Бұл кезең қазақ халқы өз тамырынан ажырай бастаған уақыт. Салт-дәстүр, сана-болмысына қауіп төнген ұлттың болашағы бұлыңғыр тарта түсті. Тіпті қазақ тілінің қолданыс аясына қиянат жасалып, барлық салада жедел түрде ығыстырыла бастады. Кеңестік жүйе кезеңінде бір деректер бойынша қазақ тілі сабағы 700-ден астам мектепте оқу пәндері қатарынан шығарылып тасталған.
Алайда ұлттың иммунитеті қиянатқа қарсылық танытып, бой көрсетті. Алпысыншы жылдары «Жас тұлпар», «Жас қазақ» ұйымдары болып бас көтеріп, осы жылдары жиырмадан аса жасырын жастар ұйымы жұмыс істей бастаған-ды. Және алпысыншы жылдардағы қазақ әдебиеті мен өнеріндегі дүмпу жеке тұлғаның ғана емес, тұтас буынның өсіп-жетілуіне айтарлықтай әсер етті. Міне, сол дүмпудің бір ұшқыны – кезінде дер уағында дүниеге келген «Шалқар» бағдарламасының дәстүрлі жалғасы «Шалқар» радиосына биыл 55 жыл толып отыр.
1966 жылдың 1-қаңтарында күллі қазаққа диктор, Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаев жаңа бағдарламаның тұсауын кесті. «Эфирде – «Шалқар бағдарламасы» деу үшін де осы салада жүрген аға буын өкілдері бірталай машақатты бастан өткергенін осы күні біреу білсе, біреуі біле бермейді. Алпысыншы жылдар қазақ руханиятына үлкен дүмпу әкелген ғажап бір кезең еді десек, ол дүмпу теле-радио саласында да айрықша естіліп жатқан еді. Теле-радио хабарлары КСРО кеңістігінде отырса да, қазақтың салт-дәстүрін, бет-бейнесін көбірек насихаттауға тырысты. Алайда кеңестік қыспақ шеңберін тарылтып, Қазақ радиосындағы хабарлардың көпшілігі үстем тілде шығып тұрғаны белгілі. Қырық пайыздай мөлшерде ғана қазақ тілінде хабар таратқан радио қызметкерлері ұлттық тілдегі жаңа бағдарлама ашуды сол уақытта жоспарлаған еді. Бұл шалғайдағы ауылдар, шет жайлаған ел-жұрт, рухани қазынаға сусаған қаншама халық ел жаңалығын қазақ тілінде естісін деген мақсаттан туған ой еді. Оның үстіне басқа республикада тұратын қазақтың қалың шоғыры, тағдыр желі айдап өзге мемлекеттерге үдере көшкен қандастарымыздың да туған тілінде хабар тыңдағысы келгені анық. Әрі Одақ көлемінде ұлттық радиобағдарламалар қаулап шыға бастаған кез. Осының бәрі себеп болып, Қазақ радиосының басы-қасында жүрген ардагерлер бастап, «Маяк», украиндық «Промин» бағдарламалары сияқты хабар тарататын радиостанса ашуға рұқсат алу мәселесін Орталық комитетте көтереді. Бұл бастамаға өз басшыларымыз да қарсылық білдірмей, Орталық жаққа, Мәскеуге құжаттар мен ұсынысты жөнелтеді. Бірақ ол жақтан уақтылы жауап келе қоймайды. Арада біраз уақыт оздырып, қосымша құжаттар жасалып, Мәскеуге қос тілге бірдей жүйрік маман, соғыс ардагері, журналист Мифтах Жантикинді аттандырады. Мәскеудегілердің сылтауы сол болды ма, әлде басқа бір себеп бар ма – «ана құжат, енді мына құжат жетпейді» дей берген соң, Мифтах Жантикин құжаттарды Алматыдан арнайы алдыртып, екі айдай Мәскеуден шықпай жүріп құжаттарды толық реттестіреді. Ақыры Қазақ радиосының «Соңғы хабар» редакциясынан «Шалқар» бағдарламасын ашу туралы бұйрыққа қол жеткізеді.
