Тіпті төл тарихымыздың қысқа да нұсқа энциклопедиясы, егемен еліміздің шымыр да шынайы жылнамасы деуге болады. Оның үстіне, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына орай жарық көргендігі мақаланың танымдық, идеологиялық, тәрбиелік маңызын одан бетер арттырып отыр. Онда кең көлемді экономикалық, әлеуметтік талдау жасалуымен қатар, қол жеткен табыстарымызға, рухани болмысымызға, Қазақстан халқының бірлігі мен қоғамдық тұрақтылығының орасан зор үлесіне тиісті баға берілді, алдағы уақытқа салиқалы бағыт-бағдар белгіленді. Елбасының «Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екендігіне кәміл сенемін», деген тұжырымы әр қазақстандықтың ойынан шыққан сөз дер едім.
Тамаша тағылымға тұнып тұрған, жас ұрпаққа тәрбиелік мәні зор, мағыналы мақаланың өне бойында ұға білер көкірекке сәуле түсіретін шұғылалы тұстар аз емес. Алаш жұртының азаттық жолындағы қиян-кескі күресі, тәуелсіздік жылдарындағы жалаулы жеңістер мен жан сүйсінтер жетістіктер, Мәңгілік ел құру жолындағы асқаралы міндеттер көрініс тапқан. Тұғырымызды биіктететін тағылымды жол бар. Сол жолдың арнасын кеңейту, абыройлы биікке жеткізу бір адамның емес, байтақ елдің арқалар жүгі. Мың түрлі тағдырдың соққысын жесе де, ертеңгі күнге деген үміт оты көкірегінде алаулап тұратын біздің халқымыз бойындағы ғажайып қасиеттерінен еш уақытта арылған емес. Кешегі алмағайып күнде де ежелгі әдетінен танбады. Міне, осы уақытта Нұрсұлтан Әбішұлы қазаққа тән даналық пен даралықтың үлгісін көрсетіп, елі мен жерін қалай сүю керектігін ұқтыра білді. Бейнелеп айтқанда, айқын жол сілтер, нақты бағыт көрсетер темірқазық іспетті.
Көлемді мақалада айтылған салмақты толғамдардың барлығы көңілге аса қонымды әңгіме болды. Олардың бәріне тоқталу шағын пікірімізде, әрине, мүмкін емес. Тәуелсіздік деген қасиетті де киелі ұғымның салтанат құруына үлес қосу барлық қазақстандықтардың парызы екендігіне баса назар аударылғаны қуантады. Өйткені бірлігі жарасқан қоғамы бар тәуелсіз мемлекет болуда мұның маңыздылығы ерекше.
Дегенмен, автордың бір терең тұжырымы туралы айтпай кетуге болмайды. Елбасы былай дейді: «Адамды қандай қиындықтан да аман алып шығатын құдірет еңбек екенін мен сәби кезімнен-ақ сезіндім. Кейінгі жастарға үнемі «Еңбек ет, отбасыңды асыра, еліңе қызмет қыл: өзің де табысты болып, Отаныңның да қуаты артады» дейтінім сондықтан». Бұл жалпы бар тіршіліктің күретамыры, негізі ретінде қабылданатын қағида деп ойлаймын. Аға ұрпақ өкілдері де, барлық деңгейдегі ардагерлер ұйымдары да өздерінің өмірлік тәжірибесіне, еңбек жолына сүйене отырып, осы қағиданы жастардың санасына сіңіру бойынша жұмыс жүргізіп келеді һәм жүргізе береді.
Елбасының бағдарламалық сипаты бар мақаласы Қазақстан қоғамының алға жылжу процесіндегі кезекті жарқын белес деп айтуға толық негіз бар.
Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы