TOKYO2020 • 28 Шілде, 2021

«Қазақтың салмағы» кімге бұйырады?

340 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Олимпиаданың төртінші жарыс күні де артта қалды. Үш күн бойы күніне бір-бір қоладан алып, «қолабек» атанған қазақстандықтардың арасынан «алтынбекті» алаңдап күтудеміз. Алтыннан дәмеленетін жөніміз де бар. Әлемдік рейтингте үздік ондықта тұрған таэквондошы Руслан Жапаров пен Азия ойындарының күміс жүлдегері Жансель Дениз және өзінің екінші Олимпиадасында бақ сынауға келген дзюдошы Дидар Хамза секілді спортшылар алтынға бастар жолды біледі деп сендік. Сөйтсек...

«Қазақтың салмағы» кімге бұйырады?

...Спортшыларымыз бұл күні жеңіске бастар жолды таппай, барлығы шетінен жеңіліске ұшырады. Төртінші күннің жарысын 67 килодан жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен таэквондошы Жансель Дениз бастап шықты. Оның алғашқы қадамы сәтті болған-ды. Өзімен дең­гейлес өзбек спортшысы Свет­лана Осиповамен жекпе-жек өткізген Жансель 10:9 есебі­мен жеңіске жетті. Алайда Жан­сельдің шамасы келесі кезде­суінде үш дүркін әлем чемпионы Ұлыбритания өкілі Бьянка Уалденге жетпеді. Есеп ‒ 7:17.

Ал ерлер арасында 80 килодан жоғары салмақта жарысқа шыққан Руслан Жапаров та доданы сәтті бастап еді. Ол алғашқы айналымда Германия спортшысы, 2017 жылғы әлем чемпионы Александр Бахманды 11:7 есе­бімен ұтып, медаль алатын фавориттер қатарына кірді. Көп ұзамай екінші кездесуінде Оңтүстік Корея өкілі, әлемдік рейтингте екінші тұрған Кио Дон Иннан 2:10 есебімен ойсырай жеңілді.

Дзюдодан 81 килода сайыс­қа түскен Дидар Хамза Олим­пиаданы екінші айналымнан бас­таған. Алайда жүлдеден үмітті үшінші спортшымыз да бұл күні сылбыр күресті. Дидар­дың қарсыласы әлем чемпионы Саид Моллаи еді. Азулы моң­ғо­лиялық дзюдошы ұрымтал сәт­те жерлесімізді «иппонға» таза түсірді.

Әшейінде құралайды көзге атқан мергендердің ұрпағымыз деп мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз ғой. Ал нысананы көздеуге келгенде барлығы басқаша болады. Садақ атудан қазақстандық Денис Ганькин Токио Олимпиадасында ойда­ғыдай өнер көрсете алмады. Де­нис бірінші кезеңде Мысыр спорт­шысы Юсуф Толбадан 6:4 есебімен басым түскенімен, екінші айналымда италиялық Мауро Несполиден 2:6 есебімен жеңілді.

Су добынан қатарынан екін­ші кездесуде жеңіліс тапқан Қазақстан құрамасы енді жеңі­летін болса қол жүктерін жинай беруіне болады. Олар екінші кездесуде Сербиядан 19:5 есебімен ойсырай жеңілді.

Соңғы кезде боксты талан-таражға салған АИБА-ның Ха­лықаралық олимпиадалық ко­митеттің алдында беделі қал­ма­ғаны белгілі. Тіпті боксты олим­пиадалық спорт түрінен алып тастау төңірегінде әңгіме қоз­ғалған-ды. Бірақ әупірімдеп жүріп төрт жылда бір келетін додада қалған боксқа бұл жолы АИБА-ның емес, ХОК-тың төрешілері қазылық етеді. Сол се­бепті барлық жауапкершілікті өз мойындарына алған ХОК «Токио Олимпиадасында бокс әділ өтеді» деген болатын. Оның үстіне бұған дейін рингке көте­рілген үш бокс­шымыз да жарысты сәтті бастады. Одан қалса бокс­тан әлемдік державалардың қата­рындамыз деген сенім де бар бойымызда. Алайда Kokugikan аренасына келгенде сеніміміз күл-талқан болды.

69 килода салмақта сынға түскен Абылайхан Жүсіпов жа­рысқа екінші болып шықты. Оның алдында Лондон Олим­пиа­дасының чемпионы, кубалық Ро­ниэль Иглесиас Сотолонго жа­пон боксшысы Оказакамен жұ­дырықтасып, әзер дегенде 3:2 есе­бімен жеңді. Осыған қа­рап біздің Абылайхан Ро­ниэль Иглесиасті келесі кезде­суде сабайды ғой деп, жер­ле­сі­мізді ширек финалға алдын ала шығарып та қойған едік. Сенген Абылайханымыз Джонсон Делантемен болған кез­десуде сылбыр бокстасты. Неге екені белгісіз соққылары дөп тигенімен, оның соққысын қарсыласы шыбын құрлы көрмейді. Кездесуде 1:4 есебі тіркелді. АҚШ өкілінің пайдасына.

Төрт Олимпиадада қазақ бокс­шылары атой салып, «қазақ­тың салмағы» атанып кеткен 69 килоға деген «иелігімізден» То­кио төрінде айырылуға тура келді. Ол енді кімге бұйырар екен?

Василий Левиттің жұды­рықтасуы тіпті масқара болды. То­­киода алтын алады-ау де­ген Ва­­сяның дәуірі Риода-ақ өтіп­ кет­­кен екен. Олим­пиа­даның кү­міс жүлдегері Левит Ис­­пания на­мы­сын қор­ғайтын ку­балық Эм­ма­нуэль Рейес­ке қар­сы шықты. Кез­десудің екінші раунд­ында жек­пе-жек мерзімінен бұрын аяқ­талды. Бірнеше ауыр соққыны өт­кізіп алған Левит алаңда сұлап түсті.

Теннистен Қазақстан ко­ман­дасының мүшесі Ми­хаил Ку­куш­кин Токиодағы жо­рығын аяқтады. Ол екінші ай­налымда АТР рейтингінде 66-орында тұрған Беларусь спорт­шысы Илья Ивашкодан 1:2 есебімен же­ңіліс тапты. Екеу­ара 2 сағат 25 минутқа со­зылған матчта 6:7, 6:3, 6:3 есе­бі тіркелді.

Есесіне Олимпиадада теннис­шілер арасында жалғыз өзі қалған Елена Рыбакина мен жү­зуден ел мақтанышы Дмитрий Баландин үміт шоғын үрлей түсті. Рыбакина үшінші айналымда хорватиялық Донна Векичпен 1 сағат 41 минутқа созылған кездесуде 7:6, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

«Бүгін өте қиын кездесу болды. Жаңбырға байланыс­ты матч кейінге шегеріліп, корт­қа шығатын кезегімді ұзақ күттім. Қазіргі ойыныма көңілім толмайды. Себебі кездесу бас­тал­ғанда көптеген қателікке жол бердім. Десе де, бүгін же­ңіске жетіп, келесі айналымға өт­кеніме өте қуаныштымын. Ке­лесі қарсыласым – испаниялық Гар­бине Мугуруса. Ол жақсы тен­нисші және маған оның ойыны таныс, бірге ойнап көрдік. Сондықтан алда мені не күтіп тұрғанын жақсы білемін», деді Елена Рыбакина.

Сейсенбі күнгі жарыста соң­ғы болып 200 метр­ге брасс әді­сімен жүзуден ірік­теу тур­нирі өтті. Рио Олимпиа­дасы­ның чемпионы Дмитрий Ба­ландин өз тобында төртінші нәтиже тір­кеді. Ал жалпы есеп­те же­тін­ші орынмен Олим­пиа­даның жар­тылай финалына жолдама алды.