Аймақтар • 10 Қыркүйек, 2021

Зардап шеккен нысандар қалпына келтірілуде

158 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл тамыз айында Жамбыл облысының Байзақ ауданында орын алған төтенше жағдайдың зардаптарын жою жұмыстары жалғасуда. Бұл оқиғаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, жарылыс салдарынан қайтыс болған азаматтардың отбасына жан-жақты көмек көрсетілетінін, қираған нысандардың қалпына келтірілетінін айтқан болатын.

Зардап шеккен нысандар қалпына келтірілуде

Нәтижесінде, бүгінгі таңда өңірде жарылыстан зардап шеккен нысандарды жөндеу жұмыстары басталып кетті. Ол үшін аймақта арнайы штаб құрылып, қалпына келтірілуге тиіс бірқатар нысанды анықтаған.

Жамбыл облыстық құрылыс басқар­масының басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, Байзақ ауданында барлығы 118 жекеменшік жылжымайтын мүлік, оның ішінде 106 тұрғын үй және 12 коммерциялық нысанға зақым келген. Сондай-ақ оның ішінде 35 үй мен 12 коммерциялық нысан айтарлықтай қираған. Бұл күнде аталған нысандарды қалпына келтіру үшін 12 мердігерлік ұйым жұмыс атқаруда. Құрылыс жұмыстарына 23 техникалық құралдар мен 185 жұмысшы күші тартылған.  

Сонымен қатар 28 тамыз күні Байзақ ­ауданы әкімінің өкімімен төтенше жағдай кезінде келтірілген залалды анықтау үшін комиссия құрылған.

«Байзақ ауданында төтенше жағдай кезінде зардап шеккен нысандарды тексеру және қалпына келтіру үшін жергілікті атқарушы органдар 5 жұмыс тобын құрды. Олардың құрамына облыстық құрылыс басқармасының, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының, жобалау ұйымдарының қызметкерлері және төтенше жағдай қызметкерлері тартылды. Жұмыс топтары жүргізген тексерудің нәтижесінде 8 нысанға қорытынды берілді», дейді Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.

Бүгінде жеңіл зақымданған 71 үйдің 43-і қалпына келтірілген. Бұл ретте аудан­ әкімінің орынбасары зардап шеккен 4 әлеу­меттік нысан бойынша да мәліметтер берді. Алдын ала деректер бойынша, Жібек жолы ауылындағы апатты жағдайда тұрған №5 орта мектепке айтарлықтай зақым келген. Бүгінгі таңда жер телімі анықталып, 150 орындық жаңа мектеп құрылысы­на жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу басталған. Ал аталған ауданға қарасты Үшбұлақ және Базарбай ауылдарындағы 3 ұйым аздап зардап шеккен. Бұл нысандарды қалпына келтіру жұмыстары демеушілік қаражат есебінен жүргізілуде. Бүгінде қираған нысандарды қайта қалпына келтіру жұмыстары орталап қалыпты. Ал құрылыс жұмыстары екі ай көлемінде аяқталады деп жоспарланып отыр.

 

Жамбыл облысы