Фото: depositphotos.com
1 шілдеге қараған түні лагерьде демалып жатқан алты бала аудандық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілген. Олар жедел ішек инфекциясына тән белгілерге шағымданған. Бұған дейін балалар бәліш пен балмұздақ жеп, Бурабай өңіріне экскурсияға барған.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, екі бала бақылауға алынып, жағдайы жақсарғаннан кейін лагерьге қайта оралған. Қалған төрт бала диагнозды нақтылау үшін облыстық балалар ауруханасына жіберілді. Қазір олардың жағдайы тұрақты, өміріне қауіп жоқ.
Оқиғадан кейін лагерьдегі барлық 90 балаға медициналық тексеру жүргізілді. Нәтижесінде тағы 10 баланың асқазан-ішек жолдарына қатысты шағымдары бары анықталды. Дәрігерлер энтеровирустық инфекция, жедел ішек инфекциясы және ішек қызметінің уақытша бұзылуы болуы мүмкін деген алдын ала қорытынды жасаған.
Балалардың жалпы жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. Олардың тәбеті сақталған, ауыр белгілер байқалмағандықтан стационарлық емдеу қажеттілігі туындамаған. Қазір балалар лагерьдегі медицина қызметкерінің тұрақты бақылауында.
Оқиғаның нақты себебін анықтау үшін санитарлық қызметтер мен құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ақмола облысының полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғап, барлық мән-жайды жан-жақты зерттеуге кірісті.
Қазіргі таңда жағдай жергілікті денсаулық сақтау қызметінің ерекше бақылауында тұр.
Еске салайық, бұған дейін Павлодардағы Bellagio мейрамханасында өткен банкеттен соң 34 адам, оның ішінде бір бала, тамақтан улану белгілерімен дәрігерге жүгінгенін хабарлаған едік. Санитарлық тексеріс мейрамхананың рұқсат құжатынсыз жұмыс істегенін анықтап, нысанның қызметіне бірден тыйым салды.
Сондай-ақ Ақтөбе облысында тойдан кейін 100-ден астам адам уланып, ауруханаға түсті.