Қазақстан • 08 Желтоқсан, 2021

Ел бірлігін егемендігіміздің туы етіп көтерді

3213 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ халқының басынан бағы тайған сан қилы тарихын, ұлт болашағының жарқын болуы, тәуелсіздігіміздің баянды болуы жолында отқа да, суға да түсіп жүріп қызмет еткен кездерін, басқа түскен барлық қиыншылықты мойымай көтерген күндерін, тағылымы мол тарихи істерін «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында жариялап отыр. Бұл – мақала Тәуелсіз елдің азат ұрпақтары мол сабақ алатын материал.

Ел бірлігін егемендігіміздің туы етіп көтерді

Кез келген елдің тарихында тәуел­сіз­дік оңай келе қойған жоқ. Тәуел­сіздік үлкен күреспен, қанмен келеді. «Азат еліміздің жастары тәуелсіздікке барар жолдың қандай азапты болғанын, қандай құрбандықтар мен сынақтар – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, азамат соғысы, ашаршылықтың алапат екі толқыны, қуғын-сүргін мен реп­рес­сиялар, Ұлы Отан соғысы, тың игеру жылдарындағы жаппай қоныс аударудың зардабы арқылы жеткені­мізді білуі керек. Мұның өзі өткен тарихты қастер­леп, одан сабақ алу үшін қажет. Менің «Тәуелсіздік – бабалар қанымен келген киелі құндылық» дейтінім осыдан», дейді Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлы «Тәуелсіздік тағы­лымы» мақаласында.

Қазақ халқы дәулеті асқан, сәу­леті тасы­ған дәуренді де, басынан бақ тай­ған, қан жылаған зар заман­ды да көрді. Моң­ғол, жоңғар шапқын­шы­лығы. Әсіресе Ресейге бодан бол­ған үш ғасыр­да, кеңестік империя құра­мындағы 70 жылда қазақ жаппай репрессияға ұшырады, қырылды, тари­хы табанға түсті, ар-ожданы тап­тал­ды. Қазақтың: «Елім-ай» деп қасі­рет шеккені, Қазтуған жыраудың: «Қайран да менің Еділім» деп қабырғасы сөгіл­гені, Бұқар жыраудың күңіренгені, «Еділді келіп алғаны – Етек­ке қолды салғаны, Жайықты келіп алға­ны – жағаға қолды салғаны» деп, Мұрат ақынның «Әдіра қалғыр Үш Қиян» деп күйзелетіні осы тұс еді.

Советтік Социалистік Республи­калар Одағы дейтұғын елде «Қазақ­пын» деп те, «Менің ана тілім – қазақ тілі» деп те айта алмадық, айтқызбады. Тіл де, дін де, тарих та, мәдениет те, салт-дәстүр де, әдет-ғұрып та, ата жо­лы да – бәрі де күйреді, ман­сұқ бол­ды. Елдің еңсесі түсті. Қатыгез­дік, са­мар­қаулық, жалқаулық, немқұрай­ды­лық, жағымпаздық, екіжүз­ділік етек алды. Көбі өтірік күлді, жалған сөй­­леді. Қазақтың ақылы мен санасын түгел абақтыға жапты. Қайсы бірі туған жер, өскен елді тастап кетуге мәж­бүр болды. Қазақ халқының кө­сем­дері мен игі жақсылары осылай әділет­сіз­діктің, қатыгездіктің құрбаны болды.

Осындай қиын жолдан өтіп, тәуелсіз­дікке қол жеткіздік.

Біз осы күнге арып-ашып, жадап-жүдеп, шаршап-шалдығып, талықсып, сең­дей соғылысып, тентек қойдай тең­селіп, ақылымыздан, жадымыздан, санамыздан айырыла жаздап жеттік. Шырғалаң, азапты жолдардан өттік, азаттық жолға әрең жеттік.

Сөйтіп, көз алдымызда жер де, ел де, адам да, қоғам да, заман да демде өзгерді. Ел есін жиды, етегін жапты, еңсесін көтер­ді. Егемен Қазақстан мемлекеті көш түзеді. Ұлы көшті Н.Ә.Назарбаев бастады.

Ел тізгінін қолға алған күннен бас­тап, мемлекеттің шекарасын белгілеп, құжат жүзінде бекітіп алу ең күрделі мәселенің бірі еді. Оны Елбасы мақа­лада былай баяндайды: «Жалпы ұзын­дығы 14 мың шақырымдық біздің ше­карамыздың барлық бойлығына қатыс­ты сындарлы келіссөздер үдерісін ұйым­­дастыру оңай міндет болған жоқ. Бұған басшылығы алғашқы күн­дер­ден-ақ біздің тәуелсіздігімізге, сон­дай-ақ ше­ка­рамызды нақтылау ісіне қолдау біл­дірген екі ұлы көршіміздің – Ресей мен Қытайдың арқасында қол жеткізіл­генін айта кетуім керек. Сөйтіп, Қазақ­станның Ресей Федерациясымен ара­дағы ұзындығы 7 500 шақырым болатын ортақ шекарасы достық пен сенім бел­деуіне айналды. ҚХР-мен шектес 1 700 шақырымдық шекарамыз бойынша да тарихи уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл жайт шекара мәселесі бойынша өзге де көршілес елдердің сындарлы ұстанымда болуына септігін тигізді. Біз Ресейдің және оның президенті В.В.Путиннің, Қытай басшылығының тарихымыздағы сол маңызды сәтте көрсеткен қолдауының әрдайым қадірін біліп, ризашылықпен есте ұстауға тиіспіз».

Н.Назарбаев ел тізгінін қолына алма­ғайып, аумалы-төкпелі, қиын кезеңде алды. Ел бірлігін егемен­дігіміздің туы етіп көтерді. Тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өтіп, халқын да қыл көпірден, жанып тұрған өрттен аман алып шықты.

Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды. Заман, қоғам өзгерді, адам өзгер­­ді, ой-сана өзгерді; мемлекет­тігіміз қалып­тасты, экономикамыз нығайды, демократия орнықты, бізді әлем таныды.

Қазақстандағы демократияның озық үлгісінің бірі – Елбасы Н.Назар­баев­тың өзі бас­қарып отырған ел тізгінін Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаевқа табыстауы. Бұл оқи­ға әлем жұрт­шы­лы­ғының таңданысын туғы­зып, әлем қауымдастығына қазақ халқы­­ның ауыз­бірлігі мен саясаттағы сабақтас­­тықтың тағы бір қырын танытты.

Елбасы саясатының алтын арқауы, басты өзегі – ел бірлігі, елдің ын­тымағы. Қазіргі азат ұрпақ Тәуелсіз­діктің қадір-қасиетін ұғынып, елдің бірлігін сақтап, Қазақ елінің жарқын болашағы жолында аянбай еңбек етеді деп сенемін.

 

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері