...Спортшыларымыз бұл күні жеңіске бастар жолды таппай, барлығы шетінен жеңіліске ұшырады. Төртінші күннің жарысын 67 килодан жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен таэквондошы Жансель Дениз бастап шықты. Оның алғашқы қадамы сәтті болған-ды. Өзімен деңгейлес өзбек спортшысы Светлана Осиповамен жекпе-жек өткізген Жансель 10:9 есебімен жеңіске жетті. Алайда Жансельдің шамасы келесі кездесуінде үш дүркін әлем чемпионы Ұлыбритания өкілі Бьянка Уалденге жетпеді. Есеп ‒ 7:17.
Ал ерлер арасында 80 килодан жоғары салмақта жарысқа шыққан Руслан Жапаров та доданы сәтті бастап еді. Ол алғашқы айналымда Германия спортшысы, 2017 жылғы әлем чемпионы Александр Бахманды 11:7 есебімен ұтып, медаль алатын фавориттер қатарына кірді. Көп ұзамай екінші кездесуінде Оңтүстік Корея өкілі, әлемдік рейтингте екінші тұрған Кио Дон Иннан 2:10 есебімен ойсырай жеңілді.
Дзюдодан 81 килода сайысқа түскен Дидар Хамза Олимпиаданы екінші айналымнан бастаған. Алайда жүлдеден үмітті үшінші спортшымыз да бұл күні сылбыр күресті. Дидардың қарсыласы әлем чемпионы Саид Моллаи еді. Азулы моңғолиялық дзюдошы ұрымтал сәтте жерлесімізді «иппонға» таза түсірді.
Әшейінде құралайды көзге атқан мергендердің ұрпағымыз деп мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз ғой. Ал нысананы көздеуге келгенде барлығы басқаша болады. Садақ атудан қазақстандық Денис Ганькин Токио Олимпиадасында ойдағыдай өнер көрсете алмады. Денис бірінші кезеңде Мысыр спортшысы Юсуф Толбадан 6:4 есебімен басым түскенімен, екінші айналымда италиялық Мауро Несполиден 2:6 есебімен жеңілді.
Су добынан қатарынан екінші кездесуде жеңіліс тапқан Қазақстан құрамасы енді жеңілетін болса қол жүктерін жинай беруіне болады. Олар екінші кездесуде Сербиядан 19:5 есебімен ойсырай жеңілді.
Соңғы кезде боксты талан-таражға салған АИБА-ның Халықаралық олимпиадалық комитеттің алдында беделі қалмағаны белгілі. Тіпті боксты олимпиадалық спорт түрінен алып тастау төңірегінде әңгіме қозғалған-ды. Бірақ әупірімдеп жүріп төрт жылда бір келетін додада қалған боксқа бұл жолы АИБА-ның емес, ХОК-тың төрешілері қазылық етеді. Сол себепті барлық жауапкершілікті өз мойындарына алған ХОК «Токио Олимпиадасында бокс әділ өтеді» деген болатын. Оның үстіне бұған дейін рингке көтерілген үш боксшымыз да жарысты сәтті бастады. Одан қалса бокстан әлемдік державалардың қатарындамыз деген сенім де бар бойымызда. Алайда Kokugikan аренасына келгенде сеніміміз күл-талқан болды.
69 килода салмақта сынға түскен Абылайхан Жүсіпов жарысқа екінші болып шықты. Оның алдында Лондон Олимпиадасының чемпионы, кубалық Рониэль Иглесиас Сотолонго жапон боксшысы Оказакамен жұдырықтасып, әзер дегенде 3:2 есебімен жеңді. Осыған қарап біздің Абылайхан Рониэль Иглесиасті келесі кездесуде сабайды ғой деп, жерлесімізді ширек финалға алдын ала шығарып та қойған едік. Сенген Абылайханымыз Джонсон Делантемен болған кездесуде сылбыр бокстасты. Неге екені белгісіз соққылары дөп тигенімен, оның соққысын қарсыласы шыбын құрлы көрмейді. Кездесуде 1:4 есебі тіркелді. АҚШ өкілінің пайдасына.
Төрт Олимпиадада қазақ боксшылары атой салып, «қазақтың салмағы» атанып кеткен 69 килоға деген «иелігімізден» Токио төрінде айырылуға тура келді. Ол енді кімге бұйырар екен?
Василий Левиттің жұдырықтасуы тіпті масқара болды. Токиода алтын алады-ау деген Васяның дәуірі Риода-ақ өтіп кеткен екен. Олимпиаданың күміс жүлдегері Левит Испания намысын қорғайтын кубалық Эммануэль Рейеске қарсы шықты. Кездесудің екінші раундында жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталды. Бірнеше ауыр соққыны өткізіп алған Левит алаңда сұлап түсті.
Теннистен Қазақстан командасының мүшесі Михаил Кукушкин Токиодағы жорығын аяқтады. Ол екінші айналымда АТР рейтингінде 66-орында тұрған Беларусь спортшысы Илья Ивашкодан 1:2 есебімен жеңіліс тапты. Екеуара 2 сағат 25 минутқа созылған матчта 6:7, 6:3, 6:3 есебі тіркелді.
Есесіне Олимпиадада теннисшілер арасында жалғыз өзі қалған Елена Рыбакина мен жүзуден ел мақтанышы Дмитрий Баландин үміт шоғын үрлей түсті. Рыбакина үшінші айналымда хорватиялық Донна Векичпен 1 сағат 41 минутқа созылған кездесуде 7:6, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
«Бүгін өте қиын кездесу болды. Жаңбырға байланысты матч кейінге шегеріліп, кортқа шығатын кезегімді ұзақ күттім. Қазіргі ойыныма көңілім толмайды. Себебі кездесу басталғанда көптеген қателікке жол бердім. Десе де, бүгін жеңіске жетіп, келесі айналымға өткеніме өте қуаныштымын. Келесі қарсыласым – испаниялық Гарбине Мугуруса. Ол жақсы теннисші және маған оның ойыны таныс, бірге ойнап көрдік. Сондықтан алда мені не күтіп тұрғанын жақсы білемін», деді Елена Рыбакина.
Сейсенбі күнгі жарыста соңғы болып 200 метрге брасс әдісімен жүзуден іріктеу турнирі өтті. Рио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин өз тобында төртінші нәтиже тіркеді. Ал жалпы есепте жетінші орынмен Олимпиаданың жартылай финалына жолдама алды.