Фото: Ашық дереккөз
Жалпы инфляция шеңберінде азық-түлікке жатпайтын тауарлар азық-түлік пен ақылы қызметтермен салыстырғанда жылдам қымбаттап жатыр. 2026 жылдың мамырында азық-түлік бағасы 10,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,7%, ал ақылы қызметтер 8,7% қымбаттады. Бір жыл бұрын жағдай өзгеше еді. 2025 жылдың мамырында ақылы қызметтер бағасы 16% өсіп, ең жоғары көрсеткішке жетсе, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 9%, азық-түлік 9,6% қымбаттаған.
Халықтың азық-түлікке жатпайтын тауарларға жұмсайтын шығыны да артты. 2026 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш жан басына шаққанда 70,3 мың теңгені құрады. Былтыр осы кезеңде 63,7 мың теңге болған. Бір жылдағы өсім 10,4% болды. Ал соңғы он жылда бұл шығын 2,4 есе ұлғайған. 2016 жылдың бірінші тоқсанында бір адамға шаққандағы шығын 29,5 мың теңге болған.
Павлодарда ұялы телефонды аяқ киім ұлтарағына жасырып, изоляторға өткізбек болған
Азық-түлікке жатпайтын тауарларға жұмсалатын шығынның ең үлкен бөлігін киім, мата және аяқ киім құрайды. Биылғы бірінші тоқсанда бұл санатқа барлық шығынның 32,1%-ы тиесілі болды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 31,9% еді. Жиһаз, тұрмыстық заттар мен тұрмыстық техникаға – 19,2%, автокөлік пен оған арналған жанар-жағармайға – 17%, жеке гигиена тауарларына – 9,9% жұмсалды. Ал дәрі-дәрмек, медициналық жабдықтар мен құралдарға жұмсалатын шығынның үлесі 7,3%-дан 7%-ға төмендеді. Қалған 14,8% басқа да азық-түлікке жатпайтын тауарларға тиесілі болды.
Киім, мата және аяқ киімге жұмсалған орташа шығын жан басына шаққанда 22,6 мың теңгені немесе барлық тұтынушылық шығынның 7,1%-ын құрады. Бұл санаттағы ең жоғары шығын Шымкентте – 32,4 мың теңге болды. Кейінгі орындарда Маңғыстау облысы – 30,6 мың теңге, Жамбыл облысы – 26,2 мың теңге, Ұлытау облысы – 25,5 мың теңге және Алматы – 24,8 мың теңге тұр. Ең төмен көрсеткіш Алматы облысында – 16 мың теңге, Ақмола облысында – 16,1 мың теңге болды. Осылайша, Шымкент тұрғындарының киім мен аяқ киімге жұмсайтын шығыны Алматы облысымен салыстырғанда екі еседен сәл жоғары.
Кейбір өңірлерде киім мен аяқ киім азық-түлікке жатпайтын тауарларға жұмсалатын шығынның басым бөлігін құрады. Бұл үлес Шымкентте – 53,8%, Маңғыстау облысында – 48,6%, Түркістан облысында – 46,8%, Жамбыл облысында – 40,6%, Атырау облысында – 40,1% болды. Ал ең төмен көрсеткіш Ақмола облысында – 19,2% және Солтүстік Қазақстан облысында – 20,3% тіркелді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астана қалалық полициясы мешіттен 175 мың теңгелік аяқ киімді ұрлап кеткен күдіктіні ұстаған.
Сарапшылардың бағалауынша, азық-түлікке жатпайтын тауарларға жұмсалатын шығынның өсуі олардың отбасылық бюджеттегі үлесі артқанын білдірмейді. Керісінше, бұл санаттың тұтынушылық шығындардағы үлесі азайып келеді. Соған қарамастан, тауарлардың бағасы өсіп жатыр. Бұл тұтынушылардың сақтық таныта бастағанын аңғартады. Яғни, отбасылар ірі сатып алуды кейінге қалдырып, бұрын алған заттарын ұзақ пайдалануға немесе арзандау баламаларды таңдауға көшкен. Сондықтан алдағы уақытта нарықтың өсімі тек бағаға ғана емес, халықтың киім-кешек, техника, жиһаз және басқа да күнделікті қажет емес тауарларды сатып алу мүмкіндігіне де байланысты болады.