Кез келген елдің тарихында тәуелсіздік оңай келе қойған жоқ. Тәуелсіздік үлкен күреспен, қанмен келеді. «Азат еліміздің жастары тәуелсіздікке барар жолдың қандай азапты болғанын, қандай құрбандықтар мен сынақтар – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, азамат соғысы, ашаршылықтың алапат екі толқыны, қуғын-сүргін мен репрессиялар, Ұлы Отан соғысы, тың игеру жылдарындағы жаппай қоныс аударудың зардабы арқылы жеткенімізді білуі керек. Мұның өзі өткен тарихты қастерлеп, одан сабақ алу үшін қажет. Менің «Тәуелсіздік – бабалар қанымен келген киелі құндылық» дейтінім осыдан», дейді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында.
Қазақ халқы дәулеті асқан, сәулеті тасыған дәуренді де, басынан бақ тайған, қан жылаған зар заманды да көрді. Моңғол, жоңғар шапқыншылығы. Әсіресе Ресейге бодан болған үш ғасырда, кеңестік империя құрамындағы 70 жылда қазақ жаппай репрессияға ұшырады, қырылды, тарихы табанға түсті, ар-ожданы тапталды. Қазақтың: «Елім-ай» деп қасірет шеккені, Қазтуған жыраудың: «Қайран да менің Еділім» деп қабырғасы сөгілгені, Бұқар жыраудың күңіренгені, «Еділді келіп алғаны – Етекке қолды салғаны, Жайықты келіп алғаны – жағаға қолды салғаны» деп, Мұрат ақынның «Әдіра қалғыр Үш Қиян» деп күйзелетіні осы тұс еді.
Советтік Социалистік Республикалар Одағы дейтұғын елде «Қазақпын» деп те, «Менің ана тілім – қазақ тілі» деп те айта алмадық, айтқызбады. Тіл де, дін де, тарих та, мәдениет те, салт-дәстүр де, әдет-ғұрып та, ата жолы да – бәрі де күйреді, мансұқ болды. Елдің еңсесі түсті. Қатыгездік, самарқаулық, жалқаулық, немқұрайдылық, жағымпаздық, екіжүзділік етек алды. Көбі өтірік күлді, жалған сөйледі. Қазақтың ақылы мен санасын түгел абақтыға жапты. Қайсы бірі туған жер, өскен елді тастап кетуге мәжбүр болды. Қазақ халқының көсемдері мен игі жақсылары осылай әділетсіздіктің, қатыгездіктің құрбаны болды.
Осындай қиын жолдан өтіп, тәуелсіздікке қол жеткіздік.
Біз осы күнге арып-ашып, жадап-жүдеп, шаршап-шалдығып, талықсып, сеңдей соғылысып, тентек қойдай теңселіп, ақылымыздан, жадымыздан, санамыздан айырыла жаздап жеттік. Шырғалаң, азапты жолдардан өттік, азаттық жолға әрең жеттік.
Сөйтіп, көз алдымызда жер де, ел де, адам да, қоғам да, заман да демде өзгерді. Ел есін жиды, етегін жапты, еңсесін көтерді. Егемен Қазақстан мемлекеті көш түзеді. Ұлы көшті Н.Ә.Назарбаев бастады.
Ел тізгінін қолға алған күннен бастап, мемлекеттің шекарасын белгілеп, құжат жүзінде бекітіп алу ең күрделі мәселенің бірі еді. Оны Елбасы мақалада былай баяндайды: «Жалпы ұзындығы 14 мың шақырымдық біздің шекарамыздың барлық бойлығына қатысты сындарлы келіссөздер үдерісін ұйымдастыру оңай міндет болған жоқ. Бұған басшылығы алғашқы күндерден-ақ біздің тәуелсіздігімізге, сондай-ақ шекарамызды нақтылау ісіне қолдау білдірген екі ұлы көршіміздің – Ресей мен Қытайдың арқасында қол жеткізілгенін айта кетуім керек. Сөйтіп, Қазақстанның Ресей Федерациясымен арадағы ұзындығы 7 500 шақырым болатын ортақ шекарасы достық пен сенім белдеуіне айналды. ҚХР-мен шектес 1 700 шақырымдық шекарамыз бойынша да тарихи уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл жайт шекара мәселесі бойынша өзге де көршілес елдердің сындарлы ұстанымда болуына септігін тигізді. Біз Ресейдің және оның президенті В.В.Путиннің, Қытай басшылығының тарихымыздағы сол маңызды сәтте көрсеткен қолдауының әрдайым қадірін біліп, ризашылықпен есте ұстауға тиіспіз».
Н.Назарбаев ел тізгінін қолына алмағайып, аумалы-төкпелі, қиын кезеңде алды. Ел бірлігін егемендігіміздің туы етіп көтерді. Тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өтіп, халқын да қыл көпірден, жанып тұрған өрттен аман алып шықты.
Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды. Заман, қоғам өзгерді, адам өзгерді, ой-сана өзгерді; мемлекеттігіміз қалыптасты, экономикамыз нығайды, демократия орнықты, бізді әлем таныды.
Қазақстандағы демократияның озық үлгісінің бірі – Елбасы Н.Назарбаевтың өзі басқарып отырған ел тізгінін Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа табыстауы. Бұл оқиға әлем жұртшылығының таңданысын туғызып, әлем қауымдастығына қазақ халқының ауызбірлігі мен саясаттағы сабақтастықтың тағы бір қырын танытты.
Елбасы саясатының алтын арқауы, басты өзегі – ел бірлігі, елдің ынтымағы. Қазіргі азат ұрпақ Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғынып, елдің бірлігін сақтап, Қазақ елінің жарқын болашағы жолында аянбай еңбек етеді деп сенемін.
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері