Президент • 18 Тамыз, 2021

Президент Жолдауы қалай орындалуда?

1207 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағ­дайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауының жа­рия­ланғанына таяу күндері бір жыл толады. 2020 жылдың 1 қыр­күйегінде халық назарына ұсынылған бұл құжатта белгіленген міндеттердің жүзеге асырылуы, берілген тапсырмалардың орындалуы пандемия жағдайындағы еліміздің қазіргі сын-қатерлерді еңсере отырып, саяси-экономикалық, әлеуметтік, рухани-мәдени бағыттар бойынша ілгерілеуіне оң ықпалын тигізіп отыр.

Президент Жолдауы қалай орындалуда?

Инфографиканы жасаған: Амангелді Қияс

Мемлекетті басқарудың жаңа үлгісіне өту – уақыт талабы

Жолдау жарияланғаннан кейін көп ұзамай тыңғылықты әзір­леніп, байыпты сараланып ұсы­нылған Жалпыұлттық іс-шара­лар жоспары Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілді. Осы­лайша, Жолдау талаптарын жүзеге асыру ісі жос­парлы түр­де басталды. Бұл өз ке­зегінде көз­­дел­ген жұмыстардың жүйелі түр­­де жүргізілуіне жол ашты.

Жолдауда қамтылған барлық мәселенің қоғамымыз үшін өзек­тілігі белгілі. Солардың ішін­де мемлекетті басқарудың жаңа үлгісіне өту, азаматтардың мүддесін лайықты қорғау және олар­дың мемлекетті басқару ісіне қа­тысуын кеңейту бағыттарына баса назар аударылып, осы орайда жүйелі жұмыстардың қол­ға алынуы қарапайым ха­лық­­тың атқарушы билікке деген сенімін арттыра түскені анық.

Осы ретте атқарылған жұ­мыс­тардың бірі ретінде Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт То­қаевтың Жолдауда атап көр­сет­кен бастамалары негізін­де Пре­зидент жанындағы Рефор­малар жөніндегі жоғары кеңес­тің, сондай-ақ Президентке тікелей бағынатын Стратегиялық жос­пар­лау және реформалар агент­ті­гінің құрылуын айтуға болады. Қазіргі таңда бұл бас­таманың дұрыс екеніне жұрттың көзі жете бастады. Негізінен, Ре­фор­малар жөніндегі жоғары кеңес пен Стратегиялық жос­пар­лау және реформалар агент­тігін құрудың қажеттілігін өмірдің өзі айқындап бергендей еді.

Бұл қажеттілікті сезінген Пре­­зи­дент мемлекеттік жоспар­лау жүйесіне тың әдіс енгі­зуде, мемлекеттік басқару тұжы­рым­дамасы мен ұлттық даму жос­парын жүзеге асыруда осы екі құрылымның көмегін пайдалануды көздегені анық.

Ал бүгінде әлемді құрсаған ін­дет эко­но­микамызға оңай тиіп отырған жоқ. Әлемдік эко­но­миканың даму қарқы­ны біршама баяулады. Мамандар жа­­һандық ішкі жалпы өнімнің па­йыздық көрсеткішінің мәз емес­тігін айтуда. Пан­демияға байланысты шектеу шаралары Қазақстанның ғана емес барлық елдің бюджетін әлсіретті. Кірістің азайып, шығыстың ұлғаюы анық байқалды. Міне, осы жағдаяттар біздің Үкіметті тиімді шаралар қабылдап, оны тыңғылықты жүзе­ге асыруды жедел қолға алуға итер­меледі.

Осы орайда мемлекеттік органдар арасындағы жұмыстарды уақыт талабына сай ұйымдастыру, дер кезінде іс-қимыл жасау мүмкіндіктерін кеңей­ту және бюджет қаражатын тиісті салаларға тиімді бөлу жұмыстарын үйлестіру міндеті туындады. Осыдан келіп, аталған міндеттерді лайықты орындайтын құрылымдардың қажеттігі айқындалды. Осы қажеттіліктен Реформалар жөніндегі жоғары кеңес пен Стратегиялық жоспарлау және рефор­малар агенттігі пайда болды деуге болады. Реформалар жөніндегі жоғары кеңес аталған міндеттер­мен шұғылданушы болса, агенттік мін­деттерді жүзеге асыру бағытын­дағы жұмыстарды үйлестіруші ре­тін­де іске кірісті. Нақты­лай айтқан­да, бұл құрылымдар мем­ле­кет­тік аппа­раттың ортақ маңыз­ды шешім­дерді тез қабылдауына, бекітіл­ген жоспарлардың бағытын мына өзгер­мелі кезеңде тосыннан килігетін түрлі жағдайларға байланысты түзету ісіне бағдарлау, көмектесу міндетін мойнына алды деуге болады.

Тағы бір ерекше айта кетер жайт, осы­ған дейін Үкімет өзінің атқарған жұмыстарына өзі баға беріп келген еді. Ал енді бұл үрдіс тоқтатылды. Қалай­ша? Бұл сұрақтың жауабы мынау: Страте­гиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Мемлекет басшысы тарапы­нан алға қойылған мақсаттардың орындалуын қадағалайды. Сондықтан Ста­тистика бюросы Ұлттық экономика министрлігі құрамынан шығарылып, атал­ған агенттіктің құрамына берілді. Бұл өз кезегінде қалыптасып отырған жағ­дайды шынайы бағалауға жол ашады.

Бұл айтылғандардан бөлек, Жол­дауда айтылған мемлекетті бас­қару­дың жаңа үлгісіне өту бастамасы аясында мем­лекеттік жоспарлау жүйесіне, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобалар форматына көшуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу, ұлттық жобалардың тізбесін айқындау жұмыстары да қолға алынды. Сонымен бірге, еліміздің 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына заман сұранысына сәйкес өзгерістер енгізу көзделді. Бұл өзгерістер бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көле­мін 1,5 есеге ұлғайту, жол сервисімен қамтамасыз етуді қоса алғанда, рес­публикалық жолдарды реконструкциялау, шағын және орта бизнестің ІЖӨ-дегі үлесін 35%-ға дейін арттыру жұмыстарына баса назар аударылды. Осы орайда шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндер санын 4 миллион адамға дейін ұлғайту міндеті де бар. Сонымен бірге, 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамту және басқа да әлеуметтік маңызды шаралар күн тәртібіне қойылды.

Мемлекеттік қызметшілердің штат санының лимиттерін 2020 жылы – 10%-ға, 2021 жылы 15%-ға қысқар­ту, квазимемлекеттік сектор қызметкер­лері­нің штат санын 2020 жылы – 10%-ға, 2021 жылы 15%-ға қысқарту міндеттері де Президенттің мемлекетті басқару­дың жа­ңа үлгісіне өту бағыты бойынша тапсырмасының негізінде жүзеге асырылды.

Сонымен қатар жауапты хатшы­лар­дың міндеттерін министрліктер аппараттарының басшыларына жүктей отырып, жауапты хатшылар инс­титуты жойыл­ды. Еске сала кетейік, Президент өз Жол­дауында «Бұл инс­титутты енгізген кезінде жауапты хат­шылардың жиі ауыс­пай жұмыс істеуі министрлерді әкім­шілік-кадрлық жұмыстардан босатып, аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етеді деген ой болған. Алайда іс жүзінде олай болмай шықты. Тіпті министрлер мен жауапты хатшылардың арасында түсініспеушілік туындап жатады. Мұның салдары ортақ жұмысқа зиянын тигізеді. Негізгі жауапкершілік бір адамға, яғни Президент тағайындайтын министрге жүктелуге тиіс. Сондықтан жауапты хатшылар институтын жойып, олардың міндеттерін министрліктің аппарат басшыларына жүктеген жөн», деген болатын. Жауапты хатшылар институтын жою қажеттігінің себебін осылайша түсіндірген Президенттің тапсырмасы бойынша «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық Заңынан жауапты хатшылардың мәртебесі мен өкілеттіктерін реттейтін нормалар алынып тасталды, аппарат басшыларына қатысты нормалар «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда бекітілді.

