Қазақстан • 30 Қыркүйек, 2021

«Шалқардан» тараған шуақ

447 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Биыл ғасырлық межеге көтерілген Қазақ радиосының қазақша хабар тарататын қызметі қырық пайызға дейін қысқарып қалған алпысыншы жылдардың жуан ортасында алыс пен жақындағы ағайынға тек қана ұлт тілінде сөйлейтін «Шалқар» бағдарламасының ашылуы кездейсоқ емес еді.

«Шалқардан» тараған шуақ

 

Бұл кезең қазақ халқы өз тамырынан ажырай бастаған уақыт. Салт-дәстүр, сана-болмысына қауіп төнген ұлттың болашағы бұлыңғыр тарта түсті. Тіпті қазақ тілі­нің қолданыс аясына қиянат жасалып, барлық салада жедел түрде ығыстырыла бастады. Кеңестік жүйе кезеңінде бір деректер бо­йынша қазақ тілі сабағы 700-ден астам ­мектепте оқу пәндері қатарынан шығарылып тасталған.

Алайда ұлттың иммунитеті қиянатқа қарсылық танытып, бой көрсетті. Алпы­сыншы жылдары «Жас тұлпар», «Жас қазақ» ұйымдары болып бас көтеріп, осы жылдары жиырмадан аса жасырын жастар ұйымы жұмыс істей бастаған-ды. Және алпысыншы жылдардағы қазақ әдебиеті мен өнеріндегі дүмпу жеке тұлғаның ғана емес, тұтас буынның өсіп-жетілуіне айтарлықтай әсер етті. Міне, сол дүмпудің бір ұшқыны – кезінде дер уағында дүниеге келген «Шалқар» бағдарламасының дәс­түрлі жалғасы «Шалқар» радиосына биыл 55 жыл толып отыр.

1966 жылдың 1-қаңтарында күл­­лі қазаққа диктор, Қазақстанның ха­лық әр­тісі Әнуарбек Байжанбаев жаңа бағ­дарламаның тұсауын кесті. «Эфирде – «Шалқар бағдарламасы» деу үшін де осы салада жүрген аға буын өкілдері бір­талай машақатты бастан өткергенін осы күні біреу білсе, біреуі біле бермейді. Алпысыншы жылдар қазақ руханиятына үлкен дүмпу әкелген ғажап бір кезең еді десек, ол дүмпу теле-радио саласында да айрықша естіліп жатқан еді. Теле-радио хабарлары КСРО кеңістігінде отырса да, қазақтың салт-дәстүрін, бет-бейнесін көбірек насихаттауға тырысты. Алайда кеңестік қыспақ шеңберін тарылтып, Қазақ радиосындағы хабарлардың көпшілігі үстем тілде шығып тұрғаны белгілі. Қырық пайыздай мөлшерде ғана қазақ тілінде хабар таратқан радио қызметкерлері ұлт­тық тілдегі жаңа бағдарлама ашуды сол уақытта жоспарлаған еді. Бұл шалғайдағы ауылдар, шет жайлаған ел-жұрт, рухани қазынаға сусаған қаншама халық ел жаңалығын қазақ тілінде естісін деген мақсаттан туған ой еді. Оның үстіне басқа республикада тұратын қазақтың қалың шоғыры, тағдыр желі айдап өзге мемлекеттерге үдере көшкен қандастарымыз­дың да туған тілінде хабар тыңдағысы келгені анық. Әрі Одақ көлемінде ұлт­тық радиобағдарламалар қаулап шыға бастаған кез. Осының бәрі себеп болып, Қазақ радиосының басы-қасында жүрген ардагерлер бастап, «Маяк», украиндық «Промин» бағдарламалары сияқты хабар тарататын радиостанса ашуға рұқсат алу мәселесін Орталық комитетте көтереді. Бұл бастамаға өз басшыларымыз да қар­сылық білдірмей, Орталық жаққа, Мәскеуге құ­жаттар мен ұсынысты жөнелтеді. Бірақ ол жақтан уақтылы жауап келе қоймайды. Арада біраз уақыт оздырып, қосымша құжаттар жасалып, Мәскеуге қос тілге бірдей жүйрік маман, соғыс ардагері, журналист Мифтах Жантикинді аттандырады. Мәскеудегілердің сылтауы сол болды ма, әлде басқа бір себеп бар ма – «ана құжат, енді мына құжат жетпей­ді» дей берген соң, Мифтах Жантикин құжат­тарды Алматыдан арнайы алдыртып, екі айдай Мәскеуден шықпай жүріп құжаттарды толық реттестіреді. Ақыры Қазақ радиосының «Соңғы хабар» редакциясынан «Шалқар» бағдарламасын ашу туралы бұйрыққа қол жеткізеді.