«Соңғы хабар» редакциясының қызметкерлері жан-жақты дайындалып, 1966 жылдың алғашқы күні «Шалқар» бағдарламасының тұсауын кеседі. Бірінші қаңтарда, кешкі сағат 19.00-де дауылпаз дауысты диктор Әнуарбек Байжанбаев «Эфирде – «Шалқар» бағдарламасы» деп, ақпаратты-сазды «Шалқар» бағдарламасының дүниеге келгенін көпшілікке қуана хабарлайды. Қазақ радиосының «Соңғы хабарлар» редакциясының жанынан шыққан ақпаратты-сазды «Шалқар» бағдарламасы бірден жеке толқында эфирге шығарылды. Бертінге дейін Қазақ радиосы – республикалық І арна атанып келсе, «Шалқар» – республикалық ІІ арна атанды. «Шалқардың» басты артықшылығы – ел ішіндегі ғана емес, сыртта жүрген бауырларымыз да қазақ үнін, қазақ әнін, қазақ күйін біздің бағдарлама арқылы тыңдап, жүректеріндегі сағынышын басқан, ұлттың рухын асқақтатуға үлес қосқан арна болды.
«Шалқар» арқылы атажұрттың кескін-келбетін, тұрмыс-тіршілігін, арман-мақсатын таныған қаншама ұрпақ өсіп, ер жетті. Ол – біздің мақтанышымыз. Алыстағы ағайынның сағынышынан кейін, олардың рухани қажетін өтеу тұрғысында «Шалқар» атты халықаралық газеттің жарық көргені де белгілі. Демек, радионы қағазсыз газет десек, «Шалқар» аты басылымға айналған бағдарлама. Бұл да осы бағдарламаны ашуға атсалысқан радио ардагерлерінің, тұтас ұжымның жемісті еңбегі.
«Шалқар» бағдарламасының шыға бастауына Мифтах Жантикин, Едіге Әбдіғаппаров, Таңатқан Рсаев, Бек Дәулетбаев, Уақап Қыдырханов, Шариф Тарғақов, Мансұр Сағатов, Кенжебек Есімов, Мадрид Рысбеков және Сәркен Оспанов сынды ардагерлер атсалысты.
Алғашында ақпараттық-сазды бағдарлама болса да, бағдарлама сағатын көбейту, түрлі жанрлық хабарлар ұйымдастыру қажет болды. Сөйтіп, «Шалқар» «Соңғы хабарлар» редакциясынан бөлініп, өз алдына шаңырақ көтерді. Ақпараттық хабар аясынан шыққан соң айдарлар ашып, шынайы музыкалық, әдеби шығармаларды, қазақтың әдет-ғұрыптарын насихаттау қолға алынды.
«Шалқар» радиосы әр жылдарда - Әнуарбек Байжанбаев, Досан Жанботаев, Дулат Исабеков, Жеңіс Қашқынов, Серік Тұрғынбеков, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Жұмабек Кенжалин, Қуаныш Орманов, Шолпан Шәкірова, Кенжебек Әбдімәуленов, Руслана Құдайбергенова, Сауық Жақанова, Омархан Қалмырзаұлы, Бүркіт Бекмағамбет, Ұлжан Пармашқызы, Болат Біжібаев, Аманжан Еңсебайұлы, Шолпан Байғабылқызы, Әбдірәлі Бөлебай, Гүлжан Мұхамадиева, Раушан Айтжанова, Райхан Оразбақова, Серғазы Тұрсынбаев, Ләскер Сейітұлы, Дүйсенбек Қанатбаев, Дінәш Нұрмұхаммед, Сәрсенбек Бекмұратұлы, Орынбасар Доңғабақ, Әмина Жалалқызы, Әшірхан Телғозиев, Болат Айымбеков, Төлеу Қосанұлы, Сара Латыпқызы, Жұмаш Ақыпбекова, Айтмұқаш Сәдуақасұлы, Көпен Әмірбек, Гүлсара Қабланова, Алтын Иманбаева, Темірхан Момбекұлы, Ғалым Есенсариев, Ләззат Қапышева, Қошан Мұстафаұлы т.б. сөз өнерінің майталмандары еңбек еткен ұжым, қадірлі шаңырақ.
Қазақ радиосының құрамындағы «Шалқар» бағдарламасы 1999 жылы жабылғанға дейін «Шалқар» арнасы» атанып келсе, 2002 жылы қайта ашылғаннан кейін (2 жыл 11 айлық уақытша үзілістен соң) «Шалқар» ұлттық арнасы» деген атау қалыптаса бастады. Жұмысын уақытша тоқтатып, қайта ашылып, алғашында тек Алматы қаласына, кейіннен эфир уақыты ұлғайып, республика аумағына хабар таратты. «Шалқар» радиосы – республикадағы тек қана қазақ тілінде ұлт руханиятын ұлықтайтын жалғыз арна. Радио қазіргі кезде ел тұрғындарының 64 пайызын қамтиды. Одан бөлек, заман көшінен қалмай, сайтымызда, әлеуметтік желіде хабарларымызды шығарып отырамыз. Сол арқылы сырттағы ағайын да біздің бағдарламаларды еш қиналмай тыңдай алады.
«Шалқар» радиосы ән мен күйдің алтын көмбесі. Радионың «Алтын қорында» қаншама жыр-жауһарларымыз бар. Одан бөлек «Шалқар» шаңырағында шалқыған қаншама ән мен жыр да «Алтын қордың» қазынасына қосылды. «Алтын қорда» 100 мыңнан астам шығарма бар. Соның қомақты бір бөлігі «Шалқар» радиосының өнімі. Ол шығармалар бұрынырақта таспада сақталып келгені белгілі. Қазіргі кезде сол үнтаспалардың бәрі дерлік цифрлы жүйеге көшірілді. Осы күні «Шалқар» радиосы кешкі оннан он бірге дейін «Алтын қорда» сақталған шығармаларды үзбей беріп келеді. Қорда сақталған ән мен жыр, күй ғана емес, «Алтын қордағы» ұлттық өнер, тәлім-тәрбие, салт-дәстүрге қатысты барлық хабарды «Шалқардан» тыңдауға болады.
«Шалқарда» «Алтын қордағы тұлғалар дауысы» деген айдар бар. Сол айдар әлеуметтік желілерге бейімделді. Яғни белгілі бір тұлғаның қордағы дауысы бейне-суретпен әрленіп, желіге салынады. Салт-дәстүрге, көнерген сөздерге байланысты арнайы айдар да бар. «Сөзтаным» деген роликтер сериясы радиодан да беріледі, әлеуметтік желіге де салынады. Жастар үшін ерекше танымдық дүние.
«Шалқар» радиосынан дәстүрлі концерттер жиі беріледі. Еліміздегі бірнеше ән мен күй мектептері концерттік бағдарламаларда толық қамтылады. «Халық музыкасы», «Ретро эстрада» және «Қазақы мәнердегі заманауи эстрада» деген концерттік блоктар бар. Міне, осы блоктарда өнер мектептерінің барлығына берілетін уақыт та бірдей болуы назарда болады.
Елу бес жыл бойы «Шалқардан» хабарлар, музыка, бес-он минуттық суреттеме, радиоочерк, радиоспектакль, радиоәңгіме, радиосараптама үздіксіз шығып келеді. «Шалқар» ұлттық арнасы алғаш қайта ашылғанда «Өнерім – өмірім», «Атадан қалған асыл сөз», «Жеті ғасыр жырлайды», «Алтын тамыр» сынды бағдарламалар арқылы тыңдарман жүрегіне жол тапты.
1966 жылы «Шалқар» бағдарламасы ашылған Қазақ радиосының «Соңғы хабарлар» редакциясына 1967 жылы жұмысқа қабылданған радио ардагері Руслана Құдайбергенованың келтірген деректеріне қарағанда, 1966 жылы «Соңғы хабарлар» редакциясының бас редакторы ретінде Едіге Әбдіғапаров қызмет етті. Сол жылдары «Соңғы хабарлар» редакциясында жұмыс істеген аға редакторлар Айдос Абылаев, Абай Өтегенов, Бек Дәулетбаев, Сәркен Оспановтар «Шалқар» бағдарламасының алғашқы жауапты редакторлары болды.
Биыл елу бес жылдық белеске көтерілген «Шалқар» радиосының тарихы, кешегісі мен бүгінгі даму барысы әлі жіті зерттеледі. Ел дамуының ерекше кезеңдерінің жарқын көрінісі іспетті өткеннен ғана емес, еліміздің Тәуелсіздік тарихынан да сыр шерткен ұлт айнасы – «Шалқардан» тараған шуақ ойдағы-қырдағы алаш жұртын алдағы уақытта да ұлт қазынасы арқылы жанына жылу ұялата бермек.
Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
«Шалқар» радиосының директоры,
Қазақстан Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты