Рудный зауытында сүт өнімдерінің 50-ден астам түрі шығарылады. Зауыттың өндіріс желілері толық автоматтандырылған. Мұндағы заманауи технологияның мүмкіндігі жоғары болғандықтан, кәсіпорын өнімдері бір айға дейін бұзылмай сақталады. Бүгінде зауыт шығаратын «Таң» сусыны мен ірімшік, сүзбе сынды экологиялық таза өнімдер Ресейдің 10 шақты өңіріне саудаланады. Оның басым бөлігі шекараның арғы бетінде жатқан Орал аймағына экспортталады. Кәсіпорын басшысы Владимир Ширяевтің айтуынша, зауыт өнімдері еліміздің әр өңірінде орналасқан 6 мыңнан астам сауда орындарында сатылады.
– Сүтті облыстың әр өңіріндегі фермерлерден, сүтті сиыр сауып отырған кооперативтерден аламыз. Сақтап, салқындатып қоятын бірнеше қабылдау орнымыз бар. Мұның сыртында, таяу маңдағы бірнеше фермамен арнайы келісімге отырғанбыз. Олар күніне 17-18 тонна сапалы сүт жеткізіп тұрады. Сапалы шикізат – сапалы өнімнің негізі. Біздің тауардың басты ерекшелігі, химиялық қоспа қосылмайды, – деді В.Ширяев.
Кәсіпорында осыдан бірнеше жыл бұрын тағы бір жаңа желі іске қосылған. Бұл өндіріс көлемінің еселенуіне жол ашты. Ең бастысы, шығарылатын өнім барлық талапқа сай. Ішкі-сыртқы нарықта бәсекелестікке төтеп бере алады. Ал жаңа желінің іске қосылуы – қосымша жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік берді. Рудныйдағы сүт өңдеу зауытында қазір екі жүздей адам еңбек етеді. Солардың бірі – сүттің сапасын қадағалап отыратын маман Алтынгүл Жүзжасарова.
– «Лидер-2010» кәсіпорны тәулігіне 500 литр сүт өңдеп, 50-ден астам өнім түрін шығарады. Зауыт жылына 7 мың тоннаға жуық өнім өндіреді. Фермада сауылып, зауытқа келген сүттен бастап, сатылымға шығатын өнімнің бәрі технолог Людмила Матвиенконың қолынан өтеді. Сүт қайнатылғаннан кейін, зиянды талшықтардан арылып құнары арта түседі, – деді маман.
Зауыт өнімдерінің сыртқы нарықтағы үлес салмағы биыл да жоғары. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, соңғы 6 айдың ішінде жергілікті кәсіпорындар экспорт көлемін айтарлықтай ұлғайтып отыр.
– Сыртқы нарыққа соңғы уақытта 2 мың 611 тонна сүт өнімдері жөнелтілді. Бұл экспорттың 62 пайызға өскенін көрсетеді. Мысалы, былтыр 1 613 тонна сүт өнімі экспортталған болатын, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы маркетинг бөлімінің бас маманы Жанар Кәкімбекова.
Қостанайда шығатын сүт өнімдері еліміздің басқа облыстарында да өтімді. Биыл жыл басынан бері жергілікті кәсіпорындар өзге өңірлерге мың жарым тоннаға жуық сүт өнімін жөнелткен. Жергілікті сүт тауарларын өндірушілерге мемлекет тарапынан да үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Ішкі нарықтағы импортты азайтып, жергілікті өнімнің көлемін арттыру мақсатында Қостанай облысында сары май, қатты ірімшік, құрғақ сүт өңдеп шығаратын кәсіпорындарға қомақты демеуқаржы қарастырылған.
Қостанай облысы