер-министрі, Білім беру жөніндегі жаһандық серіктестік директорлар кеңесінің төрағасы
Copyright: Project Syndicate, 2021. www.project-syndciate.org