Мақалада Тұңғыш Президент егемен еліміздің ең басты байлығы адам екенін атап көрсеткен. «Мемлекетіміздің тірегі де, алтын діңгегі де – Қазақстан халқы. Мен бойымдағы қуат, қызметімдегі тәжірибе, ойымдағы нәр – бәрі-бәрін халқыма қызмет етуге жұмсап келемін», дейді мақала авторы.
Тәуелсіздіктің 30 жылы біз үшін үлкен сынақ пен тәжірибеге толы кезең болғаны сөзсіз. Біз осы жылдарда талай рет басымызды бәйгеге тіктік, бодандық құрсауынан толық шығу үшін рухани жаңғыруды бастан өткердік. Ең бастысы, біз осы уақыт ішінде талай тәуекел арқылы шекарасын шегендеген, ел іргесін бүтіндеген мемлекетке айналдық.
Тұңғыш Президент мақаласында ел тарихындағы елеулі саяси оқиғалардың бірі – 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен тұңғыш президенттік сайлау туралы ойын жазған. Тұңғыш өткізілген осы сайлауда 98 пайыздан астам халық Нұрсұлтан Әбішұлына сенім артып, қолдау білдірген еді. «Бұл маған қанат бітіріп, еркін қимылдауыма жол ашты», деп еске алады сол күнді Елбасы.
Мақала авторы ерекше тоқталған айтулы күннің екіншісі – 1991 жылдың 14 желтоқсаны. Дәл сол күні Жоғарғы Кеңестің 12-шақырылған 7-сессиясының талқылауына «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң шығарылған болатын. Мен тәуелсіздік туралы заңды қабылдаған XII шақырылған Қазақстан Жоғары Кеңесі депутаты едім. Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында айтылғандай, тәуелсіздік туралы конституциялық заңды қабылдау кезінде айтыс-тартыс аз болмады. Әлі есімде, заң жобасының кіріспесіндегі «Қазақ халқының өзін-өзі билеу құқын растай отырып» деген сөйлемнен «қазақ» деген сөзді алып тастау керек деген кейбір депутаттардың пікірін талқылаудың өзі біразға созылды. Ақыры ол сөз кіріспеде қалдырылды. Біраз депутаттар мұнан да әріге барып, мақалада айтылғандай «Ертең Қазақстандағы 17 млн халықтың жартысына жуық орыс халқы бөтен мемлекетте қалып жүрмей ме? Біз кімнен егемендік алмақпыз? Орыс империясының орнына қазақ империясын орнатқымыз келе ме?» деген сияқты қитұрқы сөздерімен басқа депутаттардың көңілін алаңдатумен болды. Заң жобасын талқылау үш күнге созылды. 14 желтоқсанда заң жобасы қызу талқыланған түскі үзіліске дейін 30 депутат сөйлеп, заң жобасының редакциясын дайындау туралы 16 адамнан комиссия құрылды. 16 желтоқсанда комиссия ұсынған заң жобасы талқыланып, 48 депутат шығып өз ұсыныстарын айтты. Бұл күнгі Жоғарғы Кеңес отырысына Президент Н.Ә.Назарбаев қатысып, үш рет сөз сөйлеп, депутаттардың ортақ мәмілеге келуіне зор ықпал етті. Мемлекетіміздің тәуелсіздік мәселесін заңдық тұрғыдан бекітіп беретін бұл құжаттың басым дауыспен қабылдануы шын мәнісінде үлкен жетістік еді. Елбасының сөзімен айтсақ, «Бұл бәріміз көптен күткен айшықты мезет, тарихи оқиға еді. Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Алдын ала ойластырумен, зор ұйымдастырушылықпен, қапысыз дайындықпен жүзеге асты». Сөз ретіне қарай тәуелсіздікті, егемендікті баянды ететін заңдар қабылдаудың оңайға түспегенін айта кеткен жөн. Күн тәртібінде республиканың егемендігіне байланысты мәселелер қозғала бастаса-ақ өре түрегеліп, әлдеқандай бір апатқа тап болатындай мінез танытып, өрекпіп кететін депутаттар басым еді. Ондай халық қалаулылары даурықпалыққа салынып, күн тәртібіне қойылған мәселеден қандай да бір астар іздеп, әріптестерін мезі қылатын. Мұның өзі егемендігіміз үшін ауадай қажет заңдардың дер кезінде қабылдануына айтарлықтай кедергі келтірді. Міне, осындай қиын жағдайда Н.Ә.Назарбаевтың қандай да бір мәселеге байланысты болсын, дәлелді де тегеурінді пікірлері депутаттық корпустағы Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Сұлтан Сартаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Жолдасбеков, Өмірбек Байгелді, Оралбай Әбдікәрімов және басқа да депутаттардың ойларымен астасып, оң шешімін тауып жатты. Соның нәтижесінде республикамыздың егемендігін баянды ететін көптеген заң дер кезінде қабылданып, өмірге жолдама алды. Қазір сол кезде осындай заңдардың қабылдануына қарсы дауыс берген депутаттар санының едәуір болғанына адамдардың көбі сенбеуі мүмкін. Бірақ ол солай болды. Біз оны көзімізбен көрдік.
Рас, егемендіктің елең-алаң шағында еліміз талай саяси, әлеуметтік-экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келді. Осындай сын сәттен сүрінбей өту үшін бізге ертеңге – сенім, төзім мен сабырлық, ең бастысы ел ішіндегі тыныштық қажет еді. Мұны сол кезде жан-тәнімен түсінген тұлғалардың бірі Елбасы болды.
«Тәуелсіздік тағылымы» – тәуелсіздіктің қадір-қасиетін тағы бір рет түсіндіріп беретін мақала. Мақалада тағылым алатын тұстар жеткілікті. Мәселен, Н.Ә.Назарбаев өз мақаласында 1989 жылдың мамыр-маусым айларында өткен КСРО Халық депутаттарының І съезінде Қазақстан Үкіметінің басшысы ретінде Одақ экономикасында орын алған мүшкіл жағдайға байланысты: «...біз бүгінде ел экономикасындағы шынайы жағдайды нақты білмейміз. Өздеріңіз ойлап көріңіздер: КСРО Мемлекеттік статистика комитетінің деректері бойынша елдегі азық-түлік өндірісі артқан, бірақ сөрелер бос. Жоспарлар орындалуда, ал экономика ахуалы нашарлап барады. Неге? Мұндай «негелер» тым көбейіп кетті. Түптің түбінде экономикадағы дағдарыстың қаншалықты тереңдеп кеткенін анықтап, оны еңсерудің айқын жолын табуымыз керек-ақ», деп сынағанын айтады. Міне, тағылым. Осыдын 30 жылдан астам бұрын айтқан көреген басшының сөздері бүгінде өзекті. Бүгінгі билік басындағы басшылар бұл тағылымды тікелей басшылыққа алулары қажет.
Елбасы тәуелсіздікті тұғырлы ету тарихи таным мен ұлттық санаға байланысты екенін түсіндіріп береді. Осы жолда ендігі жерде келер ұрпақтың – жастардың жан аямай қызмет еткенін тілейді. Бізге ұлт болашағының басты идеясын қалыптастырып беретін мұндай мақалалар қажет. Өйткені «Тәуелсіздік тағылымында» айтылған ойлар мен тарихи даталар елдің есінен кетпейтін маңызды оқиғалар тізбегін тағы бір түзіп береді.
Берекеті кеткен елдің болашағы болмайтынын қарт тарих әуелден түсіндіріп келеді. Тәуелсіздіктен, өткен тарихымыздан алар тағылымымыз мол. Соның ең биігі, қастерлісі мен киелісі – ата-бабамыздың санғасырлық арманы болған тәуелсіздігіміздің қадірін білу!
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
қоғам қайраткері