Қоғам • 18 Қараша, 2021

Жас мамандарға қолдау қажет

251 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына жолдама алған әрбір түлек, төрт жыл аяқталған соң, оқыған мамандығы бойынша оңтайлы жұмыс таба аламын ба деп ойланатыны анық. Тарам-тарам жолдардан таңдаған мамандығыңа қарай қызмет табыла қалса жақсы ғой. Әйтпесе, жоғары білімі бар жастардың да жұмыр басын сүйретіп, жұмыс таппай жүргендері қаншама. Қаладан тәлім мен тәжірибе жинақтап, «Дипломмен – ауылға» аттанған азаматтар да бар.

Жас мамандарға қолдау қажет

Оларды мәжбүрлеу заңға да, заманға да қарсы шыққандық шығар. Талдау да, таңдау да өз еркің­де. Жаны қалаған жұмыс табылып, жұбайы қарсы болмағасын Жансая да осы бағдарлама арқы­лы Павлодар облысына қарай бет алған.

«Екі жыл астанадағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша магистратураны біті­ріп, қолыма дипломымды алып, «Дипломмен – ауылға» бағдар­ламасы бойынша Павлодар облысы Павлодар ауданының Лу­ганск ауылындағы Луганск жалпы орта білім беру мектебіне келдім. Мектеп директоры бір­ден құшақ жая қарсы алды. Дирек­тордың оқу-тәрбие ісі жөнін­дегі орынбасары лауазымына тағайындады. Сондай-ақ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 8-сынып оқушыларына сабақ жүргізіп келемін. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жастарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтермеақы мен бас­пана алуға жеңілдетілген несие ұсынады», дейді Ж.Сәрсенбаева.

Сонымен қатар ол мемлекеттік қолдау қаржылай ғана емес, рухани тұрғыдан демеу берушілердің де барын тілге тиек етті. 

«Менімен бірге осы жылы мектебімізге төрт жас маман жұмысқа орналасты. Бәрімізде мемлекет тарапынан беріліп жат­қан көтермеақыны бір ай ішінде алдық. Ай сайын аудан әкімі жас мамандарды жинап, жағдайларын біліп отырады. Ауылда жас ма­ман­дарға арналған жатақхана бар. Жатақханада барлық жағдай­лар (ыстық су, суық су, жуына­тын бөлме, т.с.с.) жасалған. Мек­теп­тің кәсіподақ бөлімінің төрайымы Салтанат Оразбайқызы мен бастауыш сынып әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Айнұр Теміржанқызы әрдайым біз сияқ­ты жас мамандарға қолдау көр­сетіп, білмеген тұстарымызды айтып отырады. Елбасы Н.Ә.Назар­баев өз сөзінде: «Қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек. Өйткені елді дағдарыс кезін­де асырайтын – ауыл. Ал ауыл­­да жұмыс болу үшін, ол қа­ла­ны асырай алу үшін жеке ша­руа­ларды, ауыл тұрғындарын, ша­­ғын шаруа қожалықтарын қай­­та қауымдастырып, біріктіру қажет», деген еді. Расында да, өз­деріне қажетті білімді игерген бүгінгі жастар оны ауылдың көркеюі үшін қолданса, еліміз­дің болашағы жарқын, ал жаста­рымыздың еңбегі еш кетпес еді деген үміттеміз», дейді біздің кейіпкеріміз.

Жобаға жауапты Ұлттық экономика министрлігі өкілдеріне хабарласқанымызда, 2021 жылы 4,5 мың маманға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит беруге 20 млрд теңге жоспарланғанын жеткізді.

«Дипломмен – ауылға» жо­­ба­­сының шеңберінде 100 АЕК (291 700 теңге) біржолғы көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу үшін 1 500 АЕК-тен (4 375 500 теңге) аспайтын сомада бюджеттік кредит түрінде әлеу­меттік қолдау шаралары көзде­леді. 2021 жылы 4,5 мың маманға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит беруге 20 млрд теңге жоспарланған. 2021 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша 2,6 мың маманға 11,3 млрд теңге сомасында бюджеттік кредит берілді. 2020 жылдың шілдесінде әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін жобаға қатысушылар тізіміне ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері аппараттарының мем­лекеттік қызметшілері қосыл­ды. Әлеуметтік қолдау шарала­ры көбінесе ауылдық округтер әкімдері аппараттарының бас және жетекші мамандары­на бағдарланған», делінген минис­трліктің мәліметінде.

Елбасының 2007 жылғы 5 наурыздағы тапсырмасына сәйкес жобаны іске асыру ауыл­дық ел­ді мекендерге жұмыс істеу жә­не тұру үшін келген әлеу­мет­тік сала мамандарын қолдау­ға ба­­ғыт­талған. Әлеуметтік сала­да­ғы білікті мамандардың тап­шы­­лығы және ауылдық жерлерде білім беру, ме­ди­циналық және өзге де әлеу­мет­тік қызметтер сапасының қанағаттанғысыз болуы аталған тапсырмаға негіз болды. 2021-2023 жылдарға арнал­ған респуб­ликалық бюджетті қа­­лып­­­тасты­ру шеңберінде тұрғын үй­ге бюджет­тік кредит түрінде әлеу­меттік қолдау шараларын ұсы­­нуға жыл сайын 20 млрд тең­ге жоспарланған, бұл ретте өңір­лердің қажеттілігі шамамен 27 млрд теңге. Өткен жылдан бастап жобаға ауылдық (кенттік) округ әкімдіктерінің аппараттарында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілер енгізілді, бұл тиісін­ше мемлекеттік бюджеттің шығыс бөлігін ұлғайтады.

Аудандық маңызы бар кей­бір қалалардың халық саны, эко­номи­ка құрылымы бойынша ауылдық елді мекендерден ерекшеленбейтінін ескере оты­рып, олардың мәртебесін өзгер­ту қажеттілігі туындайды. Республика көлемінде халық саны бойынша өз мәртебесіне сәйкес келмейтін 13 қала бар (Ақмола – 3, Ақтөбе – 2, Шығыс Қазақстан – 2, Қарағанды – 1, Қызылорда – 1, Маңғыстау – 1, Солтүстік Қазақстан – 3). Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде Үкімет ауылдық аумақтар мен шағын қалалар бо­йынша ұлттық жобаны пысық­тауда. Ұлттық жобада әлеу­мет­тік және инженерлік инфра­құрылымды кешенді жаңғырту, шағын кре­дит беруді қоса алғанда, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау, қала құраушы кәсіпорындарды қолдау, шағын қалалардағы тұрғын үй құрылысы, нәтижелі жұмыспен қамтуды қолдау және шағын қалаларға қоныс аударуға жәрдемдесу және басқа да іс-шаралар көзделеді. Көрсетілген шаралар экономиканың жаңа секторларын дамытуға, шағын қа­ла­лардан халықтың көші-қон ағы­нын азайтуға, шағын қала­лар халқының өмір сүру сапасы мен әл-ауқаты деңгейінің өсуі­не ықпал ететін болады. Сон­дай-ақ аталған кешенді шаралар осы елді мекендердің кадрлық әлеуетін күшейтуге де мүмкіндік береді. Жоғарыда баяндалғанның негізінде аудандық маңызы бар қалаларға жұмыс істеу және тұ­ру үшін келетін мамандарға әлеу­меттік қолдау шараларын ұсы­ну мәселесі Ұлттық жобаны пы­сық­тау барысында қаралатын болады.

Білімді түлек білікті маманға айналары анық. Осы ретте оқу­ын аяқтап, ауылдың ахуалын жақ­сартуға ат салысамын деп ат­­­тан­ған әрбір жасқа қолдау көр­сету жергілікті басшылардың на­­за­рында болуға тиіс. Сон­да ға­на маман тапшылығы сияқты маңыз­­ды мәселе шешілері сөзсіз.