«Соңғы хабар» редакциясының қыз­меткерлері жан-жақты дайындалып, 1966 жылдың алғашқы күні «Шалқар» бағ­дарламасының тұсауын кеседі. Бірін­ші қаңтарда, кешкі сағат 19.00-де да­уылпаз дауысты диктор Әнуарбек Бай­жанбаев «Эфирде – «Шалқар» бағ­дар­ламасы» деп, ақпаратты-сазды «Шал­­­қар» бағдарламасының дүниеге кел­­генін көпшілікке қуана хабарлайды. Қа­зақ радиосының «Соңғы хабар­лар» редакциясының жанынан шық­қан ақ­паратты-сазды «Шалқар» бағдар­ла­масы бірден жеке толқында эфирге шыға­рыл­ды. Бертінге дейін Қазақ радиосы – рес­публикалық І арна атанып келсе, «Шал­қар» – республикалық ІІ арна атанды. «Шалқардың» басты артықшылығы – ел ішіндегі ғана емес, сыртта жүрген бауырларымыз да қазақ үнін, қазақ әнін, қазақ күйін біздің бағдарлама арқылы тың­дап, жүректеріндегі сағынышын басқан, ұлттың рухын асқақтатуға үлес қосқан арна болды.

«Шалқар» арқылы атажұрттың кескін-келбетін, тұрмыс-тіршілігін, арман-мақ­сатын таныған қаншама ұрпақ өсіп, ер жетті. Ол – біздің мақтанышымыз. Алыс­тағы ағайынның сағынышынан кейін, олардың рухани қажетін өтеу тұрғысында «Шалқар» атты халықаралық газеттің жа­рық көргені де белгілі. Демек, радионы қағазсыз газет десек, «Шалқар» аты басы­лымға айналған бағдарлама. Бұл да осы бағдарламаны ашуға атсалысқан радио ардагерлерінің, тұтас ұжымның жемісті еңбегі.

«Шалқар» бағдарламасының шыға бастауына Мифтах Жантикин, Едіге Әбді­ғаппаров, Таңатқан Рсаев, Бек Дәулет­баев, Уақап Қыдырханов, Шариф Тарғақов, Мансұр Сағатов, Кенжебек Есімов, Мад­рид Рысбеков және Сәркен Оспанов сынды ардагерлер атсалысты.

Алғашында ақпараттық-сазды бағ­дарлама болса да, бағдарлама сағатын көбейту, түрлі жанрлық хабарлар ұйым­дастыру қажет болды. Сөйтіп, «Шалқар» «Соңғы хабарлар» редакциясынан бөлі­ніп, өз алдына шаңырақ көтерді. Ақпа­раттық хабар аясынан шыққан соң айдар­лар ашып, шынайы музыкалық, әде­би шығармаларды, қазақтың әдет-ғұрып­та­рын насихаттау қолға алынды.

«Шалқар» радиосы әр жылдарда - Әнуарбек Байжанбаев, Досан Жанботаев, Дулат Исабеков, Жеңіс Қашқынов, Серік Тұрғынбеков, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Жұмабек Кенжалин, Қуаныш Орманов, Шолпан Шәкірова, Кенжебек Әбдімәу­ленов, Руслана Құдайбергенова, Сауық Жақанова, Омархан Қалмырзаұлы, Бүркіт Бекмағамбет, Ұлжан Пармашқызы, Болат Біжібаев, Аманжан Еңсебайұлы, Шолпан Байғабылқызы, Әбдірәлі Бөлебай, Гүлжан Мұхамадиева, Раушан Айтжанова, Райхан Оразбақова, Серғазы Тұрсынбаев, Ләскер Сейітұлы, Дүйсенбек Қанатбаев, Дінәш Нұрмұхаммед, Сәрсенбек Бекмұратұлы, Орынбасар Доңғабақ, Әмина Жалалқызы, Әшірхан Телғозиев, Болат Айымбеков, Төлеу Қосанұлы, Сара Латыпқызы, Жұ­маш Ақыпбекова, Айтмұқаш Сәдуа­қасұлы, Көпен Әмірбек, Гүлсара Қаб­ланова, Алтын Иманбаева, Темірхан Мом­бекұлы, Ғалым Есенсариев, Ләззат Қапы­шева, Қошан Мұстафаұлы т.б. сөз өне­рінің майталмандары еңбек еткен ұжым, қадірлі шаңырақ.

Қазақ радиосының құрамындағы «Шал­­­­қар» бағдарламасы 1999 жылы жа­был­­­ғанға дейін «Шалқар» арнасы» атанып келсе, 2002 жылы қайта ашылғаннан кейін (2 жыл 11 айлық уақытша үзілістен соң) «Шалқар» ұлттық арнасы» деген атау қалыптаса бастады. Жұмысын уақыт­ша тоқтатып, қайта ашылып, алғашын­да тек Алматы қаласына, кейіннен эфир уақыты ұлғайып, республика аумағына ха­бар таратты. «Шалқар» радиосы – рес­публикадағы тек қана қазақ тілінде ұлт руханиятын ұлықтайтын жалғыз арна. Радио қазіргі кезде ел тұрғындарының 64 па­йызын қамтиды. Одан бөлек, заман кө­шінен қалмай, сайтымызда, әлеуметтік желіде хабарларымызды шығарып отырамыз. Сол арқылы сырттағы ағайын да біздің бағдарламаларды еш қиналмай тыңдай алады.

«Шалқар» радиосы ән мен күйдің алтын көмбесі. Радионың «Алтын қорында» қаншама жыр-жауһарларымыз бар. Одан бөлек «Шалқар» шаңырағында шалқыған қаншама ән мен жыр да «Алтын қордың» қазынасына қосылды. «Алтын қорда» 100 мыңнан астам шығарма бар. Соның қомақты бір бөлігі «Шалқар» радиосының өнімі. Ол шығармалар бұрынырақта таспада сақталып келгені белгілі. Қазіргі кезде сол үнтаспалардың бәрі дерлік цифрлы жүйеге көшірілді. Осы күні «Шалқар» радиосы кешкі оннан он бірге дейін «Алтын қорда» сақталған шығармаларды үзбей беріп келеді. Қорда сақталған ән мен жыр, күй ғана емес, «Алтын қордағы» ұлттық өнер, тәлім-тәрбие, салт-дәстүрге қатысты барлық хабарды «Шалқардан» тыңдауға болады.

«Шалқарда» «Алтын қордағы тұлғалар дауысы» деген айдар бар. Сол айдар әлеу­меттік желілерге бейімделді. Яғни белгілі бір тұлғаның қордағы дауысы бейне-суретпен әрленіп, желіге салына­ды. Салт-дәстүрге, көнерген сөздерге бай­ланысты арнайы айдар да бар. «Сөз­таным» деген роликтер сериясы радиодан да беріледі, әлеуметтік желіге де салы­нады. Жастар үшін ерекше танымдық дүние.

«Шалқар» радиосынан дәстүрлі кон­церттер жиі беріледі. Еліміздегі бір­неше ән мен күй мектептері концерттік бағдар­ламаларда толық қамтылады. «Ха­лық музыкасы», «Ретро эстрада» және «Қа­зақы мәнердегі заманауи эстрада» деген концерттік блоктар бар. Міне, осы блок­тарда өнер мектептерінің барлығына бері­летін уақыт та бірдей болуы назарда болады.

Елу бес жыл бойы «Шалқардан» хабар­лар, музыка, бес-он минуттық сурет­теме, радиоочерк, радиоспектакль, радио­әңгіме, радиосараптама үздіксіз шы­ғып келеді. «Шалқар» ұлттық арнасы алғаш қайта ашылғанда «Өнерім – өмі­рім», «Атадан қалған асыл сөз», «Жеті ғасыр жырлайды», «Алтын тамыр» сынды бағдарламалар арқылы тыңдарман жүрегіне жол тапты.

1966 жылы «Шалқар» бағдарламасы ашылған Қазақ радиосының «Соңғы ха­бар­лар» редакциясына 1967 жылы жұмысқа қабылданған радио ардагері Руслана Құдайбергенованың келтірген деректеріне қарағанда, 1966 жылы «Соңғы хабарлар» редакциясының бас редакторы ретінде Едіге Әбдіғапаров қызмет етті. Сол жылдары «Соңғы хабарлар» редакциясында жұмыс істеген аға редакторлар Айдос Абылаев, Абай Өтегенов, Бек Дәулетбаев, Сәркен Оспановтар «Шалқар» бағдарламасының алғашқы жауапты редакторлары болды.

Биыл елу бес жылдық белеске көтеріл­ген «Шалқар» радиосының тарихы, ке­ше­гісі мен бүгінгі даму барысы әлі жіті зерт­теледі. Ел дамуының ерекше кезең­дерінің жарқын көрінісі іспетті өткеннен ғана емес, еліміздің Тәуелсіздік тари­хынан да сыр шерткен ұлт айнасы – «Шал­қардан» тараған шуақ ойдағы-қыр­дағы алаш жұр­тын алдағы уақытта да ұлт қазынасы арқы­лы жанына жылу ұялата бермек.         

Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

«Шалқар» радиосының директоры,

Қазақстан Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты