Жергілікті мал дәрігерлері ауырған сиырларға стоматит, яғни ауыз қуысында пайда болатын кеселге ұшыраған деген диагноз қойып отыр.
– Қазір аурудың алдын алу, емдеу шараларымен айналысып жатырмыз. Бәрі жақсарды. Негізі стоматит деп отырмыз. Бицилин-5 дәрісін егіп, аузын марганец ерітіндісімен шаю керек. Дәріні мал иелерінің өздері жеке-жеке алдыртып жатыр, – деді Көкалат ауылының мал дәрігері Сәрсенбай Жатқанов.
Мамандардың айтуынша, стоматит ауыз қуысында пайда болады. Мұнымен ауырған малдың аузынан сілекейі ағып, жем-шөпке қараудан қалады. Ал мал иелерінің біразы мұндай диагнозға күмәнді екенін айтады.
– Әрқайсымыз өзімізше ем жасап жатырмыз, бірақ жағдай сол қалпы. Өзгеріс жоқ. 15 бас ірі қарам бар, соның ішінен 5-6 бас ауырып тұр, миксоферон, бицилин-5 дәрілерін егіп жатырмын, бірақ жазылатын түрі жоқ. Еккеннен кейін аздап шөп жей бастады, бірақ оңалмай тұр. Жаппай ауырып жатыр ғой, – деді ауыл тұрғыны Амандық Төлеген.
Жергілікті жұрттың сөзіне қарағанда, ауылдық округ аумағында отырған ірілі-ұсақты шаруа қожалықтарының әрқайсында 50, 300, 400 бастан ауырып жатыр.
– Мал дәрігерлері келіп қарайды, қолдарында түгі жоқ, сыртынан сылап-сипайды да кетеді. Мал дәрігерлерінің қолынан іс келмесе, шаруаның қырын білмесе, қолынан келетін адамға орнын босатып беруі керек қой. Ауруын жасырған өледі дейді. Мен бір-екі жерге шағымданып едім, шыны керек, жан-жақтан қысым күшейіп, мал баққаныма бір кінәлі, мал өлтіргеніме екі кінәлі болып жатырмын. Үкіметтен алатын азғантай тиын-тебеніміз бар ғой, соны бұлдайды. Бос дүрлікпеңдер, мал жай ғана уланып қалған дейді. Ешқандай малдан талдау алып, сараптама жасап, қорытынды шығарған жоқ. Уланып қалғанын қайдан біледі? Соған таңмын. Кеше төрт бас ауырып тұр еді, бүгін оған екі бас қосылды. Өлген бес сиырды көміп тастадық, – дейді Қарақоғадағы «Нұр» шаруа қожалығының өкілі Нұрсұлтан Садық.
Нұрсұлтанның айтуынша, табында жүріп кеселге ұшыраған малда құтыру ауруының белгілері байқалады. Ауру сиыр қарап тұрып бақташыға атылатын көрінеді. Содан кейін аяғын баса алмай қалады да, аузынан сілекейі сорғалап, үш-төрт күннен соң өліп қалады.
Аудан тұрғыны Жұлдызай Аймағамбет 2007 жылы «Айдос» шаруа қожалығын ашып, мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен мал басын көбейтіп алған. Қазір бұл шаруашылық жылқы мен ұсақ малды қоспағанда, 700 бас ірі қара ұстап отыр.
– 700 бастың 600-і ауырып жатыр. Мал дәрігерлерін шақырғаныма үш күн болды, ешкім келген жоқ. Қазір ауру малды өзіміз бөліп жатырмыз. Мен аусылға ұқсатсам, дәрігерлер вирусты стоматит, яғни ауыз қуысының ауруы деп болмай жатыр. «Облысқа барамын» деп едім, «Ойбай, барма, шулатпа» дейді. Басында екі-ақ сиыр ауырып еді, қалғандарына бір-ақ күнде жұқты. Бой бермей жатыр. Аузынан су ағып, қызуы көтеріледі, дірілдейді. Үш күн болды, әлсіреп барады. Бәлен миллионға дәрі әкелдім, енді дәрігерлерді күтіп отырмын. Аусылға қарсы дәрі біз жаққа бөлінбеген дейді. Осы себепті дұрыс диагноз қоймай отыр ма, соны түсіне алмай жатырмын, – деді шаруа қожалығының басшысы.
Жұрттың біразы Торғай өңірінде жаздай жаңбыр жаумай қуаңшылық болды, мал таяуда жауған қардан кейін шыққан улы шөпті жеп қоюы мүмкін деп болжайды.
Албарбөгет ауылдық округіндегі жеке тұрғындардың қолындағы ауру малдың кейбірінің беті бері қарай бастаған.
– Қазір шүкір, интернеттен қарап, дәрі егіп, малдың аузын жуып жатқанымызға біраз болды. Ауылда 3-4 мал дәрігері бар. Соның ішінде Мақсат Оразұлы есімді ветеринар біздің көшеге таңертең келгеннен үйіне кешке бір-ақ қайтады. Айтқан бетте жетіп келіп, малдың бәрін егіп, қолынан келген емін жүргізіп, екпе жасады. Осы жігіттің көп көмегі тиіп жатыр. Қазір малдың сілекейі тоқтады, – деді Көкалатта тұратын Айса есімді азамат.
Облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Бекетке хабарласып едік, одан Жангелдин ауданына басқарма басшысының кеткенін естідік.
– Басқарма басшысы аудандағы ветеринар мамандармен бірге мал шаруашылықтарына барып, ауырған малды өз көзімен көріп, біледі. Кеселдің алдын алу үшін профилактикалық ем-шара жүргізіліп, дәрі егіледі. Ал ауырған малдың өлгендері болса, одан материал алып зертханаға жібереміз. Нақты диагноз содан кейін анықталады, – деді Б.Бекет.
Тұрмысы төрт түлікке байлаулы Жангелдин ауданының тұрғындары малмен ғана күн көріп отыр. Биыл қуаңшылықтан әзер шығып, енді малын сата алмай отырған қарапайым жұрт осылайша жығылғанға жұдырықтың кебін киіп жатыр. Малы белгісіз кеселге шалдығып, көлденең кесапатқа тап болған шалғай ауыл тұрғындарының айтуынша, Торғай өңіріндегі ірі қара малына бір реттік кешенді ем шараларын жүргізбесе болмайды.
Қостанай облысы