Ауыл • 24 Қараша, 2021

Малға кесел қайдан келді?

2831 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қостанай облысының Жанкелдин ауданына қарасты Албарбөгет ауылдық округінде мал жаппай ауырып, алды өліп жатыр. Мәселен, Көкалат ауылының маңындағы Сор қонысында отырған «Айдос» шаруа қожалығында осыдан үш күн бұрын екі сиыр белгісіз кеселге шалдығып, бір күннің ішінде 600 бас сиырға ауру жұқтырған.

Малға кесел қайдан келді?

Жергілікті мал дәрігерлері ауырған сиырларға стоматит, яғни ауыз қуысында пайда болатын кеселге ұшыраған деген диаг­ноз қойып отыр.

– Қазір аурудың алдын алу, емдеу шараларымен айналысып жатырмыз. Бәрі жақсарды. Негізі стоматит деп отырмыз. Бицилин-5 дәрісін егіп, аузын марганец ері­тіндісімен шаю керек. Дәріні мал иелерінің өздері жеке-жеке алдыртып жатыр, – деді Көкалат ауылы­ның мал дә­рі­гері Сәрсенбай Жатқанов.

Мамандардың айтуынша, стоматит ауыз қуысында пайда болады. Мұнымен ауырған мал­дың аузынан сілекейі ағып, жем-шөпке қараудан қалады. Ал мал иелерінің біразы мұндай диагнозға күмәнді екенін айтады.

– Әрқайсымыз өзімізше ем жасап жатырмыз, бірақ жағдай сол қалпы. Өзгеріс жоқ. 15 бас ірі қарам бар, соның ішінен 5-6 бас ауырып тұр, миксоферон, бицилин-5 дәрілерін егіп жатырмын, бірақ жазылатын түрі жоқ. Еккеннен кейін аздап шөп жей бастады, бірақ оңалмай тұр. Жаппай ауырып жатыр ғой, – деді ауыл тұрғыны Амандық Төлеген.

Жергілікті жұрттың сөзіне қарағанда, ауылдық округ аума­ғында отырған ірілі-ұсақты шаруа қожалықтарының әрқайсында 50, 300, 400 бастан ауырып жатыр.

– Мал дәрігерлері келіп қа­райды, қолдарында түгі жоқ, сыр­­тынан сылап-сипайды да ке­теді. Мал дәрігерлерінің қолынан іс келмесе, шаруаның қырын біл­месе, қолынан келетін адамға орнын босатып беруі керек қой. Ауруын жасырған өледі дейді. Мен бір-екі жерге шағымданып едім, шыны керек, жан-жақтан қысым күшейіп, мал баққаныма бір кінәлі, мал өлтіргеніме екі кі­нәлі болып жатырмын. Үкімет­тен алатын азғантай тиын-тебеніміз бар ғой, соны бұлдайды. Бос дүрлікпеңдер, мал жай ғана уланып қалған дейді. Ешқандай малдан талдау алып, сараптама жасап, қорытынды шығарған жоқ. Уланып қалғанын қайдан біледі? Соған таңмын. Кеше төрт бас ауыры­п тұр еді, бү­гін оған екі бас қосылды. Өлген бес сиырды көміп тастадық, – дей­ді Қа­рақоғадағы «Нұр» шаруа қожа­лығының өкілі Нұрсұлтан Садық.

Нұрсұлтанның айтуынша, табында жүріп кеселге ұшыраған малда құтыру ауруының белгі­лері байқалады. Ауру сиыр қарап тұ­рып бақташыға атылатын кө­­рінеді. Содан кейін аяғын баса алмай қалады да, аузынан сілекейі сорғалап, үш-төрт күн­нен соң өліп қалады.

Аудан тұрғыны Жұлдызай Аймағамбет 2007 жылы «Айдос» шаруа қожалығын ашып, мем­ле­кеттік бағдарламалардың қолда­уы­мен мал басын көбейтіп алған. Қазір бұл шаруашылық жылқы мен ұсақ малды қоспағанда, 700 бас ірі қара ұстап отыр.

– 700 бастың 600-і ауырып жатыр. Мал дәрігерлерін шақыр­ғаныма үш күн болды, ешкім келген жоқ. Қазір ауру малды өзіміз бөліп жатырмыз. Мен ау­сылға ұқсатсам, дәрігерлер ви­русты стоматит, яғни ауыз қуы­сының ауруы деп болмай жатыр. «Облысқа барамын» деп едім, «Ойбай, барма, шулатпа» дейді. Басында екі-ақ сиыр ауырып еді, қалғандарына бір-ақ күнде жұқты. Бой бермей жатыр. Аузынан су ағып, қызуы көтеріледі, дірілдейді. Үш күн бол­ды, әлсіреп барады. Бәлен миллионға дәрі әкелдім, енді дә­рігерлерді күтіп отырмын. Аусыл­ға қарсы дәрі біз жаққа бө­лінбеген дейді. Осы себепті дұрыс диагноз қой­май отыр ма, соны түсіне алмай жатырмын, – деді шаруа қо­жа­лығының басшысы.

Жұрттың біразы Торғай өңі­рінде жаздай жаңбыр жаумай қуаңшылық болды, мал таяуда жау­ған қардан кейін шыққан улы шөпті жеп қоюы мүмкін деп болжайды.

Албарбөгет ауылдық окру­гіндегі жеке тұрғындардың қолын­дағы ауру малдың кейбірінің беті бері қарай бастаған.

– Қазір шүкір, интернеттен қарап, дәрі егіп, малдың аузын жуып жатқанымызға біраз болды. Ауылда 3-4 мал дәрігері бар. Соның ішінде Мақсат Оразұлы есімді ветеринар біздің көшеге таңертең келгеннен үйіне кешке бір-ақ қайтады. Айтқан бетте жетіп келіп, малдың бәрін егіп, қолынан келген емін жүргізіп, екпе жасады. Осы жігіттің көп көмегі тиіп жатыр. Қазір мал­дың сілекейі тоқтады, – деді Көк­алатта тұратын Айса есімді азамат.

Облыстық ветеринария бас­қармасы басшысының орынбасары Бауыржан Бекетке хабарласып едік, одан Жангелдин ауданына басқарма басшысының кеткенін естідік.

– Басқарма басшысы аудан­дағы ветеринар мамандармен бірге мал шаруашылықтарына барып, ауырған малды өз көзімен көріп, біледі. Кеселдің алдын алу үшін профилактикалық ем-шара жүргізіліп, дәрі егіледі. Ал ауырған малдың өлгендері болса, одан материал алып зертханаға жібереміз. Нақты диагноз содан кейін анықталады, – деді Б.Бекет.

Тұрмысы төрт түлікке байлаулы Жангелдин ауданының тұрғындары малмен ғана күн көріп отыр. Биыл қуаңшылықтан әзер шығып, енді малын сата алмай отырған қарапайым жұрт осылайша жығылғанға жұдырықтың кебін киіп жатыр. Малы белгісіз кеселге шалдығып, көлденең кесапатқа тап болған шалғай ауыл тұр­ғындарының айтуынша, Тор­ғай өңіріндегі ірі қара малына бір реттік кешенді ем шараларын жүргізбесе болмайды.

 

Қостанай облысы