Қазақстан • 24 Желтоқсан, 2021

Жарқын белес

1616 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласын қызыға, ерекше мән беріп оқып шықтық. Бірден айту керек, өте мазмұнды, тағылымды дүние.

Жарқын белес

Тіпті төл тарихымыздың қыс­қа да нұсқа энциклопе­дия­сы, егемен еліміздің шымыр да шынайы жылнамасы деуге болады. Оның үсті­не, Тәуелсіздігіміздің 30 жыл­дық мерейтойына орай жарық көргендігі мақаланың таным­дық, идеологиялық, тәрбиелік ма­ңызын одан бетер арттырып отыр. Онда кең көлемді экономикалық, әлеуметтік тал­дау жасалуымен қатар, қол жеткен табыстарымызға, рухани болмысымызға,  Қазақстан халқының бірлігі мен қоғам­дық тұрақтылығының орасан зор үлесіне тиісті баға берілді, алда­ғы уақытқа салиқалы бағыт-бағдар белгіленді. Ел­ба­­сының «Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адам­ның, аялаған қоғамның қолы­на тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебе­сі биік, абыройы асқақ Қазақс­тан­ның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екен­дігіне кәміл сенемін», деген тұжырымы әр қазақс­тан­дық­тың ойынан шыққан сөз дер едім.

Тамаша тағылымға тұнып тұрған, жас ұрпаққа тәрбие­лік мәні зор, мағыналы мақа­ла­ның өне бойында ұға білер көкірекке сәуле түсіретін шұ­ғы­­лалы тұстар аз емес. Алаш жұртының азаттық жолын­дағы қиян-кескі күресі, тәуел­сіздік жылдарындағы жалау­лы жеңістер мен жан сүйсінтер жетістіктер, Мәңгі­лік ел құру жолындағы асқа­ра­лы міндеттер көрініс тапқан. Тұғырымызды биіктететін тағ­ы­лымды жол бар. Сол жол­дың арнасын кеңейту, абыройлы биікке жеткізу бір адамның емес, байтақ елдің арқалар жүгі. Мың түрлі тағдырдың соққысын жесе де, ертеңгі күнге деген үміт оты көкірегінде алаулап тұратын біздің халқымыз бойындағы ғажайып қасиеттерінен еш уақытта арылған емес. Кешегі алмағайып күнде де ежелгі әдетінен танбады. Міне, осы уақытта Нұрсұлтан Әбішұлы қазаққа тән даналық пен даралықтың үлгісін көрсетіп, елі мен жерін қалай сүю керек­тігін ұқтыра білді. Бейне­леп айтқанда, айқын жол сілтер, нақты бағыт көрсетер темірқазық іспетті.    

Көлемді мақалада ай­тыл­­ған салмақты толғам­дар­дың барлығы көңілге аса қонымды әңгіме болды. Олардың бәріне тоқталу ша­ғын пікірімізде, әрине, мүмкін емес. Тәуелсіздік деген қасиетті де киелі ұғымның салтанат құруына үлес қосу барлық қазақстандықтардың парызы екендігіне баса назар аударылғаны қуан­тады. Өйткені бірлігі жарасқан қо­ғамы бар тәуелсіз мемлекет болуда мұның маңыздылығы ерекше.

Дегенмен, автордың бір терең тұжы­ры­мы туралы айтпай кетуге болмайды. Елбасы былай дейді: «Адамды қандай қиындықтан да аман алып шығатын құдірет еңбек екенін мен сәби кезімнен-ақ сезіндім. Кейінгі жастарға үнемі «Еңбек ет, отбасыңды асыра, еліңе қызмет қыл: өзің де табысты болып, Отаныңның да қуаты артады» дейтінім сондықтан». Бұл жалпы бар тіршіліктің күретамыры, негізі ретінде қабылданатын қағида деп ойлаймын. Аға ұрпақ өкілдері де, барлық деңгейдегі ардагерлер ұйымдары да өздерінің өмірлік тәжірибесіне, еңбек жолына сүйене отырып, осы қағиданы жастардың санасына сіңіру бойынша жұмыс жүргізіп келеді һәм жүргізе береді.

Елбасының бағдар­ла­ма­лық сипаты бар мақаласы Қазақстан қоға­мының алға жыл­жу процесіндегі кезекті жар­қын белес деп айтуға то­лық негіз бар.

 

Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,

Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы