Ведомствоның мәліметінше, соңғы екі жылда таңбалау жүйесі фармацевтикалық нарықтағы дәрілік заттардың нақты айналымын бақылауға мүмкіндік берген. Қазіргі уақытта елімізде шамамен 1 миллиард дәрі қаптамасы таңбаланған. Оның 604 миллионы импортталған өнім болса, 400 миллионға жуығы отандық кәсіпорындарда өндірілген.
Сондай-ақ жүйе арқылы 457 миллионнан астам дәрі қаптамасының түпкілікті тұтынушыға жеткені тіркелген.
Мамандардың айтуынша, цифрлық бақылау жүйесінің басты артықшылықтарының бірі – күмәнді операцияларды автоматты түрде анықтау мүмкіндігі. Соның нәтижесінде тегін таратылуға тиіс дәрі-дәрмектердің дәріханаларда қайта сатылған мыңдаған жағдайы анықталған.
Бұрын мұндай заң бұзушылықтар көбіне тексерулер барысында ғана белгілі болатын. Ал қазіргі таңда жүйе күдікті әрекеттерді автоматты түрде тіркеп, ақпаратты жедел түрде тиісті мемлекеттік органдарға жолдайды.
2027 жылдан бастап ел тұрғындары өздеріне қажетті дәрі-дәрмекті тегін алады
Денсаулық сақтау министрлігі бұл жүйе арқылы фармацевтикалық нарықты үздіксіз онлайн режимде бақылауға мүмкіндік туғанын атап өтті. Енді реттеуші органдар дәрілік заттардың өндірісі мен импортының нақты көлемін көріп, әрбір қаптаманың қозғалысын қадағалай алады.
Сонымен қатар жүйе азаматтардан шағым түспей тұрып-ақ тәуекелі жоғары немесе күмән тудыратын операцияларды анықтауға мүмкіндік береді.
Әрбір дәрі қаптамасына қойылатын бірегей Data Matrix коды жалған және контрафактілік өнімдердің заңсыз айналымын шектеуге бағытталған. Мамандардың сөзінше, тіркелмеген немесе қолдан жасалған дәрілік заттарды сатуға әрекет жасалған жағдайда жүйе оны алғашқы кезеңде-ақ анықтай алады.
Министрлік цифрлық таңбалау жүйесі денсаулық сақтау саласын цифрландырудағы маңызды құралдардың біріне айналғанын атап өтті. Бұл тетік фармацевтикалық нарықтың ашықтығын арттырып, пациенттердің қауіпсіздігін күшейтуге және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сапасын бақылауды жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.
Еске салайық, бұған дейін Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қаласында көршілес мемлекеттерден дәрілік препараттарды, оның ішінде күшті әсер ететін медикаменттерді контрабандалық жолмен әкеліп, кейін оларды еліміздің дәріханалар желісі арқылы өткізумен айналысқан 4 фармацевтикалық компанияның заңсыз қызметін тоқтатқан еді.