Азаматтар мүддесі лайықты қорғалуға тиіс

Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы әділетті мемлекет құруға үндейді. Әді­леттілік салтанат құрған жерде береке-бірлік берік орнайды. Қоғамдағы әді­лет­тіліктің озық үлгісі, әділ мемлекет­тің белгісі азаматтардың құқықтары мен бостандығының, мүдделерінің лайықты деңгейде қорғалуымен сипатталады. Сондықтан Президент өз Жолдауында заң үстемдігін нығайту, қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелеріне ерекше тоқталып, осы бағытта нақты тапсырмалар берді. Әрине, бұл сала бойынша белгіленген міндеттердің ауқымы өте кең. Соның ішінде құ­қық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктерді және жауап­кершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буын­ды модель енгізу қарастырыл­ды. Пре­зидент айтқандай, полиция қыл­мысты анықтап, оған қатысы бар адамдарды тауып, айғақ жинап, оны тиянақтап беруге, прокурор жинал­ған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беріп, азаматтар құқығын бұзудың жолын кесіп, кінәсіз адамдардың қылмыс үдерісіне тартылуына жол бермеуге, сотта айыптау жағын қолдауға міндет­ті, ал сот құқық қорғау органдарының әрекетіне қатысты шағымды қарайды және іс бойынша үкім шығарады.

Жергілікті полиция қызметіне байланысты «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша реформа жүргізу тапсырылды. Мұнда учаскелік инс­пектордың рөлін күшейту қаралған. Сондай-ақ учаскелік инс­пекторға тиім­ді жұмыс істеу үшін қажет­ті өкі­лет­тіктер бере отырып, оның мәр­­те­бесін заңнамалық тұрғыдан көтеру, пе­ни­­­­тенциарлық мекемелерге және поли­­­цияның қызметтік үй-жайларына, сондай-ақ құқық қорғау органдарының бар­­лық жедел-тергеу бөлімшелеріне жаппай бейнебақылау енгізу, Ішкі істер ми­нистр­­лігінің құрылымын бейінді емес функ­ция­лардан арылту сынды міндеттер Пре­зидент тапсырмасымен жүзеге асырылды.

Мемлекет басшысы азаматтар­дың мүддесін қорғау бағытында ерекше назар аударған мәселелердің бірі ретін­де кәсіпкерлікпен шұғылданушылар­ды қылмыстық қудалау органдарының шама­дан тыс араласуынан қорғау болды. Бұл орайда тіркелген кәсіпкерлерге қатысты тергеу әрекеттерін соттың немесе прокурордың санкциясымен ғана жүзеге асыру мүмкіндігін қарау тап­сырылды. Сондай-ақ дауларды шешу­дің баламалы тәсілдерін дамыту, медиация саласындағы мемлекеттік сая­сатты айқындау, 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары, судьялар үшін шетелдік банктерде шоттарды иелену, қолма-қол ақша қаражаты мен құндылықтарды сақтау бөлігінде заңнамалық шектеулер енгізу мәселелері Жолдаудан туындайтын міндеттерді атқару шеңберінде шешімін тапты.

Бұлармен қатар, еліміздің тиісті заңнамаларына сыбайлас жем­қорлық қылмыстарына жол берген адамдарға квазимемлекеттік секторда жұмыс іс­теуіне өмір бойы тыйым салу, қос аза­мат­тығы бар мемлекеттік қызметшілерді немесе квазимемлекеттік ұйымдар­дың басшыларын жұмыстан шығару, сондай-ақ Қылмыстық кодекске құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және пара берудегі делдалдардың сыбайлас жемқорлық үшін жазаны қатаңдату бөлігінде өзгерістер енгізу мәселелері шешілді.

Сыбайлас жемқорлық қылмыс­тары­на жол берген адамдар қамауға алынға­нымен, олардың кейбіреу­лерінің мер­зімінен бұрын бостан­дыққа шығып жататыны қоғамның наразылығын тудырып жүрген жайт­тардың бірі еді. Осы орайда сотталған жемқорларды шартты түрде мер­­зімінен бұрын босату мүмкіндігі қолданыстағы заңнамаға тиісті түзету енгізу арқылы жойылды.

Сыбайлас жемқорлық факті­лері туралы хабарлаған адамдарды қорғау жүйесін заңнамалық деңгейде қалыптастыру, азаматтарды, әсіресе, балаларды кибербуллингтен қор­ғау бойынша заңнамалық шаралар қабылдау тапсырылып, соның негізінде нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Бұған қоса, құқық қорғау орган­дары­ның адам саудасына байланысты қыл­мыстық құқық бұзушылықтарды сот­қа дейінгі тергеп-тексеру практикасын же­тілдіру ісі жүргізілуде.

Табиғи және техногенді апаттар дәуірінде өмір сүріп отырғанымызды ескеріп, Президент Төтенше жағдайлар ми­нистрлігін қайта құруды тапсырды. Бұл министрлік бүгінде табиғи және тех­ногендік сипаттағы төтен­ше жағ­дайлардың алдын алу және олар­ды жою, азаматтық қорғаныс, өрт және өнер­кәсіптік қауіпсіздік, мем­лекеттік мате­риалдық резервті қалып­тас­тыру және дамыту, азаматтық қорғау мемлекеттік жү­йесінің жұмыс істеуі мен одан әрі да­­муын қамтамасыз ету, өрт­тердің алдын алуды және сөндіру­ді ұйымдас­тыру салалардағы жұмыс­тарды өз дең­гейінде атқарып отыр деу­ге болады.

Ауыл әкімдерін сайлау – маңызды қадам

Президент азаматтардың мем­лекетті басқару ісіне қатысуын ке­ңейту мәселелерін басым бағыттар қата­рына жат­қызып, тиісті тапсырмалар берді. Олар жү­йелі түрде орындалып, азаматтардың мем­лекетті басқару ісіне тарту ісі серпін алды.

Бірінші кезекте қолданыстағы заң­на­маға ауылдар, кенттер, ауылдық ок­ругтер әкімдерінің тікелей сай­лауын өт­кізуге қажетті өзгерістер мен то­лық­­тырулар енгізіліп, жақында ауыл әкім­дерінің тікелей сайлауы өтті. Ауыл тұр­ғындары таңдауын жасап, ауыл­дың жағдайымен етене таныс іскер азамат­тарға сенім артты. Бұл жергілікті басқару жүйесінде тың әрі қажетті өзгерістердің басталғанын, сайланған әкімдер алдағы уақытта мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты ны­ғай­татын тиімді жолдың негізін қалай­­тынын аңғартты. Бұл сайлау ауыл әкім­дері корпусының жаңаруына, мемле­кет­тік қызметке жаңа тұлғалардың келуі­не оң әсерін тигізгені сөзсіз. Жер­гі­лікті мемлекеттік басқару жүйесінің одан әрі ілгерілеуіне серпін берген бұл сай­лау Президент­тің саяси өзгерістерді жүйелі жүзеге асыруға бағытталған іс-қимылдарының дұрыстығын көрсетіп берді.

Мемлекет басшысы ұсынған «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда жергілікті өзін өзі басқаруды дамытудың уақыт сұра­нысына сәйкес келетін тетіктерін құру маңызды. Сондықтан Президент мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілет­тіктерді бөлудің, жергілікті мемлекеттік басқару және жергілікті өзін өзі басқару органдары өкілеттіктері­нің ара­­жігін кезең-кезеңмен ажырату­­дың, жергілікті бюджеттерді бекіту ісіне бақылауды күшейтудің аса қажеттілігін ескеріп, осы бағытта тиісті тапсырмаларын берді. Соның нәти­же­сін­де ауыл­дық округтердің мүліктік құқықтарын кеңейту және кірістерін ұлғайту арқылы жергілікті өзін өзі басқарудың қаржылық мүмкіндіктерін арттыру, жергілікті өзін өзі басқару органдарының мәртебе­сін көтеру сынды жұмыстар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Сонымен қатар барлық деңгейдегі мәслихаттар жұ­мысын жетілдіру және олардың тиімділігін арттыру бойынша қажетті шаралар қабыл­дау тапсырылды. Бүгінде мәслихаттар­ға өңірді өркендету немесе жергілікті қордаланған мәселелерді күн тәртібіне шығару үшін қол жинау және петиция жасау функциясын беру, мәслихаттар отырыстарын мін­детті онлайн-трансляциялауды енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жа­ңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл ке­зеңі» Жолдауындағы «Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі», «Әділетті мемлекет азаматтардың мүддесін қорғау жолында» және «Азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуы» тармақтарында қамтылған маңыз­ды міндеттер оңтайлы жүзеге асырылу үстінде. Осылайша, нақ­ты іске асырылып жатқан саяси реформалар халықтың билікке деген сені­мін нығайтып, қоғамда соны өрлеу туғы­зып отыр.