Фото: Ашық дереккөз
Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов фармацевтика саласына тартылған инвестиция көлемі 142,8 млн долларға жеткенін айтты. Сондай-ақ отандық фармацевтикалық өнім экспорты 84 млн долларға дейін өскен.
Қазіргі таңда Қазақстанда 209 отандық тауар өндіруші тіркелген. Оның ішінде 43 кәсіпорын дәрі-дәрмек шығарса, 166 компания медициналық бұйымдар өндіреді.
Министрліктің дерегіне сәйкес, отандық өндірушілердің үлесі табиғи көлемде 39,8 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесінің мәліметтері арқылы расталған.
Отандық фармацевтика өндірісінің өсуі елдің дәрі-дәрмек қауіпсіздігін күшейтіп, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Еске салайық, Үкімет Қарағанды облысында 74 түрлі дәрілік зат шығаратын фармацевтикалық зауыт салу жобасын мақұлдады.
Денсаулық сақтау министрлігі мен «Химфарм» АҚ арасында халықты қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамту және отандық өндірістің үлесін арттыруға бағытталған инвестициялық келісім аясында Шымкент фармацевтикасына 39,5 млрд теңге инвестиция құйылады.