Пікір • 09 Желтоқсан, 2021

Өткенге шолу, келешекке бағдар

206 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы ел егемендігінің 30 жылдығы тұсындағы ой-толғауы ғана емес, өткенге шолуы, келешекке жасаған бағдары іспетті. Мақаланың өн бойында Н.Назарбаев «Тәуелсіздіктен тағылым алуымыз үшін не істеуіміз қажет?» деген сұраққа жауап іздейді, осы маңызды сауал төңірегінде туған халқымен ой бөліседі.

Өткенге шолу, келешекке бағдар

Мақалада Тұңғыш Прези­дент егемен еліміздің ең бас­ты байлығы адам екенін атап көрсет­кен. «Мемлекетіміздің тірегі де, алтын діңгегі де – Қазақ­стан халқы. Мен бойым­дағы қуат, қызметімдегі тәжіри­бе, ойымдағы нәр – бәрі-бәрін халқыма қызмет етуге жұмсап келемін», дейді мақала авторы.

Тәуелсіздіктің 30 жылы біз үшін үлкен сынақ пен тәжі­рибеге толы кезең болғаны сөзсіз. Біз осы жылдарда талай рет басымызды бәйгеге тіктік, бодандық құрсауынан толық шығу үшін рухани жаңғыруды бастан өткердік. Ең бастысы, біз осы уақыт ішінде талай тәуекел арқылы ше­ка­расын шегендеген, ел іргесін бү­тіндеген мемлекетке айналдық.

Тұңғыш Президент мақала­сында ел тарихындағы елеулі саяси оқиғалардың бірі – 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен тұңғыш президенттік сайлау туралы ойын жазған. Тұңғыш өткізілген осы сайлауда 98 па­йыздан астам халық Нұрсұлтан Әбішұлына сенім артып, қолдау білдірген еді. «Бұл маған қанат бітіріп, еркін қимылдауыма жол ашты», деп еске алады сол күнді Елбасы.

Мақала авторы ерекше тоқ­тал­ған айтулы күннің екіншісі – 1991 жылдың 14 желтоқсаны. Дәл сол күні Жоғарғы Кеңестің 12-шақырылған 7-сессиясының талқылауына «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң шыға­рылған болатын. Мен тәуел­сіздік туралы заңды қабылдаған XII ша­қырылған Қазақстан Жоға­ры Кеңесі депутаты едім. Н.Ә.Назар­баевтың «Тәуелсіздік  тағылымы» атты мақаласында айтылғандай, тәуелсіздік туралы конституциялық заңды қабылдау кезінде айтыс-тартыс аз болмады. Әлі есімде, заң жобасының кіріспесіндегі «Қазақ халқының өзін-өзі билеу құқын растай отырып» деген сөйлемнен «қазақ» деген сөзді алып тастау керек деген кейбір депутаттардың пікі­рін талқылаудың өзі біраз­ға созылды. Ақыры ол сөз кіріс­педе қалдырылды. Біраз депутат­тар мұнан да әріге барып, ма­қалада айтылғандай «Ертең Қазақ­стандағы 17 млн халықтың жартысына жуық орыс халқы бөтен мемлекетте қалып жүрмей ме? Біз кімнен егемендік алмақпыз? Орыс империясының орнына қазақ империясын орнатқымыз келе ме?» деген сияқты қитұрқы сөздерімен басқа депутаттардың көңілін алаңдатумен болды. Заң жобасын талқылау үш күнге созылды. 14 желтоқсанда заң жобасы қызу талқыланған түскі үзіліске дейін 30 депутат сөйлеп, заң жобасының редакциясын дайындау туралы 16 адамнан комиссия құрылды. 16 желтоқсанда комиссия ұсынған заң жобасы талқыланып, 48 депутат шығып өз ұсыныстарын айтты. Бұл күнгі Жоғарғы Кеңес оты­рысына Президент Н.Ә.На­зарбаев қатысып, үш рет сөз сөйлеп, депутаттардың ор­тақ мәмілеге келуіне зор ық­пал етті. Мемлекетіміздің тәуел­сіздік мәселесін заңдық тұрғы­дан бекітіп беретін бұл құ­жат­тың басым дауыспен қабыл­дануы шын мәнісінде үлкен жетістік еді. Елбасының сөзімен айтсақ, «Бұл бәріміз көптен күткен айшықты мезет, тарихи оқиға еді. Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Алдын ала ойластырумен, зор ұйым­дастырушылықпен, қапысыз дайындықпен жүзеге асты». Сөз ретіне қарай тәуелсіздікті, еге­мендікті баянды ететін заң­дар қабылдаудың оңайға түспегенін айта кеткен жөн. Күн тәртібінде республиканың егемендігіне байланысты мәселелер қозға­ла бастаса-ақ өре түрегеліп, әлдеқандай бір апатқа  тап болатындай мінез танытып, өрекпіп кететін депутаттар басым еді. Ондай халық қалаулылары дау­рықпалыққа салынып, күн тәртібіне қойылған мәселеден қандай да бір астар іздеп, әріп­тес­т­ерін мезі қылатын. Мұ­ның өзі егемендігіміз үшін ауа­дай қажет заңдардың дер кезінде қабылдануына айтар­лық­тай кедергі келтірді. Міне, осындай қиын жағдайда Н.Ә.Назар­баевтың қандай да бір мәселеге байланысты болсын, дәлел­ді де тегеурінді пікірлері депутат­тық корпустағы Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Сұлтан Сартаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Жолдасбеков, Өмірбек Байгелді, Оралбай Әбдікәрімов  және басқа да депутаттардың ойларымен астасып, оң шешімін тауып жатты. Соның нәтижесінде республикамыздың егемендігін баянды ететін көптеген заң дер кезінде қабылданып, өмір­ге жолдама алды. Қазір сол кезде осындай заңдардың қабыл­дануына қарсы дауыс берген депу­таттар санының едәуір бол­ғанына адамдардың көбі сенбеуі мүмкін. Бірақ ол солай болды. Біз оны көзімізбен көрдік.

Рас, егемендіктің елең-алаң ша­ғында еліміз талай сая­си, әлеу­меттік-экономикалық қиын­дықтармен бетпе-бет келді. Осын­дай сын сәттен сүрінбей өту үшін бізге ертеңге – сенім, төзім мен сабырлық, ең бастысы ел ішіндегі тыныштық қажет еді. Мұны сол кезде жан-тәнімен түсінген тұлғалардың бірі Елбасы болды.

«Тәуелсіздік тағылымы» – тәуелсіздіктің қадір-қасиетін тағы бір рет түсіндіріп беретін мақала. Мақалада тағылым алатын тұстар жеткілікті. Мәселен, Н.Ә.Назарбаев өз мақаласында 1989 жылдың мамыр-маусым айларында өткен КСРО Халық депутаттарының І съезінде Қазақстан Үкіметінің басшысы ретінде Одақ экономикасында орын алған мүшкіл жағдайға байланысты: «...біз бүгінде ел экономикасындағы шынайы жағдайды нақты білмейміз. Өздеріңіз ойлап көріңіздер: КСРО Мемлекеттік статистика комитетінің деректері бойынша елдегі азық-түлік өндірісі артқан, бірақ сөрелер бос. Жоспарлар орындалуда, ал экономика ахуалы нашарлап барады. Неге? Мұндай «негелер» тым көбейіп кетті. Түптің түбінде экономикадағы дағдарыстың қаншалықты тереңдеп кеткенін анықтап, оны еңсерудің айқын жолын табуымыз керек-ақ», деп сынағанын айтады. Міне, тағылым. Осыдын 30 жылдан астам бұрын айтқан көреген бас­шының сөздері бүгінде өзекті. Бүгінгі билік басындағы бас­­шылар бұл тағылымды тіке­лей басшылыққа алулары қажет.

Елбасы тәуелсіздікті тұғыр­лы ету тарихи таным мен ұлт­тық санаға байланысты екенін түсін­діріп береді. Осы жолда ен­дігі жерде келер ұрпақтың – жас­тардың жан аямай қыз­мет еткенін тілейді. Бізге ұлт бола­ша­ғының басты идеясын қалып­тастырып беретін мұн­дай мақа­лалар қажет. Өйт­кені «Тәуелсіздік тағылымында» ай­тылған ойлар мен тарихи дата­лар елдің есінен кетпейтін ма­ңыз­ды оқиғалар тізбегін тағы бір түзіп береді.

Берекеті кеткен елдің бола­шағы болмайтынын қарт тарих әуелден түсіндіріп келеді. Тәуелсіздіктен, өткен тарихымыздан алар тағылымымыз мол. Соның ең биігі, қастерлісі мен киелісі – ата-бабамыздың санғасырлық арманы болған тәуелсіздігіміздің қадірін білу!

 

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

қоғам қайраткері