Фото: Ашық дереккөз
Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовтың айтуынша, қазір елімізде 3,4 миллион адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған. Алайда пациенттердің өздері айтқандай, берілетін дәрілердің барлығы бірдей қолданылмайды.
«Біз дербестендірілген өтінімдер жүйесіне көшеміз. Дәрігер науқасқа қандай дәрі тағайындаса, біз соны сатып алып береміз. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Мұнда цифрлық платформа, цифрлық мониторинг қарастырылған. Осы бағытта «СК-Фармация» және жергілікті медициналық ұйымдар мен дәрігерлер үлкен жұмыс жүргізіп жатыр. Биыл осы жүйеге көшеміз, ал 2027 жылдан бастап пациентке нақты қажет, дәрігер жазып берген препараттарды береміз», деді Тимур Мұратов.
Ол жүйе созылмалы ауруы бар науқастарға дәрігер қандай препарат тағайындайтынын жинақтап отыратынын түсіндірді.
«Науқасқа оның салмағы, бойы және басқа да жеке ерекшеліктерін ескере отырып, жеке терапия тағайындауға болады. Содан кейін бір жыл бойы сол дәрілерді сатып алып, қамтамасыз етуге мүмкіндік туады», деп атап өтті вице-министр.
Айта кетейік, елімізде өндірілетін дәрі-дәрмек көлемі артып келеді. Қазір отандық дәрі-дәрмек үлесі шамамен 40 пайызға жетті.