Оларды мәжбүрлеу заңға да, заманға да қарсы шыққандық шығар. Талдау да, таңдау да өз еркіңде. Жаны қалаған жұмыс табылып, жұбайы қарсы болмағасын Жансая да осы бағдарлама арқылы Павлодар облысына қарай бет алған.
«Екі жыл астанадағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша магистратураны бітіріп, қолыма дипломымды алып, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша Павлодар облысы Павлодар ауданының Луганск ауылындағы Луганск жалпы орта білім беру мектебіне келдім. Мектеп директоры бірден құшақ жая қарсы алды. Директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындады. Сондай-ақ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 8-сынып оқушыларына сабақ жүргізіп келемін. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жастарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтермеақы мен баспана алуға жеңілдетілген несие ұсынады», дейді Ж.Сәрсенбаева.
Сонымен қатар ол мемлекеттік қолдау қаржылай ғана емес, рухани тұрғыдан демеу берушілердің де барын тілге тиек етті.
«Менімен бірге осы жылы мектебімізге төрт жас маман жұмысқа орналасты. Бәрімізде мемлекет тарапынан беріліп жатқан көтермеақыны бір ай ішінде алдық. Ай сайын аудан әкімі жас мамандарды жинап, жағдайларын біліп отырады. Ауылда жас мамандарға арналған жатақхана бар. Жатақханада барлық жағдайлар (ыстық су, суық су, жуынатын бөлме, т.с.с.) жасалған. Мектептің кәсіподақ бөлімінің төрайымы Салтанат Оразбайқызы мен бастауыш сынып әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Айнұр Теміржанқызы әрдайым біз сияқты жас мамандарға қолдау көрсетіп, білмеген тұстарымызды айтып отырады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде: «Қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек. Өйткені елді дағдарыс кезінде асырайтын – ауыл. Ал ауылда жұмыс болу үшін, ол қаланы асырай алу үшін жеке шаруаларды, ауыл тұрғындарын, шағын шаруа қожалықтарын қайта қауымдастырып, біріктіру қажет», деген еді. Расында да, өздеріне қажетті білімді игерген бүгінгі жастар оны ауылдың көркеюі үшін қолданса, еліміздің болашағы жарқын, ал жастарымыздың еңбегі еш кетпес еді деген үміттеміз», дейді біздің кейіпкеріміз.
Жобаға жауапты Ұлттық экономика министрлігі өкілдеріне хабарласқанымызда, 2021 жылы 4,5 мың маманға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит беруге 20 млрд теңге жоспарланғанын жеткізді.
«Дипломмен – ауылға» жобасының шеңберінде 100 АЕК (291 700 теңге) біржолғы көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу үшін 1 500 АЕК-тен (4 375 500 теңге) аспайтын сомада бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шаралары көзделеді. 2021 жылы 4,5 мың маманға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит беруге 20 млрд теңге жоспарланған. 2021 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша 2,6 мың маманға 11,3 млрд теңге сомасында бюджеттік кредит берілді. 2020 жылдың шілдесінде әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін жобаға қатысушылар тізіміне ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері қосылды. Әлеуметтік қолдау шаралары көбінесе ауылдық округтер әкімдері аппараттарының бас және жетекші мамандарына бағдарланған», делінген министрліктің мәліметінде.
Елбасының 2007 жылғы 5 наурыздағы тапсырмасына сәйкес жобаны іске асыру ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген әлеуметтік сала мамандарын қолдауға бағытталған. Әлеуметтік саладағы білікті мамандардың тапшылығы және ауылдық жерлерде білім беру, медициналық және өзге де әлеуметтік қызметтер сапасының қанағаттанғысыз болуы аталған тапсырмаға негіз болды. 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру шеңберінде тұрғын үйге бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсынуға жыл сайын 20 млрд теңге жоспарланған, бұл ретте өңірлердің қажеттілігі шамамен 27 млрд теңге. Өткен жылдан бастап жобаға ауылдық (кенттік) округ әкімдіктерінің аппараттарында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілер енгізілді, бұл тиісінше мемлекеттік бюджеттің шығыс бөлігін ұлғайтады.
Аудандық маңызы бар кейбір қалалардың халық саны, экономика құрылымы бойынша ауылдық елді мекендерден ерекшеленбейтінін ескере отырып, олардың мәртебесін өзгерту қажеттілігі туындайды. Республика көлемінде халық саны бойынша өз мәртебесіне сәйкес келмейтін 13 қала бар (Ақмола – 3, Ақтөбе – 2, Шығыс Қазақстан – 2, Қарағанды – 1, Қызылорда – 1, Маңғыстау – 1, Солтүстік Қазақстан – 3). Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде Үкімет ауылдық аумақтар мен шағын қалалар бойынша ұлттық жобаны пысықтауда. Ұлттық жобада әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды кешенді жаңғырту, шағын кредит беруді қоса алғанда, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау, қала құраушы кәсіпорындарды қолдау, шағын қалалардағы тұрғын үй құрылысы, нәтижелі жұмыспен қамтуды қолдау және шағын қалаларға қоныс аударуға жәрдемдесу және басқа да іс-шаралар көзделеді. Көрсетілген шаралар экономиканың жаңа секторларын дамытуға, шағын қалалардан халықтың көші-қон ағынын азайтуға, шағын қалалар халқының өмір сүру сапасы мен әл-ауқаты деңгейінің өсуіне ықпал ететін болады. Сондай-ақ аталған кешенді шаралар осы елді мекендердің кадрлық әлеуетін күшейтуге де мүмкіндік береді. Жоғарыда баяндалғанның негізінде аудандық маңызы бар қалаларға жұмыс істеу және тұру үшін келетін мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мәселесі Ұлттық жобаны пысықтау барысында қаралатын болады.
Білімді түлек білікті маманға айналары анық. Осы ретте оқуын аяқтап, ауылдың ахуалын жақсартуға ат салысамын деп аттанған әрбір жасқа қолдау көрсету жергілікті басшылардың назарында болуға тиіс. Сонда ғана маман тапшылығы сияқты маңызды мәселе шешілері сөзсіз.