Аймақтар • 24 Қараша, 2021

Сүт өнімдеріне сұраныс жоғары

377 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанай облысында сүт өнімдерінің сыртқы сау­дадағы үлес салмағы артып келеді. Ай­мақ­та сүттен жасалған тауарларды экспорттап отырған екі бірдей ірі кәсіпорын бар. Оның бірі – Қостанайдағы «Деп» компаниясы болса, екіншісі – Рудный қаласындағы «Лидер-2010» серіктестігі.

Сүт өнімдеріне сұраныс жоғары

Рудный зауытында сүт өнім­дерінің 50-ден астам түрі шығарылады. Зауыт­тың өнді­ріс желілері толық авто­мат­тан­ды­рылған. Мұн­дағы заманауи техноло­гия­­­ның мүмкіндігі жоға­ры бол­­ғандықтан, кәсіпорын өнім­­дері бір айға дейін бұ­зыл­май сақталады. Бүгінде зауыт шы­ғаратын «Таң» сусыны мен ірім­шік, сүзбе сынды экологиялық таза өнімдер Ресейдің 10 шақты өңіріне саудаланады. Оның басым бөлігі шекараның арғы бетінде жатқан Орал аймағына экспортталады. Кәсіпорын басшысы Владимир Ширяевтің айтуынша, зауыт өнімдері еліміздің әр өңірінде орналасқан 6 мың­нан астам сауда орындарын­да сатылады.

– Сүтті облыстың әр өңі­рін­дегі фермерлерден, сүтті сиыр сауып отырған коо­перативтерден аламыз. Сақ­тап, салқындатып қоятын бірнеше қабылдау орнымыз бар. Мұның сыртында, таяу маңдағы бірнеше фермамен арнайы келісімге отырғанбыз. Олар күніне 17-18 тонна сапалы сүт жеткізіп тұрады. Сапалы шикізат – сапалы өнімнің негізі. Біздің тауардың басты ерекшелігі, химиялық қоспа қосылмайды, – деді В.Ширяев.

Кәсіпорында осыдан бір­не­ше жыл бұрын тағы бір жаңа желі іске қосылған. Бұл өндіріс көлемінің еселенуіне жол ашты. Ең бастысы, шы­ға­ры­ла­тын өнім барлық талапқа сай. Ішкі-сыртқы на­рықта бә­секелестікке төтеп бере ала­ды. Ал жаңа желінің іске қо­сылуы – қосымша жұ­мыс орын­дарының ашылуына мүм­кіндік берді. Руд­ный­дағы сүт өңдеу зауытында қазір екі жүздей адам еңбек етеді. Солардың бірі – сүттің сапасын қадағалап отыратын маман Алтынгүл Жүзжасарова.

– «Лидер-2010» кәсіпорны тәулігіне 500 литр сүт өңдеп, 50-ден астам өнім түрін шығарады. Зауыт жылына 7 мың тоннаға жуық өнім өнді­реді. Фермада сауылып, зауытқа келген сүттен бастап, сатылымға шығатын өнімнің бәрі технолог Людмила Мат­виен­­коның қолынан өтеді. Сүт қайнатылғаннан кейін, зиянды талшықтардан арылып құнары арта түседі, – деді маман.

Зауыт өнімдерінің сыртқы нарық­­тағы үлес салмағы биыл ­да жоғары. Облыстық ауыл шаруашылығы басқар­ма­­сының мәліметінше, соңғы 6 ай­дың ішінде жергі­лі­к­ті кә­сіп­орындар экспорт кө­ле­мін айтарлықтай ұлғай­тып отыр.

– Сыртқы нарыққа соңғы уа­қытта 2 мың 611 тонна сүт өнім­дері жөнелтілді. Бұл экс­порттың 62 пайызға өске­нін көрсетеді. Мысалы, был­тыр 1 613 тонна сүт өнімі экс­портталған болатын, – деді об­лыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасы маркетинг бөлі­мінің бас маманы Жанар Кәкімб­екова.

Қостанайда шығатын сүт өнім­­дері еліміздің басқа облыс­­тарында да өтімді. Биыл жыл ба­сынан бері жергі­лікті кәсіпорындар өзге өңірлерге мың жарым тон­наға жуық сүт өнімін жөнелткен. Жергілікті сүт тауар­ларын өндірушілерге мем­лекет тарапынан да үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Ішкі нарықтағы импортты азай­тып, жергілікті өнімнің көле­мін арттыру мақсатында Қос­танай облысында сары май, қатты ірімшік, құрғақ сүт өңдеп шығаратын кәсіп­орын­дарға қомақты демеу­қар­жы қарастырылған.

 

Қостанай облысы