Фото: ашық дереккөз
Бұл шешім Шымкенттегі Polpharma Santo кәсіпорнында жүзеге асатын ірі жобаның жаңа кезеңін бастауға жол ашты. Алдағы уақытта мұнда 300 жаңа жұмыс орны құрылып, салаға 39,5 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылады. Оның ішінде ғылыми зерттеулерді дамытуға бағытталған қаражат та бар. Жаңа өндірістің алғашқы кезеңі 2029 жылдың соңына қарай іске қосылмақ.
Жоба аясында онкологиялық, жүрек-қан тамыр, инфекциялық және созылмалы ауруларды, соның ішінде туберкулезді емдеуге арналған 38 түрлі дәрілік препарат өндіріледі. Барлық өнім халықаралық сапа талаптарына сай шығарылады.
Бастама отандық өндірушілердің үлесін көбейтіп қана қоймай, елдің дәрілік қауіпсіздігін нығайтуға, фармацевтика саласында тұрақты технологиялық база қалыптастыруға мүмкіндік береді. Халық үшін дәрі-дәрмектің қолжетімділігі мен сапасы да басты назарда. Сонымен бірге экспорттық әлеуетті арттыру көзделген.
Айта кетейік, бүгінде фармацевтикалық өнімдер өндірісі саласында жалпы сомасы 316,3 млрд теңгені құрайтын 6 инвестициялық келісім жасалған. Бұл бағыттың жүйелі түрде дамып келе жатқанын және Қазақстанда дәрі-дәрмек өндірісін жергіліктендіруге берік негіз қаланғанын көрсетеді.